Мәдениет

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМЫҒАНЫ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАҢҒЫРҒАНЫ

Түркінің көрнекті тұлғасы Ысмайыл Гаспыралының Қырымда шығарған «Тәржіман» газетін Ыстамбұлдың балықшысынан Сібірдің түйешісіне дейін оқып, түсінген деген бар. Бірақ, сол сөз ескірді. Естен шықты. Ол тіл бір, таным мен түсінік ортақ заман еді. Дәуір алмасып, қоғам құбылған соң, бәрі өзгерді. ХХ ғасырдағы кеңестік саясат түркі дүниесі тұтастығына жасаған амалының бірі – әліпбиді әлденеше алмастырғаны болды. Төте жазуға көшкен қазақты көп тоқтатпай, басқаларын да латыншыға шығарды. Ақтеңіз, Қаратеңіз жақтан Ататүрік те «Таңбаның ортақтығы оңды» деген байламмен 1928 жылғы қарашаның 1-інде Түркияны осы қаріпке жедел ауыстырды. Мұның түркі тұтастығына таптырмайтын тәсіл екенін табанда танып қойған тоталитаршылдар көп кідіртпей, кириллицаға көшіріп жіберді. Басы-қасында өздері жүріп, алфавитті қазаққа бөлек, өзбекке өзге, башқұртқа басқаша етіп түзіп берді.

