Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының бас прокуроры Жақып Асановтың үндеуі

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамыр­дағы Жарлығымен Жер кодексінің кейбір нормаларын қолдануға мораторий жарияланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасы бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына азаматтық қоғам институттарының басшылары мен белсенділері кірді.
Азаматтар Комиссия жұмысына өңірлерде құрылған қоғамдық кеңестер арқылы да қатыса алады.
Комиссия отырысында пікір алмасу барынша ашық. Оның қызметі ақпарат құралдарында тұрақты жариялануда. Арнайы ашылған jerturaly.kz сайтында қазақстандықтар өз сұрақтарын Комиссияға қойып, ұсыныс-тілектерін бере алады.
Бір сөзбен, жер мәселесі бойынша кез келген пікір білдіру үшін барлық жағдай жасалған.
Алайда, кейбір адамдар осындай жағдай мен заң талаптарын елемей, ортақ диалогтан қашып, халықты заңсыз қарсылық акцияларына шақыруда.
Әлеуметтік, ұлтаралық араздықты қоздыру үшін жалған ақпарат әдейі таратылып жатыр.
Мұндай әрекеттер Қазақстан Рес­публикасының заңдарына қайшы келеді.
Осыған байланысты қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшін ел азамат­тарын мұндай арандатуға бой ал­дыр­мауға, азаматтық ұстаным мен жа­уапкершілік танытуға шақырамын.
«Прокуратура туралы» Заңның 25-2-бабын басшылыққа алып, заңсыз митингке шақыру, оны ұйымдастыру, тіпті оған қатысудың өзі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертемін.
Құқық қорғау органдары кез келген заң бұзушылықтың жолын кесіп, қылмыстық қудалауға дейін заңда көзделген шараларды дереу қабылдауға міндетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button