Саясат

Қатерді көбейтетін қадам

Әлем қауіпті қатерге қарай тағы да бір қадам ілгері басты. АҚШ 8 мамыр күні Иран ядролық келісімінен біржақты шешіммен шығатынын мәлімдеді. Мұны Американың Еуропа құрлығындағы Германия, Франция, Британия секілді одақтастары да, Еуропа одағы да оншалықты мақұлдай қойған жоқ. Бірақ мұны Вашингтон тарапынан жасалған кездейсоқ қадамға санауға да болмайтын еді. Бұған қарағанда, Тегеранның 2015 жылы қабылданған «Бірлескен жалпыға ортақ іс-әрекет жоспары» талаптарын орындауды жалғастыра беруге әзір екенін мәлімдеуі көпшілік үшін күтпеген оқиға болды.

Тегінде, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің сайлау алды науқаны кезінде-ақ бұл келісімді қатты сынға алған болатын. Ол мұны «барлық уақыттар ішіндегі ең нашар келісім» деп бағалап, одан біржақты бас­тамамен шығып кетуге немесе оған «айтарлықтай өзгеріс енгізіп, толықтыруға» уәде берген еді. Ал Тегеран бұған дейін Барак Обаманың әкімшілігімен және тағы бес елмен бірлесіп жасалып қойылған келісімнің шарттарына өзгеріс енгізуден ресми түрде бас тартты.
Негізінде, келісімнің ресми нұсқасы «Бірлескен жалпыға ортақ іс-әрекеттер жоспары» деп аталады. Ол Иранның ядролық қаруды таратпау режимін сақтауына кепілдік беру мақсатын көздейді. Ал Құрама Штаттар басында одан санкциялар саны қысқарған сайын уран өңдеуді біртіндеп азайтып, жоғары деңгейде өңделіп қойылған өнімді Атом энергиясы халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) бақылауында жоюды жүзеге асыруды талап еткен болатын. Бұған, әрине, Тегеран келіскен жоқ. Бұған қоса, оның уранды атом-электр стансалары үшін өндірістік не­гізде өңдеуіне шектеу 2025 жыл­ға дейін ғана салынған болатын. Демек, енді 7 жылдан кейін бұл тежеу де күшін жояды. Осының өзі АҚШ президентін бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүр еткен сияқты.
АҚШ сол бойда Ираннан қатаң сұралатын нәрселерінің тізімін тізіп берді. Онда ядролық қару мен континентаралық баллис­тикалық ракеталарды жасау­ға, ракета технологияларын «Хезболла», ХАМАС, «Талибан» және «Әл-Каида» іспеттес басқа тараптарға бермеу секілді талаптар бар. Вашингтон Ираннан бұдан бөлек, Израильді жойып жіберуге шақыруды тоқтатуды, Парсы шығанағында кемелердің еркін жүзуіне жол ашуды, Йемендегі ахуалды ушықтыра бермеуді және ондағы көтерілісші хуситтерге қару-жарақ беруді доғаруды, сондай-ақ АҚШ-қа қарсы кибершабуыл ұйымдас­тыруды қоюды талап етті. Америкалықтар ең соңынан Тегеранға адам құқығын сақтауды міндеттеді.
Әлбетте, Иран республикасы үшін АҚШ-тың ядролық келі­сімнен шығуы оның бұрынғы санкцияларына қайта оралуына алып баратынын білдіреді. Шынында, Вашингтон өзінің мәлім­демесін жариялаған бойда ендігі қадамның санкцияға оралу болғалы тұрғанын ашып айтты. Бұл ретте Трамп бұрынғы санкцияларды қалпына келтіріп қана қоя салмай, оны күшейте түсетінін де жеткізді. Ол мұны екі «пакет» көлемінде жасауға ниетті болып отыр. Бұлардың біріншісі 90 күнге есептелген. Оның барысында Тегеранға доллар сатып алуға, алтынмен және қымбат металдармен сауда жасауға, сондай-ақ өзінің графит, қалайы, болат және көмір секілді тауарларын сатуына тыйым салынады. Иран сол сияқты АҚШ-қа өзінің атақты кілемдері мен азық-түлік тауарларын сата алмайды. Екінші пакет 180 күнге созылады. Ол Иран өнеркәсібінің әртүрлі секторларын қамтиды. Бұлардың қатарында кеме құрылысы, мұнай және мұнай химиясы, сондай-ақ банк саласы бар. Соңғысы тек Иранның орталық банкісін ғана қамтымайды, сонымен бірге онымен әріптестік қызмет жасаған шетелдік банктерге де әсер етеді.
Алайда Тегеран мұның бәрін барынша салқынқандылықпен қабылдады. Иран президенті Хасан Роухани ең алдымен елдің ядролық келісімнен шықпайтынын жеткізді. Ол сонымен бірге уранды өндіріс мақсатында байы­туды кез келген уақытта шектеу­сіз жүргізуге көше алатынын да баяндады. Осыған орай, елдің сыртқы істер министрлігі келісімнің АҚШ-сыз қалай жүретінін бақылап көріп барып, жауапты қадамдар жасайтынын да білдірді.
