Басты ақпаратМәселе

Қоқысқа көмілген қала

атанбаудың амалы бар ма?

БҰҰ дерегіне сай жыл сайын әлемде 2,24 млрд тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Соның 55%-ы ғана бақылаудың арқасында қайта өңделеді. Адамзат жылына 931 млн тонна азық-түлікті жарамсыз деп лақтырып, 17 млн тонна пластик қалдықты су экожүйесіне тастайды екен. Baidu.com порталы күніне әр адам 1 келіден астам қоқыс тастайтынын есептеп шығыпты. Бұл – өндіруші, өңдеуші зауыт-фабрикалардың емес, сіз бен біздің күнделікті үйден шығаратын қоқыс пен қалдығымызға қатысты статистика. 

Жер бетіндегі халық саны өскен сайын тұрмыстық қалдық көлемі ұлғаятыны да, бұл мәселе Қазақстанды айналып өтпейтіні де белгілі. Сондықтан ел астанасындағы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің жай-күйін зерттеуді жөн көрдік. Себебі кейінгі жылдары Астанадағы көпқабатты үйлердің айналасындағы аузы-мұрнынан асып төгілген қоқыс жәшігін көрсек, таңғалмайтын болдық. Бұл шешімін таба алмайтындай шетін мәселе ме, соны зерттедік. (1-инфографика)

Бүгіндері Астанада халық саны 1 млн 400 мыңнан асты. Осынша адамнан жылына 300 мың тонна айналасында тұрмыстық қалдық шығады (1-инфографика). Ал 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға жуықтады (Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының дерегі). Осы қалдықтар түрге бөлініп сұрыпталады. 2-инфографикаға көз салсақ, 2022 жылы жалпы коммуналдық қалдықтың көлемі 700 мың тоннадан асқан. Бұл әр астаналық күніне шамамен 1,5 келідей қоқыс тастағанын білдіреді. Әлгінде астанадағы қоқыс жәшіктері бірнеше күн бойы жиналмай қалатынын айттық. Себебі қалада барлық қоқысты таситын жалғыз ғана компания бар, сондықтан үлгермей жатады. Clean City NC ЖШС-да 70-тен аса техника бар. Оның ішінде сары контейнердегі қоқысты ақ түсті, жасыл және металл контейнердегі қоқысты қызғылт сары түсті машина тасиды. Талапқа сай қоқыс қалдығы тәулік сайын тасымалдануы керек. (2-инфографика)

Clean City NC компаниясы күніне шамамен 750-800 тонна, айына 24 000-25 000 тонна қоқыс қалды­ғын шығарады

Clean City NC ЖШС өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Айбек Тұрсынбековтің айтуынша, компания күніне шамамен 750-800 тонна, айына 24 000-25 000 тонна қоқыс қалдығын шығарады, қоқыс шығару кезінде контейнер маңына жеңіл көлігін қойып кететіндер, қыста қарды қоқыс жәшігі маңына үйіп тастау сияқты кедергі кездеседі. Қалай десек те, Clean City NC өз міндетін толыққанды орындап отырған жоқ. Мұны Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы Нұралы Елібаев те жоққа шығармайды. Сондықтан алдағы уақытта әр ауданға бір тазалық компаниясы қызмет ететін шешім қабылданып жатқанын жеткізді.

«Қаулы дайын тұр. Қаулыға сәйкес конкурс өткізсек, әр аудан­да бір-бір қоқыс шығаратын компания болады. Оған Clean City де қатыса алады» деді ол.

Қоқыс қалдығын сұрыптайсыз ба?

