Денсаулық

Қосымша салықты неге төлейміз?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында және 7 ақпандағы жаңа Үкіметтің отырысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз жұмысын сынға алып, қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру моделі жоқ екенін атап өтті.

«Ақ жол» демпартиясының фракциясы 2022 жылғы 13 сәуірдегі өз сауалында медициналық сақтандыру қоры бойынша проблема көтерді, өйткені салымшылар ӘМСҚ-дағы өз қаражатын бақылай алмайды, ал қор атауындағы «сақтандыру» ұғымы профанацияға айналды.

Сонымен қатар, «Ашық НҚА» порталында табысы 850 мың теңгеден асатын тұлғалар үшін МӘМС жарналарын бес есеге ұлғайту туралы заң жобасы орналастырылды. Олардың дерегі бойынша 2025 жылдан бастап бұл жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының 9 пайызын қамтиды және 502 мың адамға қатысты болады. Аталған порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат қана уақыт бөлінді. Бірақ бұл ретте жүздеген азамат бұған қарсы пікір білдірді, ал МӘМС бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдерінде ерекше наразылық туғызды.

Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидатына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды. Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан төлеуге міндетті болып шығады. Яғни жаман әдеті жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмек пен дәрігерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек.

Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адамдар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеушінің өз жарнасын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс. Әйтпесе олардың медициналық көмекке жүгінбестен ай сайын қорға төлейтін ақшасы үшінші тұлғалардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сонымен қатар қор оны өз қалауы бойынша пайдаланады.

Ақиқатында, бұл – сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ салықтарды ашық түрде пайдалану керек, ал МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және түбі жоқ «қара тесік».

Мұндай жағдайларда алдыңғы жүздеген миллиардтың қалай және неге жұмсалғанын түсінбей тұрып, қорға төлемдерді бес есе арттыру – қоғам үшін тым қымбат және бизнеске шамадан тыс жүктеме.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Мемлекет басшысының медициналық сақтандыру жүйесін реформалауға қатысты тапсырмаларын іске асыру кезінде «Ақ жол» фракциясы келесі ұсынысымызды ескеруді сұрайды:

  1. МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту.
  2. Медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру, осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерді енгізу.
  3. Азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шотын ашық және ерікті негізде дербестендіру.
  4. Әрбір азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеу.
  5. МӘМС сақтандыру және ынтымақтастық бөлімін бөлу.

Ерлан БАРЛЫБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button