Мәдениет

Құнды қолжазбалар тапсырылды

Астана қаласының Мемлекеттік архиві мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен ақын, шежіреші, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Ғабдолла Мәмбетовтің жеке қорын архив қорына тұрақты сақтауға қабылдау шарасы өтті.

Архив қорына тапсырылған құжаттар Ғабдолла Бәйтенұлының туған өлкесі Қарақойын-Қашырлы өңірінің рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат береді. Шара барысында Ғабдолла Мәмбетовтың өмірбаяны, жазып қалдырған мұрасы арқау болған «Қашырлы сыр сандығы» кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітапта автор жайында мәліметтер, ой-пікірлері, пайымдары, Ғабдолла Мәмбетовтің шығармалары, өсиет сөздері, ел арасынан жинап-терген шежірелер мен дастандар топтастырылды. Қазіргі уақытта ұмытылып бара жатқан жер-су атауларының фотосуреттері де көрініс тапқан. Ғабдолла Бәйтенұлының жазып қалдырған мұрасы көпшілік назарына көрме арқылы ұсынылды.

– Ғабдолла Бәйтенұлы өзінің жазбаларында Қарақойын-Қашырлы өңірінде 1916 жылғы көтеріліске қатысқан адамдардың аттарын, олардың қаза болған, жерленген жерлерін тура көрсетті. Біз оны архив деректерімен салыстырып қарадық, бәрі дәл мәліметтер екен. Сондықтан да болашақта бұл қолжазбалар өте құнды болады деп ойлаймын, – деді Астана қаласының Мемлекеттік архиві директорының орынбасары Жангелді Бимолдин.

Шарада Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Тілеуғали Қышқашбай, Ғабдолла Мәмбетовтың ұлы Қуандық Ғабдуллин тапсырылған құжаттар мен мен қолжазбалардың мән-маңызына тоқталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button