Қалай дегенде де, АҚШ-тың бұлай аяқ астынан келісімнен шығып кетуі 10 жылдан астам уақыт талқыланып келген мәселеге едәуір қатты соққы болып тиді. Осыған байланысты 2003 жылы басталған келіссөздер бастапқыда Франция, Германия және Ұлыбритания тұрғысындағы «еуропалық үштік» және Иран форматында жүріп келді. 2006 жылы бұл диалогқа Ресей, АҚШ және Қытай қосылды. Нәтижесінде формат «6+1» формуласы кейпінде құрылды. Оның ұзаққа созылған жұмысының қорытындысы 2015 жылы «Бірлескен жалпыға ортақ іс-әрекеттер жоспары» болып өмірге келді. Келісім БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарымен бекітілді. Ал Қауіпсіздік кеңісінің, АҚШ пен Еуропа одағының Иранға салып келген санкциялары осы құжатпен алынып тасталды. Парсы елі бұған жауап ретінде өзінің ядролық бағдарламасын шектеп, оны халықаралық бақылаудың назарында жүргізуге міндеттеме алды. Осы ретте МАГАТЭ Иранның өз міндеттемесін бұлжытпай орындап келгенін де ұдайы мәлімдеп отырды.
Міне, осындай жағдайда Вашингтонның ядролық келісімнен өз бетінше шығып кетуі әлем мен аймақтағы ойыншыларды екі лагерьге бөліп тастап отыр. Оның бұл қадамын Израиль бірден құптап шыға келді. Бұл түсінікті де еді. Иранмен соңғы кездері үнемі қақтығыс жағдайында тұрған Тель-Авивтен басқаны күтуге болмайды. Тіпті Израиль тарапы Иран атом қаруы жолындағы ізденістерін құпия түрде жал­ғаст­ырып отыр деген мәлімет таратқан. Израиль ұшақтары 10 мамырда Сирия–Иран әскери күштерінің позицияларын ракеталармен атқылады. Бұл елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сондықтан Дональд Трамптың бұл шешімін батылдық деп бағалады. Мұндай ынтымақтастықты сондай-ақ Иранның аймақтағы қарсыластары – Сауд Арабиясы, БАӘ және Йемен де көр­сетті. Енді Сириядағы жағдай да өзгешелеу, басқаша сипат алуы мүмкін деседі сарапшылар.
Есесіне, қарсы жақтың әлеуе­ті бұлардан әлдеқайда күшті. Соның ішінде Ресей бұл әрекеті үшін Трампты қатты айыптады. Мәскеудің сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың кезекті мәрте көпшіліктің пікірімен санаспай, өз бетімен кетуін «халықаралық құқық нормаларын аяққа басып, жеке өзінің тар шеңбердегі мүддесін қорғау» ретінде бағалады. Сол сияқты БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш те жағдайдың мұндай сипат алып кетуіне айрықша алаңдаушылық танытты. Брюссельдің позициясын Еуропа одағының шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы уәкілі Федерика Могерини АҚШ-тың әрекетіне өкініш білдіру арқылы айқындап берді.
Иран келісімінің басқа қатысушылары – Ұлыбритания, Франция және Германия үшін де бұл қадам тек өкініш қана алып келген сияқты. Қалай дегенде де, аталмыш елдердің басшылары – премьер-министр Тереза Мэй, президент Эммануэль Макрон және канцлер Ангела Меркель бірлесе жасаған мәлімдемеле­рінде қалыптасқан жағдайға байланысты өздерінің алаң көңіл болып отырғандарын бүкпесіз ашық айтты.
Енді АҚШ-тың бұл әрекетінің соңы неге апарып соқтыруы мүмкін? Сарапшылар бұл жерде де Вашингтонның өзгенің қолымен от көсеп, Израильді Иранға қарсы айдап салуы мүмкін екенін айтады. Болмаса, парсы елі ядролық шектеуді өз еркімен алып тастады деген желеумен өзі соққы беруді бастауы ықтимал. Ал оның соңы неге апарып соқтыратыны белгісіз. Бұған дейін санкциялық режимді бұзды деген сылтаумен өзге елді «жазалауды» бастап кеткен АҚШ-тан бәрін күтуге болады. Осы орайда оның Иранмен операция жасағаны үшін немістің Deutsche Bank банкіне 250 миллион доллар айыппұл салғаны еске түсіп отыр. Ал француздың BNP Paribas банкі 2014 жылы тап осындай «күнәсі» үшін 8,9 млрд доллар көлемінде айыпқа бұйырылған болатын.
…Соңғы күндері байқалып отырған тағы бір өзгеріс АҚШ өз одақтастарына Иран мұнайын
сатып алмауды тапсырғаннан кейін әлем нарығындағы бағаның күрт көтеріле бастағаны да байқалып отыр.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button