Руханият

Қазақтың қалы кілемі қайда?

Елордадағы Ұлттық музейдегі қазақтың қалы кілемдерімен түгел көмкеріп, жайнатып қойған залына барғым келіп тұрады. Ортасына ойып үш жерден ою не алқызыл гүл түсірген кілемдер көздің жауын алады. Күрең қызыл бояуына әлі қылаң түспеген, түгі еш тықырланбастан, мысықтың жүніндей қолға жұмсақ, көзге жалтырып тұр.

Қолөнерінің тамаша туындысы анамыздың қолынан шыққан, жас күнімізде төрімізде ілулі тұрған кілемдерімізді еске түсіреді. Қазақы кілем, міне, осы жылы естелігімен де қымбат. Қазіргі аяғымыздың астында жатқан Түркия, Белгия, Қытай, тағы басқа желімдеп тастаған синтетикалық кілемдер немесе биттің қабығындай тықыр төсеніштердің жүрек түгілі, табаныңызды жылытатына күмәнім бар.
Теріскейдің дәстүрін білмеймін, оңтүстікте кілем тоқу үрдісі ерекше мәнге ие болатын. Бұл әрбір отбасы тірлігінің бір үзігі еді. Алдымен бала жасымыздан көлеңкеде керулі тұратын әжеміздің өрмегіне оратылып, көзіміз үйреніп өстік. Бұл әжеміздің алажаздай ермегі болатын. Айтуынша, жас күнінде ишан әкесіне ақ тайлақтың жүнінен жіп иіріп есіп, жұқа шапан тоқып береді екен. Анамыз да он баланың бейнетінен қолы босаса, ұршық иіріп, жүн түтіп, одан қалды тулақтың шаңын қағып, шыбықпен қойдың жүнін сабайтын. Осыны көріп өскен біздер де бұл өнерден құр қалған жоқпыз. Жеке басым осы тірліктің бәрін ұршықша иіремін. Қазір ғой мақтанып айтып отырғаным. Алайда кезінде ауылдан қалаға барып, мамандық таңдап, білім алып өз жолымызға түскен жылдары осының бәрін бейнет көріп, өз білгенімізден жери бастадық. Балалалары өсіп, жан-жаққа кеткен соң, анамыздың өнерін жалғастыратын ешкім қалмады, тіпті бәріміз жабылып тоқыған кілемнің қайда қалғанын да білмейміз?
Бұл дәстүрдің, өнердің, кәсіптің орта жолдан үзіліп, елеусіз қалғанына алдымен біздің буын, қазіргі елуден асқандар кінәлідей көрінеді. Ұмытпасымызға қойды ма? Біздер ес жиған тоқсаныншы жылдары еліміз шетел кілемдерінің нарығына айналды. Оны таңсық көріп, төрімізге іліп тастадық. Арзанқол, жеп-жеңіл, оюы да айқыш-ұйқыш. Анамыздың қызыл кілемін менсінбей, қарық болып қалдық.
Өкініштісі, сол кілем тоқумен бірге өмірдің оқуын да жоғалттық. Қазір барлап қарасам, кілем тоқу алдымен қыз баланы еңбекке, бастаған ісін тапжылмай отырып бітіретін қажырлық пен шыдамға баулиды екен. Егер бойымызда осындай бір қасиеттің ұшқыны болса, осы тәрбиемен келгенін мойындаймын.
Ал қазіргілерді еңбекке бау­лудың жолы қалай? Меніңше, бүгінде алып бара жатқан іс жоқ. Ілеуде біреу болмаса кілем тоқитындар, киіз басатындар қалмаған болар. Қыста тірліктің қамын жасап, ала жаздай кілем тоқудың орнына көбіміздің сериал қарап, телефонға шұқшиып көз майын тауысып, не ерігіп көше аралап жүргені жоқ емес. Есіл уақыт ізсіз кетіп жатыр. Оның да жақсылыққа апармасы анық. Қазіргі жастардың қиындыққа шыдамсыз, ұшқары ойлап, сабырсыз келуінің бір себебі осындай еңбекпен бітетін тәрбиенің жоқтығынан, оны беретін қазақы дәстүріміздің жоғалғанынан деп білемін. Адамның қалыптасуында үлкен мәні бар еңбектің қажетсіз қалғанында жатыр.
