Мәдениет

Қатыгез қоғам көрінісі

Белгілі әртіс, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының былтыр ашылған «28 THEATER» театры репертуарындағы шоқтығы биік туынды «Войцек» психологиялық драмасы астаналықтардың назарына ұсынылды. Неміс драматургы Георг Бюнхердің бұл пьесасын қазақ тіліне жазушы Өтен Ахмет аударды. Қоюшы режиссері – Дина Жұмабаева.

Аталмыш пьеса осыдан 180 жыл бұрын жазылған. Алайда арада қырық жыл өткенде барып қана алғаш жарияланады. Сөйте тұра, театр режиссерлері оған ХХ ғасырдың басында ғана назар аударды. Шығарма желісі бойынша драма ғана емес, кейіннен опера қойылып, бірнеше көркем фильм түсірілді.
Ал қазақ көрермендерін спектакль несімен тартады? Неге басқа емес, дәл осы пьеса таңдалды? Пенде дейтін бір аты бар адам баласы өз жаратылысынан ешқайда қаша алмайды. Біздің пайымдауымызша, туындының негізгі айтар ойы – осы. Әрине, ортаның да әсерін жоққа шығара алмаймыз. Жақсылыққа немесе керісінше жамандыққа сол ортадағы жағдай итермелеп жатады. Әлсіздік, мінезсіздік таныту деген тағы бар.
Азамат Сатыбалдының өзі сомдаған бас кейіпкер Франц Войцектің басындағы жағдайды көргенде оған аяушылық сезімі туады. Маңайына кілең адамгершіліктен жұрдай, аярлықпен қоса өзін одан биік көретін адамдар жиналған. Соның біріншісі Францтың сана-сезіміне сынақ жүргізген Доктор (Данияр Базарқұл) болса, екіншісі бас кейіпкердің сүйіктісі Марияны (Дина Зайытова) түзу жолдан тайдырған тамбурмажор (Асан Мәжит).


Войцектің өзі ешкімге зияны жоқ, бірақ үнемі қайда асығып жүретінін өзі білмейтін, жүйкесі әбден тозған адам. Оның бойындағы ең үлкен кемшілік – мінезсіздік. Қатыгез қоғамда оған орын жоқтай болып көрінеді. Соған қарамай, айналасындағы адамдар оны езіп, жаншуын қоймайды. Францтың сүйетіні де, сүйенетіні де жалғыз адам – Мария. Ақыры Марияның сатқындығына шыдамаған ол сүйіктісін өлтіріп, өзі де о дүниеге аттанады.
«28 THEATER» театры бұл спектакльге трагикомедия анықтамасын берген. Алайда шығарманы тамашалап отырып, күлетін ештеңе таба алмадық. Біздіңше, психологиялық драма деген анықтама дәл келеді. Анығы, бұл – көрермен қабылдауына ауыр қойылым.
«Спектакльге келген әр көрермен ойлануы керек. Театр көрерменнің жетегінде кетпеуі тиіс. Керісінше, өзіне қарай тартып, жетелеуі қажет. Сонда ғана театр өседі» дейді Азамат Сатыбалды.
Театр мамандары болса, «Войцек» кез келген фестивальге ұялмай апаратын туынды дейді. Алматыда өткен премьерада осындай ойды белгілі актер Досхан Жолжақсынов та айтты. Аудармашы Өтен Ахмет аталмыш шығарма алғашқы жолдарынан тартып әкеткенін, тосын иірімдерге толы туындыны қызығып аударғанын жеткізді.
«28 THEATER» осы спектакльмен Қазақстанды аралап шығу мақсатын қойып отыр. Астанадан кейін Қостанайға, Ақтөбеге бармақ. Одан соң Түркияға, Ресейге, ары қарай Лондон секілді Еуропаның үлкен қалаларына сапар шекпек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button