Мәдениет

GAKKU әуендері

«Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен дүрілдеп  өткен  «Гәкку  әуендері»  концертінде «Гәкку»  телеарнасының  көрермендері дауыс беру арқылы үздік деп таныған қазақстандық әншілер арна атынан марапатталды. 

Гәкку дегенде қазақтың халық композиторы Үкілі Ыбырайдың шоқтығы биік әні, осыдан тура 80 жыл бұрын Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің он күндігінде халқымыздың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың осы әнді шырқап, талғампаз жұртты тамсандырғаны еске түседі. Қазір заман басқа, көрермен де өзгерді. Шынайы өнер туындыларының арасында жеңіл-желпі дүниелер көп кетіп жатады. «Гәкку» телеарнасының концертінде де осындай жайттар орын алмай қоймады. Ұлы Абайдың «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар…», «Құр айғай бақырған» дегені сияқты әндер және бізге «Бетті бастым, қатты састым» сезімін кештірген туындылар да кездесті.
Бір қуантарлығы, ашылғанына көп бола қоймаған телеарна «Гәкку» сынды тарихи әнді арқау етіп, жұмыс істеп келе жатыр. Белгілі бір бейнеклип қойылардың алдындағы үзілістерде де бұл ән әуенін ұсынып жүр. Тарқатып айтқанда, «Гәкку» әні телеарнаның сүйенер тірегі іспеттес туынды. Алайда, шоу-бизнестің де өз заңы бар. Аталмыш арна соған сүйенуге мәжбүр. Оның ашылуының негізгі мақсаты да – қазақстандық дарынды орындаушыларды қолдау, оларға бойындағы өнерін дамытатын алаң ұсыну, сол арқылы отандық музыканы алға жылжыту. Бірақ, «Күріштің арқасында күрмек су ішеді». Асыл мен жасықты айыратын баяғы көркемдік кеңестер қайта құрылмайынша, бүгінгі эстрададағы жағдай осылай жалғаса беретін де шығар…


«Гәкку» телеарнасы осындай ауқымды концертті бірінші рет ұйымдастырмағанын айта кетейік. Былтыр арна шақырған әншілер Алматыда 60 мың адамды жинап, фестиваль өткізді.
Ал, елордадағы кеш биылғы 18 мамыр күні өтті. Бұл – халқы­мыздың талантты перзенті Батырхан Шүкеновтың туған күні. Концертте бір сәт Батыр­ханның және таяуда дүниеден озған белгілі музыкант Болат Сыздықовтың асыл бейнелері еске алынып, Әли Оқапов олар­дың рухына арнап ән шырқады.
Жалпы, кеште отызға тарта әнші өнер көрсетті. Олардың арасында биыл хит әндердің бірі болып отырған Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмаханның «Алло» әні көрермен ұнатқан туындылар және басқа әндер айтылды. Қайрат Нұртастың сахнаға шыққаны жиналғандарға үлкен сый болды. Бұдан өзге, Бейбіт Құшқалиев, Жанар Дұғалова, Серік Ибрагимов, Мақпал Исабекова, Кәмшат Жолдыбаева, Айқын, Санда, Бүркіт пен Аиша, Айдана Меденова, басқа да көптеген әншілер ән салды. Осы жылы Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының сахнаға шыққанына 10 жыл, «Ринго» тобының құрылғанына 10 жыл, Мәдина Сәдуақасованың өнерде жүр­геніне 20 жыл толып отыр. Осы әншілерге де көрермендер қол шапалақтап, телеарна атынан сыйлықтар тартылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button