Мәдениет

Ұлттық қойылымдар ұсынды

Өткен бейсенбі күні Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының ІІІ маусымы «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен (инсценировка авторы – Мирас Әбіл, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) жабылды. Өнер ошағы осы маусымды былтырғы күзде дәл осы қойылыммен ашқан еді. Бұл маусым аталмыш туынды авторы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды. Осы маусымда театр 186 мәрте спектакль ұсынып, қойылымдарды 35000 көрермен тамашалады.

ІІІ маусымда театр әралуан тақырып пен әртүрлі жанрда бас-аяғы үш  премьера ұсынды. Соның алғашқысы – «Күн астындағы Күнекей қыз» музыкалық ертегісі. Ертегінің инсценировкасын жасаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы режиссері – Данияр Базарқұлов. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерді Күнекей арқылы көрсетуге тырысқан өнер ошағы ертегі арқылы қазақтың болмысын танытуды, жас көрермендерге жамандық пен жақсылықтың, адалдық пен арамдықтың аражігін ажырата білуді үйретуді көздеді.

Биылғы ақпан айында аталмыш театрда көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің шығармасы желісімен сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы аншлагпен өтті. Премьераға шығарма авторы арнайы қатысып, өнер ұжымына ризашылығын жеткізіп, батасын берді. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген осы спектакль театрсүйер қауымның өтінішімен бір айда бірнеше рет репертуарға қойылды. Соның нәтижесінде төрт айдан астам уақыт ішінде 73 мәрте көрермен назарына ұсынылды.

Кинорежиссер Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартас» көркем фильмі қазақ кино өнерінің «Алтын қорына» енді. Премьерада спектакльдің қоюшы режиссері Асхат ­Маемиров Кеңес Одағы кезінде осы кинотуынды қазақ фильм­дері арасында көрсетілім жағынан «Қыз Жібектен» кейін екінші орын алғанын айтты. Сондай-ақ, театр ІІІ маусымының соңына қарай Асхат Максимұлының сахналауымен «Қыз Жібекті» де жаңғыртып, осы атаумен мюзикл ұсынды. Оны фильмде бас кейіпкерді сомдап, «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт ­Өтекешова тамашалап, жоғары бағалады. «Ақбоз ат» мүсіншесін мюзиклде Төлеген және Жібек бейнелерін сомдаған Оразалы Игілік пен Инабат Ризабековаға сыйлады.

Осы маусымда театр гас­трольмен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерін аралады. Құрылған уақыттан алғашқы гастролін биылғы сәуір айында Атырау, Құлсары, Орал, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында өткізді. Жарты айдан астам уақыт сапарда жүріп, аталған шаһарлар тұрғындарының құрмет пен қошеметіне бөленді. Ал маусым айында «Астанадан киелі Түркістанға сәлем!» атауымен қасиетті қалаға барып, бес спектакль ұсынды.

Музыкалық жас көрермен театры ІІІ маусымында таза ұлттық қойылымдардың премьераларын өткізді деп айтуға болады. Театрдың IV маусымы 8 қыркүйекте ашылады. Жаңа маусымда да өнер ошағында жаңалықтар көбейіп, көрермендерді қызықтыратын тың спектакльдер ұсынылады деп ойлаймыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button