Әлеумет

Жолаушылар сенімін ақтаған

Қоғамдық көлік тізгіндеу – халықпен үнемі байланыста болуды талап ететін жауапты жұмыс. Арамызда жауапты қызметті абыроймен атқарып, бақытын осы істен тапқан жандар аз емес. Солардың бірі – елорданың №1 автобус паркінің жүргізушісі Дидар Молдабаев. Он екі жыл ішінде ол Астанадағы қоғамдық көліктің бірталайын басқарды.

Автобус артынан жан­ұшыра жүгіретіндерді сабырмен күтіп, ешкімнің көңілін қалдыр­май бәрін мінгестіріп алуға дайын Дидар Молдабаев бүгінде №22 бағдардағы автобусты жүргізеді. 37 жастағы кейіпкеріміздің бұл салаға келуі де қызық. Тараз қаласының тумасы елордаға көшпес бұрын жерлес досымен бірге жергілікті автопарк­те қызмет етіп жүрді. Алғашқыда кондуктор болып бастаған. Кейін досының ұсынысымен 2013 жылдың наурызында ат басын Астанаға бұрып, бірге тәжірибелік сынақтардан өтіп, №1 автобус паркінің қатарына қабылданады.

«Қоғамдық көлікті тізгіндеуіме отбасым да себепші» деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Себебі әкесі ұзақ жылдар бойы жүргізуші болған. Оның үстіне туған ағалары да осы саланы таңдаған екен. Өзінен жасы үлкен Мақсат пен Медет Молдабаевтар да – елордалық автобус жүргізушілері. Бірі №73 бағдарды жүргізсе, екіншісі №61 маршрутты тізгіндейді. Әке мен аға жолын қуған Дидар Молдабаев үшін өзі үлкен, іші кең қоғамдық көліктің рөлінде отыру өмірлік мақсатына айналады. Жұмысқа енді кіріскен 25 жасар жас жігіт әуелі 1998 жылғы автобустың бірін тізгіндеді. Арада жылдар өтіп, кәсібилігін көрсете білгеннен кейін 2015 жылдың желтоқсанында Iveco Citelis маркалы автобусқа ауысып, №9, 23, 10 маршруттың тізгінінде отырады. Тәжірибесі мол жүргізуші бүгінде Yutong автобусын жүргізеді. Осыдан он екі жыл бұрын жұмысқа орналасқан ол әлі күнге дейін автобус кабинасынан ажыраған емес.

Жұмыс кестесі тығыз. Таңғы алтыда автопаркке жетіп, диспетчерден жолдамасын алады, медициналық тексеруден өтіп барып, график бойынша жұмысқа кіріседі. Ең алғашқы рейске алты жарымда шығып, кешкі онға дейін жұмыс істейді. №22 автобусқа күн сайын жүздеген адам отырады. Экипажда осыншама өмір иесін тасымалдаған соң, жүргізуші мойнындағы жауапкершілік орасан. Дидар Молдабаев әр жолаушыны А-нүктесінен Б-нүктесіне дейін аман-есен жеткізу басты міндетім дейді. Басқа салаларда өзін сынап көрген ол «осы қызметім жаныма жақын» дейді.

«Қай қаланың қоғамдық көлігін тізгіндеймін десең, біріншіден, сол қаланы жетік білуің қажет. Астана секілді мегаполистерде қаншама жолаушы бар. Халықпен үнемі байланыста болғаннан кейін түрлі адамдар кезігеді. Бірі рақмет айтып, сәтті күн тілесе, енді бірі шу шығарып, сөзге келуге дайын-ақ тұрады. Мұндайда бастысы, сабырлық таныту керек. Кез келгенге қабақ шытпай, күліп қарасаң, күнің де дәл солай өтеді.

Мен жүретін маршрутта айта кететіні – жол мәселесі бар. Жаңа автобуспен күніне бірнеше мәрте шұңқыр жерлерден өтуге әрине, жаның ашиды. 1,5 миллион аса тұрғыны бар қалада жолақысын төлемейтін адамдар саны да азаймай келеді. Электронды төлем жүйесін кімдер өткізгенін экран арқылы көріп, есептеп, шамамен қаншасының төлегенін біліп отырамын. Мәселен, таңғы кептеліс уақытында қырық адам кірді десек, соның 7-8-і ғана төлеп жатады. Көлікке асыға мінген жолау­шылардың төлеуге асықпайтыны рас.

Көшеде өзге көлік жүргізушілері
тарапынан мәдениетсіз аса байқалмайды, сұранғанда өткізіп жіберетіндер көп, оның үстіне қазір Bus-lane жолағы да өте тиімді. Десе де, асығып-аптығатын жүргізушілер болады. Мұндайда мен жолымды кесіп алдыма шығып алатындарды өткізе беремін. Соларды жөніне жіберіп, 30 секунд жоғалтқаным апатты жағдай тудырғаннан әлдеқайда жақсы» дейді ол.

Өмірлік жолын жолаушы тасымалымен байланыстырған Дидар Молдабаев – екі ұл, екі қыз тәрбие­леп отырған көпбалалы әке. Кез келген саланы алға жылжытатын жастар болса, кейіпкеріміз автобус жүргізушісі боламын дейтін жастар өте сирек кездесетінін айтып қалды. Болашақ мамандарды осы салаға тартып, сүйікті ісін білікті жас буынға тапсыру – ендігі арманы.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button