Мәдениет

Салт-дәстүрлерді «сөйлеткен» кеш

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры «Тал бесіктен – Жер бесікке…» атты театрландырылған қойылым ұсынды. «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында өткен кеш қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына негізделген.

Ұлтымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігі сан түрлі салт-дәстүрлерге, отбасылық, тұрмыстық әдет-ғұрыптарға толы. Олардың барлығы рухани өмірімізде көрініс тауып, этникалық мәдениетімізді құрайды. Қойылым халық музыкасы мен ұлттық классика дәстүрлеріне негізделген. Қойылымда қазақ халқының даналығын, кеңпейілділігін, қонақжайлығын, философиясы мен дүниетанымын ашатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өзіндік кешені драматургиялық тұрғыда құрылған.

Хор әртістері ұлттық киімде, ұлттық нақыштағы сахнада өлеңдерді көркемдеп оқып, Дәулеткерейдің «Қамажай», «Қосалқа» (өңдеген Е.Коробейникова), «Қуырмаш» (өңдеген Ә.Әбдінұров) күйлерін, Е.Хасанғалиевтың «Келші, келші балашым» әнін, Құрманғазының «Балбырауын» (өңдеген Е.Абылай) күйін және хорға арналып өңделген қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Концертке Камералық хордың жеке орындаушылары Жұбаныш Зетова, Абылай Ерболат, Жандос Байбосынов, Әділ Сұлтан қатысты.

«Тал бесіктен – Жер бесікке…» театрландырылған қойылымы алғаш рет ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осыдан 2 жыл бұрын ұсынылып, көрермендер мен музыка сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова, дирижері – Данара Ташатова, концертмейстер – Гүлден Базыкен.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button