SportБасты ақпарат

Қазақ боксы, қайда барасың?

Сұрақты осылай төтесінен қоюға тура келіп тұр. Бұл туралы көптен жазғымыз келіп жүрген. Себебі бұдан 3-4 жыл бұрын қазақ боксы әлемдегі позициясын бере бастағандай болып көрінуші еді. Ал биылғы қыркүйек айының 1-інде Индонезияда Азия ойындарының шеңберінде аяқталған бокс бәсекесінің қорытындысы бұған көзімізді анық жеткізді. Содан бері де бұл туралы мамандардың не айтатынын күтіп біраз жүрдік. Бірақ ләм-мим деген ешкім бола қоймады…

Шынын айтқанда, қазақ боксының бет қараусыз құлдырауға бағыт алуы 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарының соңын ала басталған сияқты. Рас, сол байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, командалық есеп бойынша өзгелерден оқ бойы озып шықты. Соның ішінде Ілияс Сүлейменов (52 кг), Данияр Елеусінов (69), Жәнібек Әлімханұлы (75), Әділбек Ниязымбетов (81), Антон Пинчук (91) және Иван Дычко (+91) алтын медаль жеңіп алса, Біржан Жақыпов (49) – күміс, Қайрат Ерәлиев (56) қола медальға қол артты. Ал басты бәсекелесіміз – Өзбекстан құрама жамағаты екі күміс (Шахобиддин Зоиров – 52, Исроил Модримов – 69), екі қола (Ойбек Мамазулунов – 81, Мирзохид Абдуллаев – 91-ден ауыр) жүлдені ғана қанағат тұтты. Шамасы, осы талассыз жеңіс құрама басшылығы мен былғары қолғап шеберлерін тым масайратып жіберсе керек, осыдан бастап олардың дайындық деңгейлері күрт төмендеп кетті. Бұған бұдан кейінгі бәсті бәсекелердің бәрінде саңлақтарымыздың жалпы командалық есепте ғана емес, жекелей алғанда, өзбектерден де жеңіліп келе жатқаны нақты дәлел бола алады.
Мұны алғаш рет арада бір жылдан аса уақыт өткенде Катар астанасында ту көтерген әлем чемпионаты көрсетіп берді. 2015 жылғы 6-15 қазан күндері шаршы алаңның шаңын шығарған Доха додасында мұның алдында, 2013 жылы Алматыда әлемнің 4 чемпионын шығарған қазақстандықтар бірде-бір алтын медальға қол жеткізе алмады. Бар көрсеткішіміз Данияр Елеусінов (69) пен Иван Дычконың (+91) финалға шығулары ғана болды. Рас, чемпиондық тұғырға өзбектер де көтеріле алмады. Есесіне, олар тұғырлары санын бізден үш есе асырып, 3 күміс (Муроджон Ахмадалиев – 56, Фазлиддин Гаибназаров – 64, Бектемир Меликузиев – 75), 3 қола (Елнур Абдрахманов – 60, Елшод Расулов – 81, Баходир Жалолов – 91 кг-дан ауыр) медальді омырауларына тақты. Түптеп келгенде, бұл өзбек баходирларының бізден озуларының басы болды.
Ала топылы ағайын осы басымдықты 2016 жылдың 6-21 тамызы аралығында Риода өткен Олимпия­лық ойындардың бокс бәйгесінде айқын танытты. Олар бірден 5 сәйгүлігін финалдық шайқасқа дейін жеткізіп, солардың үшеуі «алтынмен» апталды. Сол саптағы Хасанбай Дусматов (49), Шахобиддин Зоиров (52), Фазлиддин Гаибназаров (64) – алтын, Шахрам Гиясов (69), Бектемир Меликузиев (75) күміс медальдар иегерлері атанды. Бұдан бөлек, Муроджон Ахмадалиев (56) пен Рустам Туляганов (91) қола медальді қоржынға салды. Сөйтіп, ұзын-саны 7 жүлде жинап, біз бұрын түсімізде де көрмеген жетістікке жетті. Бұған қоса, Хасанбай Дусматов турнирдің ең үздік боксшысына берілетін Баркер Кубогын алып қайтты. Ал біздің сайыпқырандардан Данияр Елеусінов (69) өз салмағында топ жарса, Әділбек Ниязымбетов (81) пен Василий Левитке (91) бұйырғаны – күміс, Иван Дычконың (+91) қаққаны қола медальдар болды.
