Басты ақпаратТуризм

Қосқанынан шашқаны көп

Күні кеше елорда тізгінін қолына алған Алтай Көлгіновке бірқатар тапсырмалар берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының медициналық туризм орталығы болуына барлық мүмкіндігі барын, өзге өңірлерден келіп елордада ем қабылдайтындардың қатары да молайып келе жатқанын айрықша атап, бас қалада медицинаның сапасын арттырып, оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек деп атап өтті. Айтып-айтпай, ел астанасында не көп? Жаңадан бой көтерген қымбат, заманауи жабдықтар орнатылған емдеу, сауықтыру орындары көп. Емдеу техникасы, мамандар да жаман емес екені анық. Алайда бас қаламыз бұл мүмкіндігін толық пайдаланып отыр ма?

Кері кеткен көрсеткіш

«Астана ақшамының» үс­тіміздегі жылғы 28 наурыз күнгі нөмірінде «Туризм неге тұсаулы аттай тыпырлап тұр?» деген тақырыппен еліміздегі туризмнің даму жағдайына, оны өркендетуге тұсау болған түйткілді мәселелерге журналистік сараптама жасаған едік. Осыдан көп өтпей Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «Kazakh Tourism» АҚ пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің қызметін тексеріп, біраз былықтың бетін ашты.
Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға қажетті шарт-жағдай толық. Мемлекет те отандық туризмді дамытуға көңіл бөліп, қажетті жоба-жоспарын жасады. Бірақ ел экономикасын жандандырып, халық тұрмысын жақсартуға тың серпін беретін бұл саланың мемлекет қазынасына қосқанынан шашқаны көп боп шықты. Мәселен, «Kazakh Tourism» мен Туризм индустриясы комитеті 2 жылда туризм саласын жандандыруға ел бюджетінен 8,2 млрд теңге қаржы жұмсаған. Алайда салған қаржы көп болғанымен, табыс жоқ. Керек десеңіз, отандық туризмнің дамуы осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткіш деңгейіне де жетпей қалған. Дәлірек айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын жоспарланған (2007-2010 жылдар) «Қазақстанға 9,5 млн шетелдік туристі тарту» жоспары EXPO халықаралық көрмесі өткен 2017 жылы да орындалмаған.
Бір ел туризмінің даму көр­сеткіші сол елге келген шетелдік туристер саны мен ішкі туризмнен түскен кіріспен өлшенетіні белгілі. Елімізде бұл жағында да ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ. Атап айтқанда, ішкі және сыртқы туризм түлежігені сол, қазақстандық туристер шетелге ағылса, шетелден Қазақстанға саяхаттай келген туристердің саны да тым мардымсыз. Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақанұлының айтуынша, шетелге саяхаттап баратындардың үлесі Қазақстанға саяхаттап келетін туристер санынан 1,5 есе артық екен. Неге? Оның да себебін алдыңғы мақаламызда ашып айтқан едік. Мәселен, қазақстандықтар ел ішінде саяхаттайын десе, оған қажетті шарт-жағдайлар толық жасалмаған. Көптеген туристік орындардың инф­рақұрылымдары кемелденбеген, кейбір саяхат орындарында дәретхана да жоқ. Соған қарамастан бағасы удай қымбат, жол нашар, қатынасы қолайсыз. Туристерге қызмет көрсету сапасы да ойдағыдай емес. Сондықтан да біздің елге келетін туристер саны аз.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл жыл басынан бері Қазақстанға 7310 шетелдік турис­тік визамен келген. Еліміздің заңына сәйкес, туристік визаларды Қазақстанның шет елдердегі ресми мекемелері береді. Қазіргі уақытта әлемнің 67 елінде Қазақстанның 90 консулдығы жұмыс істейді. Ал Қазақстанның консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтарына туристік визалар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда беріледі. Осы тәсіл бойынша 2019 жылдың басынан бері 4656 шетел азаматы туристік виза ресімдеген. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан шетелдік туристерге электронды виза бере бастаған еді. СІМ мәліметіне қарағанда, бұл мүмкіндікті әзірге 2654 шетелдік пайдаланған. Әрине, Қазақстанның туристік әлеуетінен қарағанда, бұл көрсеткіштер де көңіл көншітпейді.

