Қала тіршілігі

Құрақ көрпелі экошырша

Нұр-Сұлтан қаласында биіктігі 6 метр болатын құрақ көрпе түрінде тоқылған бірегей шырша орнатылды.

Ерекше шыршаны безендіруге отандық қолөнер шеберлері, зейнеткерлер, оқушылар, мұғалімдер, қарттар үйі, қоғамдық қорлар, әлеуметтік кәсіпкерлер мен қолөнершілер қатысты. Бұл арт-нысан былтырғыға қарағанда екі есе биік. Жаңа жылдық шыршаға ұзындығы 70 000 метрден 70 келіден аса иірілген жіп жұмсалған.
Халықтық жоба елорда мен еліміздің өзге де қала тұрғындарын бір іске жұмылдырды. Тіпті Ресей мен Өзбекстан шеберлері де атсалысқан.
«Кішкентай балалар тоқу білмейді, ал қарттарымыз білетінін қалай үйретуді білмейді. Сондықтан «Бәйтерек» монументінде тегін шеберлік сабақтарын өткіздік. Мұндағы мақсат – ерікті ретінде адамдарды ортақ іске біріктіру. Біз Қазақстан тұрғындарының аялы алақандарының жылуын біріктіргіміз келеді. Экошыршамызға көрік бере отырып, елорда тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлағымыз келеді» деді жоба авторы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

Оның айтуынша, бұл жобаға ­Алтынай Жорабаева, Тамара Асар сынды белгілі өнер майталмандары да қолдау көрсеткен. Сондай-ақ «30 игі іс» акциясы аясында волонтерлер, қарттар үйіндегі әжелер тоқыған жылы шұлықтар, ойыншықтар, қолғаптар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратылды.
«Бұл – еріктілік жұмыс. Былтыр экошырша биіктігі 3 метр болса, биыл 6 метр болды. Сол сияқты өткен жылы осы шараға 50 адам атсалысса, биыл 200 адам қатысты. Олардың ең жасы кішісі 3-те болса, ең үлкені – 82-дегі әжеміз. Алдағы уақытта экошыршаны бұдан да биік жасауға тырысамыз. Ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймын. Осылайша, біз ата-бабадан өсиет болып қалған дәстүрімізді де әлемге паш еткіміз келеді. Осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз» деді жоба авторы.

Айта кетсек, экошырша «Астана Бәйтерек» монументі жанында «Нұр жол» (Ақ Мешіт көшесі жағынан) желекжолының бойында орналасқан.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button