Мәдениет

Жүрегімнің түбіне терең бойла…

Таяуда ғана шымылдығын алғаш түрген Музыкалық жас көрермен театрында ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» мүшәйрасында топ жарған ақындарды марапаттау салтанаты өтті. Жыр додасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы ұйымдастырды.

Жыр жарысына респуб­ликамыздың әр аймағынан белгілі ақындармен қатар жас талапкерлер, барлығы 150 ақын қатысты. Мүшәйраға түскен шығармалардың арасында көлемді дастандар да болды. Бірақ шартында поэма болмағандықтан, ол шығармалар қазылар алқасының талқысына салынбады. Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған, белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.
Бас жүлдені «Абайдың бұлағы» деген топтама өлеңдерімен белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты Жанат Әскербекқызы (Нұр-Сұлтан) иеленді. Бірінші орынды жас ақын Қабиден Қуанышбайұлы (Нұр-Сұлтан) «Арманы жоқ Абайы бар халықтың» атты өлеңдер топтамасымен қанжығасына байланды.
Екінші орын екі ақынға берілді. Оның бірін қабыр­ғалы қаламгер, «Алаш», «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Исраил Сапарбай (Алматы) «Имани гүлдің төркіні» топтамасымен иеленсе, екіншісін «Кемеңгер» өлеңдер циклімін Бақытжан Раисова (Өскемен) алды.
Үшінші орын иегерлері – белгілі ақындар Серікжан Қажи (Алматы), Болат Үсенбаев (Алматы), Ұларбек Нұрғалым (Нұр-Сұлтан). Бес ынталандыру сыйлығы Серік Әбілұлы (Нұр-Сұлтан), Шәмелхан Бұхатхан (Нұр-Сұлтан), Жігер Нысанов (Ақтөбе), Қайрат Зекенұлы (Семей), Балтабек Нұрғалиев (Алматы) секілді ақындарға бұйырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button