Денсаулық

Медицина қызметкерлері – бүгінгі батырлар

Он айдан бері індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар елордада дерт жұқтырған 16 мыңнан аса адамды құтқарған. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында баяндады.

«Олардың әрқайсысы адам өмірі үшін күреседі. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіне түсер салмақ артты. Біздің дәрігерлер он айдан бері коронавируспен күресте күндіз-түні аянбай, алдыңғы шепте жұмыс істеп келеді. Бұл дегеніміз – ауыр жағдайдағы көпсағаттық ауысымдар, жақындарынан жырақта жүру. Үнемі беттұмша тағып жүргендіктен беттерінде ізі мен дағы қалады. Осы уақыт аралығында медицина қызметкерлері індет жұқтырған 16 мыңнан аса адамды құтқарды» деп жазды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Алтай Көлгінов пандемия кезінде медицина қызметкерлері өздерін кәсіби және адамгершілік қырларын көрсеткенін атап өтті. «Жұмысын жанын салып істейтіндіктен әр науқас олардың жүрегінде десек болады. Өйткені өміріне қатер төнген уақытта, жасанды желдеткіш аппараттарынан алғаш оянып, көзін ашқан кезде қасында солар болады. Олар бірінші инфекциялық стационарлардағы жұмысқа кірісіп, шетелден ұшып келген жолаушыларды қабылдап, блок-бекеттерде кезекшілік атқарды. Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері, волонтерлер көмекке келді» деді қала басшысы.
Әкім Президенттің тапсырмасы бо­йынша мемлекет тарапынан медициналық қызметкерлерге тиісті қаржылай қолдау көрсетілгенін тілге тиек етті. «Әкімдік қорынан қосымша сыйақылар бірнеше мәрте берілді. Медициналық мекемелер қосымша жабдықтармен, қорғаныс заттарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Жедел жәрдем стансасының жұмысы күшейтілді. Көлік қозғалысы қауырт кездерде ахуал орталығы науқастарды стационарларға бөлу жұмысын дер кезінде ұйымдастырып отырды. Індет күшейген уақытта қоңыраулар саны 3-4 есеге дейін көбейді» деп түсіндірді А.Көлгінов.
Қала басшысының айтуынша, қазір шұғыл жағдай болса, бір уақытта 18 нысанды жұмылдыра аламыз. Бұл – шамамен 7 мың орын. «Ондай ауыр жүктемені бірден артуға болмайтынын түсіну керек. Оларды қай науқасқа бұрын көмектесу керегі жөнінде таңдау жасайтын жағдайға жеткізбеу қажет. Сол санаулы минут тек науқастың денсаулығына емес, өзінің өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Тек санитарлық норманы сақтау арқылы ғана коронавирустың таралмауына жол бермеуге болады. Алдағы мерекелік күндер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы салдарынан денсаулыққа байланысты демалыс күнге айналмасын» деп түйіндеді әкім.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button