Дегенмен, бұрынғыдай әр отбасында кілем тоқудың дәурені өткен болар, бірақ қазақы қалы кілем тоқудың дәстүрін неге қолдан береміз? Осы оймен жүргенде белгілі кәсіпкер, қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың бизнесі ойыма келеді. Тағы да, аруағынан айналайын анам, бар бейнеті аздай, аяқ машинасын сытырлатып, киім тігетін, қолы қалт етсе құрақ құрайтын. Кейінен анамның да құрақ көрпелерінен де қадір кетіп, бір қуысқа жинап қоятынбыз. Ал Ырза Тұрсынзада болса осы құрақ көрпені жайнатып төрімізге жайды десем артық айтпағаным. Ізіне шәкірттерін ертіп, «Құрақ көрпе» фестивалін жасап, көптеген келіншектердің өнерінің көзін ашты, маңдай терімен нан тауып жеуге үйретті. Қазір ­Ырзаның көрпелерін кемі екі жүз мыңға сатып алып жатамыз. Бұл да – қазақы қанымыздың сұранысы, санамыздағы ұлттық кодымыздың қалпына келуінің белгісі. Өзіміз тұтынып үйренген, жүрегімізге ыстық дүниелердің ортасында жанымыздың жайлы сезінетіндігінің нышаны. Осы бір керемет өнерімізге жан бітіріп, жарқ еткізгендердің кәсібі жүріп жатыр, бара-бара құрақ көрпелеріміз шетелге шығып, ол жақтың да ұзатылған қызының жасауына айналатына сенімдімін.
Кілеммен бастап, құрақ көрпеге қарай аунап кетуімнің себебі неде? Өйткені дәл осы құрақ көрпедей қазақтың қалы кілемін қайта жаңғыртудың жолы кәсіпкер әйелдердің, Ырза апамыздай мықтылардың үлесіне қалып тұр. Түбінде барша әлемде қазақтың өз бренді болса, ол алдымен табиғилығымен, жасаған ісінің құрамында ешқандай жасанды нәрселердің болмауымен алады. Бұған сұраныс әрқашанда бар және жоғары бағаланады.
Қалы кілемімізде бір тамшы желім жапсырмай, не қолдан жасалған талшық салмай, тек қойдың таза жүні мен бояудан ғана жасалады. Технологиясы қиын емес, құдайға шүкір, апаларымыздан қалған сандықты ақтарса, кілем тоқуға қажетті ұршық, қайшы, тарақ, өткір бәкі сабау сияқты жәдігерлерімізді тауып аламыз. Жылына екі рет қырқылатын қойдың жүнінен тапшылық көрмейтініміз анық.
Мәселе – біздердің ненің жақсы екенін біліп, кілем тоқу, киіз басу, ши орау сияқты анамыздың енелерінен алып қалған дәстүрді жаңғыртуға ниеттің болуында. Бұның бәрін мақтаныш етіп, өзіміздің жетістігімізге, мына әлемде өзгеден айшықтап тұратын қасиетіміздің біріне айналдыруда жатыр. Жасыратыны жоқ, өзгенің қаңсығына тойғанымызды мойындайық. Одан да халқымыздың бір жыртығын бүтіндейтін іске ден қоялық. Осындай ойы бар адам қанша қымбат болса да бір-бір кілем алып, қызының жасауына қосуға асығады, не болмаса аяғының астына тастап жылуын сезінеді. Өзіміздің болмысымызға осылайша ораламыз. Өзгеден жеткен дүние жүрегімізді бұлайша жылытпайтынын түсінетін уақыт жетті.
Бұл ретте, ұлттық дүниелерімізді жаңғыртуда мемлекеттің жаңаша көзқарасы керек. Көпбалалы аналар болсын, ауылда тұратын не қарайтын малы жоқ, не істейтін жұмысы жоқ жас әйелдердің күшін бір кәсіпке тоғыстырып, оны қаржыландыру, мүдделі етудің жолын жасау керек. Жүз жылға дейін түгі қисаймайтын қалы кілемдердің заманауи үлгісін жасап оны дамытуға суретшілерді қосып, бұл дәстүрдің бизнес көзіне айналдыруға барын салғаны дұрыс болар еді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button