Ебін тауып есеп жасайды…

Осыдан біршама жыл бұ­рын бірыңғай маркетингтік жоспарды іске асыру және туризмді ілгерілету тұрғысынан орталық пен өңірлерді үйлестіру мақсатында құрылған «Kazakh Tourism» мекемесі құрылғаны белгілі. Басында өз жұмысын ойдағыдай атқарып, туризмнің түлеуіне түрткі болған бұл мекеме де жүре келе жүрісінен жаңылып, Қазақстан туризмін дамытудан гөрі, министрлік пен жеке компаниялар арасындағы делдалдық жұмыстан әрі аспай қалған сыңайлы. Тексеру кезінде бұл мәселе де баса айтылып, ұжым басшылары қатаң сөгіс алды.
Туризмді дамыту және оның болашақ жоспарын жасауға да қыруар қаржы жұмсалған. Алайда шығыс көп, кіріс жоқ. Мәселен, Есеп комитеті төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, «Қазақстандағы туризм жағдайы және қысқа мерзімді туризм мен ішкі туризмді дамыту жөніндегі ұсыныстар» тақырыбында зерттеу жүргізуге 25 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалса, «Туризм саласының келешегі» тақырыбына комитет 68 млн теңге бөлген. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дегендей, сонша қаржы шашқанда жоспардың жолы болып, кіріс те көбейсе жөн еді. Бірақ жағдай керісінше. Оның үстіне, тиімсіз жұмсалған 1,46 млрд теңгенің 96,5 пайызы бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібіне сәйкес келмейтінін ескерсек, тындыр­ғанынан былықтырғаны көп мекемелердің көп күшін «ебін тауып есеп жабуға» жұмсайтыны байқалады.
Бір ел туризмнің даму деңгейі сол елдегі ұлттық турис­тік ұйымдардың мәртебесі мен жұмыс жүргізу қуатына тікелей әсер етеді. Сондықтан да бұл арада ұлттық туристік ұйымдардың атқаратын жұ­мыс­тарына немқұрайды қарауға болмайды. Себебі бұл мекеме елдегі туризмнің дамуына қажетті шарт-жағдайларды әзірлеумен қатар, мемлекеттің туризмді дамытуға бағытталған саясаттарының нақты атқарылуын да қадағалап, бақылап отыруға міндетті. Бірақ Қазақстандағы ұлттық туристік ұйымдар бұл деңгейге әлі жете алмай отыр. Жетпек түгіл, өз мекемелерінің ішкі мәселесін де шеше алмағаны қынжылтады. Атап айтқанда, ұлттық компанияның құ­рылымы мен штат саны да ұйым алдына қойылған міндеттерді іске асыру қажетіне сай жасақталмаған болып шықты. 50 қызметкердің 24-і – 13 департаменттің басшылары. Оның үстіне, шығын шаш етектен болғанына қарамастан, қызметкерлерге 25 млн теңгеге жуық мерекелік сыйақы таратылған.

Турист тартудың жалғыз жолы осы ма?

