Жаңалықтар

Телевизия майталманының мерейі

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығы аясында аталған жоғары оқу орнында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі, теледраматург, публицист-жазушы Сұлтан Оразалының 75 жасқа толуына арналған «Қазақ руханиятының сардары» атты шығармашылық кеші өтті. Жақсы мен жайсаң жиналған кеште айтылған лебіздер легі ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың мерейтой иесін құттықтау хатымен басталды.

Сұлтан Оразалы 1964-1984 жылдары Қазақ телевизиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметін атқарды. Осы жылдары оның қаламынан жүздеген әдеби телесценарийлер мен телепьесалар туып, көгілдір экранға шығарылды. Әсіресе, «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» сынды ұлттық бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі бола жүріп, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов сынды қазақ әдебиеті алыптарының асыл бейнелерін таспаға қалдырды. «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовпен де сұхбаттасты. Осы сұхбаттардың бәрі қазір Қазақ телевизиясының алтын қорында хаттаулы тұр.
Сұлтан Оразалының телевизия саласын­дағы еңбегі ұлтқа қызмет ететін үлкен мұраға айналып, шежірелік сипат алып кетті. Қаламдас інісінің мерейтойына орай алыстан ат арытып жеткен академик Серік Қирабаев қоғам қайраткерінің шығармашылық және азаматтық келбетіне тоқталып, иығына қазақы салтпен шапан жапты.


Мерейтой иесі көп жыл мемлекеттік қызмет атқарып, тәуелсіздігіміздің нығаюына сүбелі үлес қосты. Мәселен, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болды. 1998 жылдың қаңтарында Авторлық құқық жөніндегі агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалып, Астанаға келген зиялы қауымның басы болып, бас қаламыздың қалыптасу кезеңін көзімен көрді. Астана туралы толғанысы кеш барысында көрсетілген шағын бейнефильмде қамтылды. Таяуда республикалық «Өнегелі өмір» сериясымен «Сұлтан Оразалы» кітабы жарық көрді. Жиын барысында соның таныстырылымы өтіп, жиналғандар кітап кейіпкері туралы салиқалы пікір өрбітті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button