Сонымен, келесі жылдың көктемін тағатсыздана күттік. Бірақ тап алдағы сайыста өзбектерден есе қайтара қоятынымызға оншалықты сенімді бола қойған жоқпыз. Себебі біріншіден, бұл жолы өтетін Азия чемпионаты Өзбекстанның төрінде – Ташкент қаласында шаршы алаң шайқайтын болса, екіншіден, сол шақтарда көрші ел боксшыларының дайындықтары мен деңгейлері жоғары екенін байқамау мүмкін емес-тін. Ал күткен құрлық біріншілігіміз өзбектердің ешкімді бет қаратпай жеңулерімен аяқталды. Олар 10 салмақтың 9-ында чемпион болып шықты. Ал бізден жалғыз Василий Левит қана алтын медаль алды.
Сол жылғы тамыз-қыркүйек айларының тоғысында Германияның Гамбург қаласын дүбірлеткен әлем чемпионатында да өзбектерге ептеп есе жіберіп қойдық. Нақты айтсақ, олар турнирде 1 алтын (Шахрам Гиясов – 69), 3 күміс (Хасанбай Дусматов – 49, Жасурбек Латипов – 52, Икболжон Холдаров – 64), 2 қола (Бектемир Меликузиев – 81, Санжар Турсунов – 91) қола медальдарды еншілесе, біз 1 алтын (Қайрат Ерәлиев – 56), 2 күміс (Әбілхан Аманқұл – 75, Қамшыбек Қоңқабаев – +91), 3 қола (Ержан Жомарт – 49, Абылайхан Жүсіпов – 69, Василий Левит – 91) жүлде жеңіп алып, бір саты төмен кеттік.
Екі ел боксшылары арасындағы текетірестің соңғы нүктесін Жакартада өткен соңғы Азия ойындары қойып берді. Онда өзбектің Жасурбек Латипов (52), Миразизбек Мирзохалилов (56), Икболжон Холдаров (64), Бобо-Усмон Бобиров (69), Исроил Модримов (75) сынды сайыпқырандары «алтыннан» алқа тақса, Хасанбай Дусматов (49) пен Шункор Абдурасулов (60) атты шеберлері күміс медальді ортақ табысқа қосты. Бізден Асланбек Шымбергенов (69) пен Әбілхан Аманқұл (75) бар болғаны күміс медальге қол соза алды. Бұл бәсекелес­тік бәсінің көршілерге қарай шындап ауып кеткенін тайға таңба басқандай етіп көрсетті.
Бірақ қазақ боксшыларының соңғы жылдардағы осы артта қалушылығы мен соңғы жарыстағы сәтсіздігіне әлі күнге дейін принципті баға берілмей келеді. Мұны федерация басшылығы да аяқ асты қалдыра салған сияқты. Шыны керек, осы Ойындар өтіп жатқан күндерде төрешілер тарапынан біздің спортшыларға көпе-көрнеу қиянат жасалып жүргені жайында көп әңгіме тарап тұрды. Бұған жарыс­тың Қазақстанның бірде-бір телеарнасынан көрсетілмеуі қосымша себепкерлік етті. Кейін біз 1/8 финалда кездескен Қайрат Ерәлиев пен тай Чатчай Бутди арасындағы жекпе-жектің де, финалда орын алған Асланбек Шымбергенов және Бобо-Усмон Бобировтың, Әбілхан Аманқұл және Исроил Модримовтың қатысуларымен өткен шайқастардың да бейнежазбаларын мұқият қарап шығып, бұлардан қазақ атлеттерінің атап айтатындай жеңістерін көре алмадық. Ал айқын басым болып жатса, олардың ешқайсысының да алдарына ешкім түсе қоймаған болар еді. Бұған Азия бокс конфедерациясын басқаратын өз адамымыз Серік Қонақбаев жол бергізбес те еді деп ойлаймыз. Демек, бар кемшілік – өзімізден…
