Әлеумет

Ардагерлер ұрпақ тәрбиесіне атсалысады

Ұрпақ тәрбиесі, олардың бойындағы отансүйгіштік, патриоттық сезімді дамытудың ел іргесін берік етудегі маңызы зор. Сондықтан аға буын мен жас буынның арасындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтауда көптеген өнегелі істер атқарылады. Бүкіл қажыр мен қайратқа толы өмірін елорданы дамытуға арнап, бүгінде тек егде жастағылардың мәселесін шешіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың да тәрбиесін түзеуге атсалысып жүрген Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Астана қаласының құрметті азаматы Сансызбай ­Есіловпен осы тақырыптар аясында шағын сұхбат құрдық.

– Еңбек жолыңызды те­міржолда қарапайым жол монтерінен бастап, үлкен басшылық қызметтерге дейін көтерілдіңіз. Бүгінде білім мен білігіңізді, мол тәжірибеңізді Ардагерлер кеңесін басқару арқылы халықтың пайдасына жаратып келесіз. Елордада ардагерлердің қандай мәселелері ең өзекті?

– Басты мақсатымыз – қаладағы ардагер зейнеткерлердің құқығын қорғау. Шамамыз келгенше белсенді қарттардың басын біріктіріп, шақырып, мәселелерін шешуді көздейміз. Бүгінде қалада 128 мың зейнет­кер бар. Солардың 50 пайызы ғана бізге тіркелген. Соның бәрін біріктіретін 360-тан астам бастауыш ұйым жұмыс істейді. Әлі тағы да бастауыш ұйымдар ашу керек. Өткен жылдары біраз мәселелер көтерілді. Соны шешуге тырыстық. Бірінші мәселе, көпқабатты үйлерде тұратын үлкендер, кейбірі жалғыз қалған, бірқатарының балалары басқа жақта тұрады, кейбірі басқа облыстардан келген. Сондай жалғызілікті қарттарға араласып, құраласып отыратын орта керек деген мәселе айтылды. Ойлана келе сол қарттардың басын біріктіріп қана қоймай, уақытын қызықты, тиімді өткізетін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашып, жұмысын бастадық. Ең алғашқы орталық елордада «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінен ашылды. Басында өзіміз қаржыландырдық. Сондай орталықтар 4 ауданда бар. Тағы біреуін осы наурызда Нұра ауданында аштық. Қазір жақсы болды, зейнет жасындағы қарттар осы орталықтарға келіп дене шынықтырумен айналысады, ағылшын, қазақ тілдерін үйренеді, би, хор, ән, гимнастика сияқты үйірмелерге қатысады. Дүниеде қартайғанда жалғыз қалып, араласатын ортаң болмаса сол қиын. Ол жерге емханадан дәрігерлер де шақырылып, зейнеткерлердің денсаулығын бақылауда ұстайды. Екінші мәселе – қазір баланы да, ересектерді де бірдей қарайтын емхананың жалпы практикалық дәрігерлер алдына қарттардың жете алмауы, яғни кезек күтіп отыруға шамасы келмей, кетіп қалуы, содан ауруының асқынуы. Осы мәселені шешу үшін әкімдікпен, денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен сөйлесіп, арнайы өтініш ете жүріп, әр емханадан герантологиялық кабинеттер аштырдық. Мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина осы кабинеттердің жұмысымен таныстырып, оның маңыздылығын басшылыққа жете ұғындырды. Бұл кабинеттердің бүгінде бірі дұрыс, бірі нашар жұмыс істеуде. Ендігі мақсатымыз – зейнеткерлер арасында да бұрынғы мықты дәрігерлер көп, солардың басын қосып, аталған жұмыстарды өзіміз қадағалап, тиісті ұсыныстарымызды беру.

– Кеңес заманынан бастап еңбек етіп, Астана қаласы әкімінің орынбасары, қалалық мәслихаттың және Парламент Мәжілісінің депутаты болып қызмет атқардыңыз. Қазір сол билікте болған азамат ретінде бүгінгі биліктің қаланың қандай мәселелеріне ерекше назар аударғанын қалайсыз? Немесе қандай мәселелер назардан тыс қалып жатыр?