Сөйткен кеңестің қабырғасы ыдырады. Көбесі кеңестен көп бұрын сөгілген түркілер ес жиып, ел болмаққа ұмтылды. Бұл кезде моноұлтты мемлекет Түркиядан басқасы өзге республикалардың құрамында шоғыр-шоғыр тұрмыс кешіп жатты. Олар геосаяси, мәдени-әдеби һәм тіршілік машығын сіңірді. Кеңестік идеологияның ықпалы «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» әдебиеттің кесірінен саны аз ұлттардың, оның ішінде, саха, тыва, чуваш, гагауз секілді халықтардың мәдени-рухани болмыс-келбеті жойыла бастаған еді… Кейбірінің тілі, ділі ұмытылып, діні де өзгерген. Тіршілік мұндай болғанда түркі дүниесін түгендеу, яғни түркітану ғылымын дамыту түгілі, түркітектімін деп айту ұмытылған. Түркілердің жазба мәдениетін қалыптастырғаны ұмыт қалған. Алайда, саясат қаншама қысым жасап баққанымен, түркітануды қымтап, тұмшалап қою мүмкін емес. Себебі, мемлекеттерін айтпағанда, оның артында қырықтан астам түркі халқы тұр. Азияның көп бөлігін, Еуропаны, Шығыс Еуропаның бірқатар аумағын түркі жұрты жайлап жатыр. Бүгінгі Ресейдің құрамындағы ұлттардың ең үлкен бөлігі – түркілер. Осы күні жер шарын 300 миллион шамалы түркі мекендейтіні белгілі болды.
Ғалым, сенатор Әділ Ахметов түркі дүниесі туралы тың ойлар айтып, деректерді сөйлетіп жүр. Тілші-ғалымның түркі әлемінің рухани мәдениеті туралы мынадай пікірі бар: «Мұның бәрі кезінде «пантүркизм» деген саясатқа таңылды. Түркі атауы қудалауға түсті. Сол үшін талай тұлғаның басы кетті. Мұстафа Шоқайдың елден кететіні де содан ғой. Қазір енді жағдай басқа. Егемен ел болдық. Енді рухани мәдениетті жақындастыру басты мақсат болуы керек. Әлемге түркі мәдениетінің бергені де қосқаны көп. Біз оны жаңғыртуымыз керек. Америкалық үндістердің ішінде жалғыз майялардың жазуы бар. Соған қарасаңыз, олардың тілдік қорында біздің түркі сөздері өте көп. «Ата», «ана» деген сөз сол қалпы. Бірден беске дейінгі сан есімдердің атауы өзгермеген. «Кел», «кет» деген етістіктер жүр. «Бақалар» деген көлі бар. Англо-саксондықтардың да арғы тегі сақ екені былтыр жазда дәлелденді. Еуропада қойдың басын жейтін тек норвегтер. Ослоға жақын жердегі Гокстаг және Осберг дейтін екі қорғанды ашқан кезде ішінен кеме табылған. Ал кеменің ішінде жерленген адамдар жатыр. Жан-жағында он екіден, он екіден ат жатыр. Тура біздің сақ қорғандарынан табылған жәдігерлер секілді. Соның өзі дәлел емес пе?!», – дейді ғалым.
«… Түбі бір туыс елдерді бір-біріне жақындастыра түсу үшін атқарылар іс-шаралар әлі де ұшан-теңіз» екендігін айтқан Қазақ Елбасы түркі әлеміне көп қызмет етті. Саяси-экономикалық шаралардан бастап, рухани-мәдени ықпалдастық саласы кеңейтілді.
Міне, осы істің басы-қасында Қазақстанның тұрғаны бекер емес.
Соның нәтижесінде Түркі Парламенті Ассамблеясы, Түркі ақсақалдары ұйымы, Халықаралық Түркі академиясы және Түркі ынтымақтастығы кеңесі секілді іргелі ұйымдар құрылды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің іскерлігімен түркі елдері мәдени іс-шараларының аясы кеңейді. Бұрын-соңды Наурыз мейрамы тойланбайтын Түркияда осы мерекенің маңызына көз жеткіздірте бастады. Түркі елдері қайраткерлеріне арнап халықаралық деңгейде айтулы шараларды көптеп ұйымдастыра бастады. Оған барлық түркі мемлекеттерімен қатар, қандай да бір республикалар құрамындағы саны аз ұлыстарды да қатарға тартып келеді. Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына орай, Түркияның Ялов қаласында осынау қазақ ақынының шығармашылығына арналған ІІ халықаралық симпозиум өтті. Ғылыми баяндамалар жасалып, ақын өмірі жайында деректі фильм түсірілді. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Димероглы: «Қасым Аманжолов бір қазақтың маңдайына тарлық етеді. Оны тұтас түркі әлемінің ортақ ақынына айналдыруымыз керек» деген пікір айтты. Жиынға қатысқан он алты елдің ақыны Қасым өлеңдерінің өз тілдеріндегі тәржімасын оқыды.
Былтыр Өскемен қаласында «Алтай – түрік әлемінің алтын бесігі» атты алғашқы Халықаралық форум өтті. Форум жұмысына Қазақстан, Ресей, Жапония, Түркия, Корея сияқты әлемнің 12 мемлекетінен танымал түркітанушылар, фотосуретшілер, дипломаттар мен ғалымдар қатысты. Алқалы жиын түбі бір түркі халықтарының тарихи- мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғыртуды көздейді. Алтайдың археологиялық және мәдени ескерткіштерін қалпына келтіру, мол мұрасын сақтау, Алтай өңірінің экологиялық және тарихи-мәдени әлеуетін тереңдете зерттеу жөніндегі мемлекетаралық жобалар құру және оларды іске асыру абыройлы міндет. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов аталмыш форумды дәстүрге айналдырып, ЮНЕСКО-ның мамандарын, ғалымдарын шақыруды ұсынды.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшылығына дипломат Халил Акынджи сайланды. Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесі Келісімімен құрылған халықаралық ұйым. Ұйымның Бас хатшысының орынбасарлығына тарих ғылымының докторы Дархан Қыдырәлі тағайындалды.
Бұл кеңес түркі елдері арасындағы мәдени-тарихи қазыналарды жинақтап, рухани ынтымақтастыққа қызмет етпекші. Түркі әлеміндегі кесек туындылардың антологиясын құрастырып, ортақ альманах құрастыру ниеті бар. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Яссауи және басқа да түркі әлеміне ортақ тұлғалардың мұрасын бірлесе насихаттауда ауқымды шара­лар қолға алынып жатыр.
Анау бір кездері ғалымдар арасында түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру туралы әрқилы пікір болды. Олардың көпшілігі латын графикасы негізінде ортақ жазбаша тіл кеңістігін қалыптастыруды ұсынған. Латын графикасына сүйене отырып, күллі түркі жұртшылығына ортақ әрі түсінікті болатын жаңа әліпби жасау жайлы пікірге ғалым Дархан Қыдырәлі түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру мүмкін еместігін еске салды. «Түбіміз бір болғанымен, тілдік айырмашылығымыздың бар екендігінің өзі – біздің байлығымыз. Ортақ тіл жасауға байланысты 90-жылдардың басында Түркияда біраз әрекеттер жасалды. Бұл жөнінде көптеген ғалымдар пікір таластырды. Бірақ, бұл бастамалар аяқсыз қалды. Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – бүгінде көптеген түркітілдес ұлттар дербес елге айналып, әркімнің өз жолын ұстануында. Бұған қоса, дәл қазіргі кезеңде әр мемлекет ешкімнің өзіне үстемдік жасауына жол бермейді. Әр ұлт алдымен өз тілін дамытады. Ал ортақ тіл қалыптастыру – қойыртпақ тіл қалыптастыру болады. Бұл жерде ортақ тіл жасаудан гөрі, графикамыз ортақ болса, бір-бірімізбен түсінісу оңайға соғар еді.
Мұны латын графикасының негізінде жасауға болады. Бірақ, бұл жуық арада орындала қоймайды.
Қарап отырсаңыз, 100 жыл бұрын ғана бір-бірін жақсы түсініп, бір аймақта емін-еркін араласқан туыс халықтар қазір бір-бірінен алшақтап, мүлде өзгеше өң-сипатқа ие болып отыр. Әркімнің ұстанған бағыты, геосаяси орны бар дегендей. Жалпы, ортақ тіл қалыптастыру барысында бәрібір белгілі бір тілге үстемдік беруге тура келеді. Бұл – тілдің бұзылуына алып келеді…».
Бірақ, қанша жерден бөлініп, әрқайсымыздың жүзіміз әр жаққа қарап тұр дегенімізбен, бәрібір тіліміз, дініміз бір. Сондықтан, біздің түркілердің тарихының ортақтығы ғылымда дәлелденген.
Мағжан өз жырында: «Көп Түркі енші алып тарасқанда, Қара шаңырақ қазаққа қалған жоқ па?» дейді. Демек, қазақ кешегі көк түріктің мұрагері, қара шаңырақтың иегері. Жалпытүріктік бірлік – аса қажет құбылыс. Бірақ, еншімізді ала тұрып, есеміздің кетпегені дұрыс.
…Түркі әлемі – жалпы, қазақ елі –жалқы, ендеше, «атадан алтау тусаң да Отаныңа жалғызсың»…
Қазақтың сақталғаны – Қазақстанның сақталғаны. Астананың дамығаны – Қазақстанның дамығаны. Ал Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаңғырғаны. 2012 жылы Астана қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланғаны осыны аңғартады.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button