Биылғы «Қазақстан аруы» байқауын ұйымдастырушылар «шараның мақсаты – шетелдік туристерді тарту» деп ұрандағанымен, әлеуметтік желі қолданушылар бұған басқаша пікір айтып, қарсы көзқарасты қарша жаудырып жатыр. Айтып айтпай, «атыңның басы қатып, жорғасы қап па» дегендей, еліміздің туризм саласы дүрілдеп, саяхат орындарының жалпы жағдайы жасалған болса бір сөз, үгіті ауқымды жасалмаған, шетелдіктер түгіл, Қазақстан азаматтарына да толық таныстырылмай жатқан туристік орындарды Қазақстан арулары та­ныс­тыр­ғанда, Үндістан мен Қытайдан қалың турист аузынан суы ағып жетеді екен-мыс. Қазақтың жерін емес, қызының сұлулығын көргелі келген турис­тер арулардың айтқанына елітіп, сол жерлерді көруге барады дегенге кім сенеді?! Мұны ұйым­дас­тырушылар да біледі. Бірақ «суға кеткен тал қармайды» дегендей, орынсыз шашқан ақшалары мен бейберекет жұмсаған қаржының орнын толтыру үшін осы қадамға барған сыңайлы. Сосын да аталған жобаның іріктеу кезеңін ұйымдастыруға 75 млн теңге бөлінсе, 34 млн теңге жаңа мемлекеттік бағдарлама жобаларын таныстыруға жұмсалған. Әсілі, бұл ақша 250-ден аса отандық және шетелдік инвесторларға Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыруға арнап бөлінген екен.
Туризм – барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, тез ақша табатын, үлкен болашағы бар сала. Алайда туризмді дамытуды желеу етіп, жоғарыдағыдай бір реттік шараларға ақша салу ешқашан шығынды өтемейді, саланы түлетпейді.

Халықаралық саммит елорда туризміне қарқын берсе…

Қазір Арқа төсіндегі ару қала – Нұр-Сұлтанның атағы аспандап тұр. Тоғыз жолдың торабына орналасқан жас қаланың қатынасы қолайлы, көркі де көз сүйсіндіреді. Оның үстіне, EXPO сияқты халық­аралық маңызы бар шаралардың бас қаламызда өткізілуі де астанамыздың абыройын одан әрі асқақтата түскені белгілі. Сосын да шығар, Қазақстанға келген, қазақ топырағына табаны тиген туристердің Нұр-Сұлтанға соқпай өтетіні кемде-кем. Дүниеде әйгілі саяхат орны саналатын Бурабай куроттық аймағына бет түзеген туристер де бұл қалаға бұрылмай кетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, елордамыз-Нұр-Сұлтанда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бірақ біз сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырған сияқтымыз.
Өткен жылы елордалық делегация Дүниежүзілік турис­тік ұйымның қала туризмін дамыту жөніндегі халықаралық 7-саммитіне қатысып қайт­қаны есімізде. Сол саммитте Нұр-Сұлтан қаласы 2019 жылы қыркүйекте қала туризмін дамыту жөніндегі халықаралық 8-саммиті өткізу құқығына ие болған еді. Әрине, бұған дейін Ыстанбұл, Мәскеу, Барселона, Марракеш, Куала-Лумпур, Сеул қалаларында өткен әлемдік жиынды бас қаламыз­дың өткізуі қуанарлық жайт. Өйткені жаһандық саммитті өткізу бас қаламыздың турис­тік және іскерлік әле­уетін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның және Орталық Азиядағы қалалардың туризм шаруашылығын шалқытуға тың серпін беретіні белгілі. Алайда содан бері бір жыл өтсе де, халықаралық жиын өтетін шырайлы шаһардан қазірге дейін ешбір қарпулы қимыл байқалмайды. Дәлірек айтқанда, «Туризмді дамытамыз» деп көп айтылғанымен, оны түлететін нақты жоба әлі жасалмай тұр. Бұл былай қарағанда бір қаланың мәселесі сияқтанғанымен, тұтас Қазақстан туризмін ілгері бастыруда немқұрайды қарауға болмайтын маңызды түйін. Әсілі, халықаралық саммит өтетін биылғы жылды «елорданың туризм жылы» деп жариялап, бас қала туризмін өзек еткен үгіт-насихатты ерте бастан күшейту керек еді. Бірақ біз әлі үнсізбіз. Кеш қалмайық!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button