– Көп нәрсе айтылып, ол мәселелер шешімін тауып та жатыр. Медицина жайын айтайын. Ардагерлерді сауықтыру мақсатында бұрын Қатаркөлдегі бір санаторийде олар кезекпен екі жылда бір рет барып демалып қайтатын. Бірақ ол жерде барлық ауруға бірдей ем жүргізілмейді. Кейбір ауру түрлері бойынша қосымша дәрігерлер қажет етіледі. Осыған орай қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен кеңес құрамындағы зейнеткерлер еліміздегі басқа тағы 4 санаторийге жеңілдікпен барып демалып, ем алып қайтуы үшін қазір сондай демалу, сауықтыру орындары таңдалуда. Ол орталықтардың әрқайсысы әртүрлі аурулар бойынша емдеу-­сауықтырумен айналысады. Қариялар бойындағы дертіне қарай солардың біріне барып, емделу ақысының тек 20 пайызын ғана төлейді. Бұған ардагерлер қатты қуанып қалды. Ал мүгедектігі бар адамдар бұрыннан тегін ем алып қайтады.

– Бүгінгі жастарды ғаламтор тәрбиелеп, қолындағы телефоннан көз алмайтын болды. Осы кемшілікті жою үшін не істеуге болады?

– Біз қаладағы түрлі басқарма басшыларымен жағдай сұрасып, ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Әсіресе, Жастар саясаты басқармасымен тығыз жұмыс жүргізуге тырысамыз. Қазіргі басшысы Самат Ибраев деген жігітпен жолығып, жастар тәрбиесіне біз де қатысайық дедім, өздері де қалада 20 шақты аула клубын ашқан, біраз жұмыс­тар жүргізіп жатқан жастар ғой. Балалармен кездесулер ұйымдастырған кезде біздің қатарымыздағы кезінде беделді қызметтер атқарған білімді азаматтарды да шақырып, жастарға ақыл-кеңесімізді айтсақ, әсіресе патриоттық сезімді күшейту, дін мәселесін түсіндіруді жөн көреміз. Қазір жастардың ақ-қарасын ажыратпай жатып, түрлі діни ағымдардың жетегінде кетуі бізді қатты алаңдатады. Негізі кезінде бабаларымыз қабылдаған, өзіміздің ұлттық болмыс, салтымызбен астасып жатқан дін жолы – ең дұрысы. 1990 жылдары жан-жаққа есік ашылып, содан арабтар жастарымызды діни бағытта тегін оқытты да елге қайта жіберді, олар келіп алып жаппай үгіт-насихатты бастады. Бүгін соның зардабын тартып отырмыз. Әрі қарай өршімей тұрғанда осы мәселені қолға алуымыз керек. Бірінші оларды түсініп, діни ағымды қалай ұғып, не қорытып отырғанын анықтап, сосын барып, дұрыс жолды нұсқауымыз керек. Теріс діни ағымдар қазақшылықты көргісі, мойындағысы келмейді. Осыны жастарға түсіндіру жұмыстарына кіріссек дейміз.

– Қазіргі жастардың бойы­нан тағы қандай кемшіліктерді байқайсыз?

– Кезінде ауылды жүдетіп алдық. Ауылда баланы ата-ана, сосын сол ауыл тәрбиелейтін. Үлкендер не дейді, ұятқа қаламын ғой деген түсінік басым еді. Сәлем бермей жүгіріп өте шықсақ, ауыл адамдары сыбағамызды беретін. Олардың ұрысқанына да, шертіп жібергеніне де ләм-мим демейтін едік. Қазір қалада адамдар тұрғын үйдің кіреберісінде бір-бірімен амандаспайды. Көршісін де танымайды. Бұзақыларды тыныштандыру үшін полиция шақырады. Біз ауылда милицияны жылына бір рет көретінбіз. Бүгінгі балаларды телефон тәрбиелейді. Оларға өнегелі әңгіме айтатын қарттар азайып, ал көпті көрген ақсақал, әжелерді тыңдайтын құлақ кеміп барады. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзіміздің жоспарымызбен, қала басшылығы және басқа да құзырлы мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізіп, ұрпақ тәрбиесін жақсартуға барынша атсалысып кеткіміз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button