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта қаладағы 3916 контейнер алаңында жалпы 17 362 контейнер орналасқан. Оның 3991-і – сары контейнер, 12 040-ы – жасыл және металл контейнер, MOLOK жерасты контейнерінің саны – 638. Сондай-ақ пластик жинауға арналған 84 контейнер бар. Экологиялық кодекстің 321-бабына сәйкес, 2018 жылы «құрғақ» және «дымқыл» фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау талабы енгізілген. «Құрғақ» фракцияға пластмасса, макулатура, шыны және металл қалдықтары жатады, «дымқыл» фракцияға гигиена құралдары, тамақ қалдықтары, керамикалық ыдыстар мен тоқыма бұйымдары кіреді. «Құрғақ» фракцияны жинау үшін пластикалық сары контейнер, «дымқыл» фракция үшін пластикалық жасыл және мырышталған металл контейнер қолданылады.

«Біз қала тұрғындарынан қалдықтарды ұқыпты сұрыптау­ды және оларды «құрғақ» және «дымқыл» фракцияға дұрыс бөлуді сұраймыз. Бұл қоқыс өңдеу зауытында қалдықты тиімді өңдеу мен қайта өңдеу деңгейін арттыруға көмектеседі» дейді Clean City NC ЖШС өкілі.

Астаналықтар айына сынап қалдықтарына арналған контейнерге құрамында сынабы бар 70 мыңға жуық шам тастайды. Былтыр сондай 661 371 шам жинадық. Біздің контейнерге басқа қалдықтарды салуға қатаң тыйым салынады

Бұдан бөлек, Экология кодексіне сәйкес қалдықтар қауіпті және қауіпсіз болып та бөлінеді. Қауіпті қалдықтар жарылысқа алып келуі мүмкін, құрамында мұнай компоненті бар бояулар, экотоксикология қасиеті бар қалдықтар жатады. Ал күнделікті шығып жатқан қаптамалар қауіпсіз қалдықтар тобына кіреді. Қоқыс жәшіктері арасындағы қызыл-сары түсті темір контейнер дәл осы қауіпті қалдықты жинауға арналған. Қала бойынша мұндай 609 контейнер бар, оған негізінен, батарейка мен шам тастауға болады. Бұл контейнерлерді НТП Kazecotech ЖШС алып кетеді.

«Коммуналдық қалдықтардың қауіпті компоненттері бөлек жиналуға тиіс, қайта қалпына келтіру үшін арнайы кәсіп­орынға беріледі. Астаналықтар айына сынап қалдықтарына арналған контейнерге құрамында сынабы бар 70 мыңға жуық шам тастайды. Былтыр сондай 661 371 шам жинадық. Біздің контейнерге  басқа қалдықтарды салуға қатаң тыйым салынады. Өкінішке қарай, белгісіз адамдар контейнерді бүлдіреді, құлпын сындырады. Жылына орта есеппен 200-ден астам контейнер зақымдалады» дейді НТП Kazecotech ЖШС инженер-экологы Айсұлу Жүсіпова.

Қала тұрғындары қоқыс қалдығын сұрыптау мәдениетін меңгермегенін қоқыс жәшігіне қарап-ақ бағамдауға болар. Десе де арамызда экология жанашырлары да жоқ емес. Мұны арнайы жүргізілген сауалнамадан көруге болады. Сауалнамаға қатысқандардың 54,5%-ы қоқыстың бәрін сұрыптамай бір қалтаға салатынын айтса, 36,4%-ы сұрыптайтынын жеткізді. Ал 56,8%-ы контейнердің қандай қалдық түріне арналғанын білмейтін болып шықты. Қауіпті қалдық түріне арналған қызыл-сары контейнердің мақсатын білмейтіндер үлесі 47,7%-ды құрады. Сонымен бірге әр жолы қоқысты жалықпай сұрыптап, бөтелкелерді фандоматқа апарып өткізетіндер де бар. Олар, көп жағдайда фандомат жұмыс істемей тұратынын айтады.

Жалғыз зауыт жабылудың аз-ақ алдында тұр

Астанада қоқыс қалдығын өңдейтін зауыт та жалғыз екен. Аstana  Recycling Plant ЖШС зауыты 2008 жылы іргетасы қаланып, 2012 жылы өндіріске қосылғанда жарнамасы жер жарған болатын. Алайда алып шаһардағы тұрмыстық қалдық қабылдайтын жалғыз мекеменің бүгінгі жағдайы мәз емес.

