Қала тіршілігі

Кәсіпке бағдар «Qabilet»-тен

Кеше «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығында «Qabilet» кәсіби бағдар беру қызметінің салтанатты ашылуы өтті. Аталмыш жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «El Umiti» бастамасы аясындағы Тұңғыш Президент Қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

«Qabilet» кәсіби бағдар беру қызметі 7-11-сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттерін анықтауға бағытталған. Сондай-ақ жасөспірімдердің сұранысқа ие мамандық таңдауына көмектесіп, жоғары оқу орындары туралы толыққанды мәлімет береді. Түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына психологиялық көмек көрсетеді.
Орталықта диагностика жүргізу бойынша арнайы бірнеше маман жұмыс істейді. Клиенттермен байланыстағы менеджер телефон арқылы өтінімдерді қабылдап, бағдарламалардың электрондық базасында тестілеуден өтуге ниет білдірушілерді тіркейді. Ал психолог-кеңесші тестілеуден өту кезінде консультациялық көмек көрсетеді. Кәсіптік бағдар беруші (психолог) Қазақстанның арнайы орта және жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берсе, үйлестіруші маман (психолог) қанатқақты мектептердің қызметіне әдістемелік сүйемелдеу жүргізіп, мектеп психологтарына кеңес бере отырып керек болса олардың жұмысына көмек көрсетеді.
Ашылу рәсімнен кейін қонақтарға кәсіби бағдар беру қызметінің барлық мүмкіндіктері таныстырылды. Тестілеу барысы қонақтардың да үлкен қызығушылығын тудырып, олар да диагностикадан өтті. Сондай-ақ шара барысында ҚР арнайы­-орта және жоғары оқу орындарының базасы таныстырылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button