Оны дәлелдеу үшін тағы мынадай да деректерге жүгініп көрейік. Біз осы мақаланы дайындау барысында екі ел боксшыларының тек жоғарыда аталған 6 жарыстағы бір-бірлерімен кездесулерінің нәтижелерін сараптап шықтық. Сонда мұндай бетпе-бет қолғап түйістірушіліктің 22 рет хаттамаға түскеніне көз жетті. Сол ұрыстардың 14-інде, яғни 63,6 пайызында өзбек боксшылары жеңген екен. Соның ішінде Муроджон Ахмадалиев – Қайрат Ерәлиевті, Исроил Модримов – Әбілхан Аманқұловты, Шахрам Гиясов – Абылайхан Жүсіповті, Бектемир Меликузиев Ерік Әлжановты екі реттен тізе бүктірген. Тек Данияр Елеусінов қана еш жеңіліссіз екі мәрте жеңіске жеткен.
Әлі де болса әлем боксындағы ұлы көш болып табылатын Кубаның өзінде үздіктер чемпионаттан босатылмайды. Қайта Бостандық аралының былғары қолғап шеберлері кімнің кім екенін осы ішкі біріншілікте анықтап, құрамаға сол сәтте кімнің лайықты екенін шешіп алады. Мұның үстіне бұл елде жылда екі түрлі ұлттық чемпионат өтіп тұрады. Таңдау­лылар солардың екеуінен де қағыс қалмайды. Тап осындай тұрақтылықты біз Ресейдің боксшылар сайысынан да көріп жүрміз. Оны таяуда ғана аяқталған 2018 жыл чемпионаты тағы көрсетіп берді. Қала берді, Өзбекстанда да кімнің кезекті ірі жарысқа баруға тиіс екенін осы ішкі біріншілік айғақтап тұрады. Ал біздің құрама мүшелері арасында ел чемпионатына үзбей қатысып келе жатқан бірде-бір боксшы жоқ. Сондықтан да олардың арасынан Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған бірде-бір саңлақты таба алмайсың.
Біздіңше, осы фактілердің өзі көп жайттан хабар береді. Бұл бір жағы қазіргі қазақ боксының деңгейі мен оған деген кейінгі көзқарасты да танытады. Бұған қоса, қай тұста олқылықтарымыз бар екенін аңғартады. Бұдан туатын тұжырым оншалықты көңіл жұбатарлық емес. Сөз жоқ, біздің боксқа үлкен серпіліс керек. Оны кімнің жасайтыны маңызды емес. Маңыз­дысы – түпкі нәтижеде. Ендеше, қазақ боксының қайда бет алып бара жатқанын дендеп сұрайтын кез келді.
Біз қазір соны сұрап отырмыз.

Біздің көп жылдардан бері қазақ боксына қатысты байқап келе жатқан бір үрдісіміз құрама сапында Олимпиада, әлем және құрлық чемпионаттары, Азия ойындары секілді ірі халықаралық жарыстарда бас бәйге алған немесе жүлделі орындардан көрінген спортшы бірден ішкі чемпионаттан ада-күде босатылады екен. Сонда бұл – оларға құрамадағы орын қатталып белгіленіп қо­йылды деген сөз. Онда республика чемпионатында не мән қалады? Ол не үшін өткізіледі? Ел біріншілігінде қалған саңлақтар ақ тер, көк тер болып шайқасып, не барқадар табады? Мұндай бәсекелестіктің тамырына бірден балта шабылған жерде боксшылардың да ұдайы формада болып жүруге деген ынта-ықыласы да бірден төмен түсіп кететіні сөзсіз. Міне, бізге ең алдымен осы «аурудан» арылу керек

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button