Әдетте қаладан жиналған тұрмыстық қалдықтар алдымен осында жеткізіліп, сұрыпталады. Сұрыптау адам күшімен жүзеге асады. Өңдеуге келмейтін қалдықтар қоқыс полигонына көміледі. Зауыт алғашында күніне 400 тонна қалдық қабылдайтын. Кейін қалдық көлемі
2 есе артқан. Енді тәулігіне 1000 тонна айналасында қалдық жеткізіліп жатыр. Зауыт ары кетсе күніне 600 тонна қалдықты ғана өңдеуге қауқарлы.

«Зауыттың бүкіл жабдығы ескіргендіктен, артық қалдықты қабылдай алмай жатыр. Мемлекеттен ақша алмайтындықтан да зауыттың қаржылық жағдайы да онша емес. Сол себепті Астана қаласы әкімдігі басқа зауыттарды іздестіріп жатыр. Мысалы, Қытайдың қоқыс жағу және одан электр қуатын алатын зауытын тартып жатырмыз» дейді Нұралы Елібаев.

Аstana Recycling Plant зауытының бүгінгі жағдайын білу үшін зауыт директоры Баршагүл Сағымбековаға хабарласып ек, жауап ала алмадық. Зауыт директоры бұған дейінгі БАҚ-қа берген сұхбатында қала тұрғындарының 30 пайызы тұрмыстық қалдық үшін адам басына төлейтін 390 теңгені  төлемейтінін, тарифтен жиналған ақша салық пен жұмысшылар жалақысынан артылмайтынын айтқан. Аталған зауыттың қазіргі жай-күйі «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында көзделген 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 30%-ға жеткізу тапсырмасының орындалмай қалуына ықпал етуі мүмкін.

Утильалымға қарсылықтың зияны тиді 

2013 жылы мемлекеттік деңгейде қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 30%-ға жеткізу межеленген. Сөйтіп Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) – утильалым жүйесін енгізу қолға алынды. Ол 2016 жылы заңдық күшіне енді.

«Біз күнделікті ішетін сусындар мен ішімдіктерді шығаратын компаниялар сол өнімінің қаптамасы үшін ӨКІМ операторына утильалым төлейді. Оператор утильалымнан жиналған ақшаны қаптама қалдықтарын жинайтын және өңдейтін компанияға конкурс өткізу арқылы үлестіреді. Бұл жүйе енгізілгенге дейін бізде қаптама қалдықтарын жинау, өңдеу деңгейі 6,2% болатын. 2021 жылы 21%-ға жетті. «Қаңтар оқиғасынан» кейін салалық министрлікте утильалым есебінен қалдық жинаушыларға ақша беру тоқтап қалды. Салдарынан қалдық жинаумен айналысатын 100-ге жуық кішігірім мекеме жұмысын тоқтатты» дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының жетекшісі Лаура Мәлікова.

Есте болса, президент Петропавлдағы шылапшын шығаратын зауытқа барған-ды. «Радуга» деп аталатын бұл зауыттың бірнеше цехы бар. Соның бірі     қалдықтардан шылапшын жасап шығаратын цехтың да жұмысы тоқтап қалған. Утильалым есебінен Өскеменде Қазақстандағы бірінші сұрыптау желісі іске қосылып, кейін әкімдік балансына берілген. Ақтөбеде де қалдықтарды сұрыптау желісі сатып алынғанымен, іске қосылған жоқ, әлі күнге қоймада жатыр. Өйткені қазіргі таңда қалдық жинайтын, қалдық әкелетін ешкім жоқ.

«Қалдық өңдеуші қалдық жинаушы болмаса жұмыс істей алмайды. Осының бәрі ешқандай тарифті көтермей, халық қалтасына жүк салмай істелген шаруалар еді» дейді эколог.

 Майгүл СҰЛТАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button