Мәдениет

«Құдалар» немесе көршілер хикаясы

Биыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы екені белгілі. Елордадағы «Жастар» театрында екі елдің достығын арқау еткен «Құдалар» комедиясының премьерасы өтті. Туынды авторы – ақын, драматург, аудармашы Е.Уахитов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбай.

Бұдан бұрын бұл спектакльді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахналаған еді. Елордалық өнер ұжымының басқа емес, нақты осы шығарманы таңдауының себебін режиссердің өзінен сұрадық.
«Құдалар» – өткен ғасырдың сексенінші жылдары жақсы сұранысқа ие болған спектакль. Сол кезден бастап бұл шығармаға қызыққан едім. Көптен ойлап жүрген ойым биыл жүзеге асты. Көрермен басын қатырмасын, ел бір демалсыншы деген мақсатым болды. Алайда бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан келдім. Бас кейіпкердің бірін – қазақ, екіншісін өзбек етіп әдейі алдым. Сол кезде достық, бауырмалдық сияқты адамзаттық құндылықтар ойымда тұрды» дейді Н.Жақыпбай.
Спектакльдің шығармашылық тобына Өзбекстан азаматтары да тартылды. Атап айтқанда, Сунатилло Каримов Анар Жүсіповамен бірге билерді қойды.
Қойылымға «Көршілер» деген екінші атауды да қоюға болады. Себебі оқиға солардың арасында өрбиді. Көріністерге қатысушылар қазақ қария Әбдісалам (Азамат Эсқұлов) және өзбек шал Момын (Жандәулет Батай) қырық жыл көрші болып, ақыры кішкентайы­нан бірге өскен ұл-қыздары Нәдір (Мейірғат Амангелдин) мен Ділназ (Наурыз Сабағатова) бірін-бірі ұнатып, екі жақ құдандаласады. Алайда үй арасын бөліп тұрған қабырғаны бұзып тастап, күтпеген олжаға кенеледі. Сонда табылған ат басындай алтын екеуін серттерінен бездіріп, сергелдең күйге түсіреді. Оқиғалар шиеленісі көпшілікке күлкі сыйлап қана қоймай, шығарманың астарлы ақиқаты, шымшыма шындығы арқылы көрерменді парасат биігіне жетелейді.
Өзге рөлдерді Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Балжан Зияқұлова, Айнұр Рахипова, Шехназа Қызыханова, Бақыт Хаджыбаев сынды әртістер сомдайды. Жалпы әдеттегідей спектакль кейіпкерлері екі актерлік құрамнан жасақталған.
Премьераға Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері келіп, спектакльді ұнатты. «Жастар» театрына осы қойылымды Ташкент қаласында көрсетуді ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button