Басты ақпарат

Қытайдың қуаты һәм мұраты

Сарапшылар әлемдік тәжірибеде 40 жыл бойы ЖІӨ жылына 9,5 пайыз өскен Қытайдан басқа ел жоқ дейді. Шынында, Қытайдың кешегісі мен бүгінін саралап, рекордтық көрсеткіш қуалаудан алдына жан салмайтынын көресіз. Қараңызшы, әлемдегі ең ұзын көпір Қытайда. Оның ұзындығы 55 шақырымды құрайды. Бұл көпір Гонконг-Макао-Чжухай қаласын байланыстырады. Жалпы жаһандағы ең ұзын 10 көпірдің 7-уі – Қытайда. Қытай әлемдегі ең көп биік ғимараттарға ие (150 метрден жоғары). Бұл қатарға 600 метрді құрайтын «Canton» телемұнарасы, сондай-ақ, Гуанчжоу қаласындағы екі ғимарат: «CTF» қаржы орталығы (530 метр) мен «IFC» халықаралық қаржы орталығын (440 метр) атауға болады. Әлемнің ең ұзын 10 ғимаратының 5-еуі – Қытайда. Әлемдегі ең ұзын су астындағы автомобиль тоннелі де Қытайда. Тайху көлінің астынан өтетін тоннель Сучжоу-Уси-Чанчжоу экспресс жолын байланыстырады. Оның ұзындығы 10,79 шақырымды құрайды. ХХ ғасырдың 60-жылдары кедей аграрлы ел саналған Қытай әлемдік деңгейдегі қуатты елге қалай айналды?

[smartslider3 slider=3746]

АҚШ-ты артқа тастай ма?

Дэн Сяопин экономикалық реформасында өнеркәсіп және қызмет көрсету саласын дамытуға басымдық берілді. 1979 жылдан бастап Қытай өнеркәсіп кәсіп­орындарын жаңғырту және салу үшін шетелдік инвесторларды тартып, шетелдік компаниялар үшін арнайы экономикалық аймақтар құрды. Бұл бағытта 14 жаңа қала мен порт ашылып, инвесторлар үшін арнайы валюта айырбастау пункттері іске қосылды. Сөйтіп, бірте-бірте Қытай экономикасының ауыл шаруашылығына тәуелділігі азайып, өнеркәсіп өндірісіне бағыт алды.

Өнеркәсіп саласы дамып, экспорт көлемінің өсуі Қытай экономикасына серпін берді. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1976 жылы ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 1,6 пайыз деңгейінде тіркелсе, 1990 жылы – 9,9 пайыз, 2000 жылы – 10,3 пайыз, 2018 жылы – 6,6 пайыз. 2000 жылы Қытайдың әлемдік экономикадағы үлесі 3,6 пайыз болса, 2018 жылы 18,3 пайызды құрады. 2028 жылға қарай Қытай экономикасы АҚШ-ты басып озады деген болжам бар.

Статистикалық деректер Қытайдың қуатын көрсетіп береді. Мәселен, тауар экспорттық деңгейін саралағанда: 1970 жылы 2,7 млрд долларды құраса, 1990 жылы – 55,3 млрд доллар, 2010 жылы – 1654,8 млрд доллар, 2020 жылы 2726,1 млрд долларға жетті. АҚШ экспортының әлеуеті келесідей: 2010 жылы – 1968,2 млрд доллар, 2020 жылы – 2405,3 млрд доллар. Яғни Қытай қазірдің өзінде экспорт жөнінде АҚШ-ты басып озды.

Қытайдың әлемдік экономикадағы орны туралы айтқанда, ЖІӨ: 1990 жылы – 12-орын, 2020 жылы – 2-орын; ауыл шаруашылығы саласында: 1990 жылы – 2-орын, 2020 жылы – 1-орын; өнеркәсіп саласында: 1990 жылы – 9-орын, 2020 жылы 1-орынды көрсетеді.

Статистикалық деректер Қытайдың қуатын көрсетіп береді. Мәселен, тауар экспорттық деңгейін саралағанда: 1970 жылы 2,7 млрд долларды құраса, 1990 жылы – 55,3 млрд доллар, 2010 жылы – 1654,8 млрд доллар, 2020 жылы 2726,1 млрд долларға жетті. АҚШ экспортының әлеуеті келесідей: 2010 жылы – 1968,2 млрд доллар, 2020 жылы – 2405,3 млрд доллар. Яғни Қытай қазірдің өзінде экспорт жөнінде АҚШ-ты басып озды

Жалпы Қытай экономикасында қызмет көрсету саласы – 35,2 пайыз, өнеркәсіп саласы 30,8 пайызды құрайды. Бұл екі сала табыстың басым бөлігі екені айтпаса да түсінікті. Одан кейін сауда-саттыққа – 11 пайыз, ауыл шаруашылығы саласына – 8 пайыз, көлік және логистика саласына – 7,8 пайыз, құрылыс саласына 7,2 пайыз тиесілі.

Қытай әлемдік экономиканың көшбасшысы болу мақсатын жасырмайды әрі арзан тауар мен жұмыс күшін жеткізуші емес, инновациялық технология өндіретін локомотивке айналуды мұрат етеді. Тіпті жаһанданудың сценарийін жасауға ниетті. Бұл сөзімізге Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2017 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда «…біз экономикалық жаһандануға бейімделіп қана қоймай, оның кері әсерін азайтуымыз керек. Ұнаса да, ұнамаса да жаһандық экономика – қашып құтылу мүмкін емес үлкен мұхит» деп мәлімдегені дәлел болады.

Міне, Қытай осы «мұхитта» жан-жағын түгелімен жұтып жіберуге дайын. Оған кедей және дамушы елдерді экономикалық экспансия жасауы дәлел болады. Мәселен, REGNUM агенттігі Қытайдың Африка елдеріне инвестициясы соңғы 20 жылда 225 есеге өскенін хабарлайды. 2003 жылы Қытайдың Африкадағы инвестиция көлемі 74,8 миллион доллар болса, 2020 жылы 4,2 миллиард долларға жетті. Жалпы 2019 жылға дейін Қытай Африканың 54 елінің 52-сіне инвестиция салды.

Африка қытайлана ма?

Ресми Бейжің қара құрлықты құрығына түсіруі қалай басталды? Бәрі 2000 жылы Қытай-Африка ынтымақтастығы форумынан басталды. Яғни Қытай Африка елдерін қамқорлығына алатын болып, инвестиция салудың жолын тапты. Сөйтіп, африкалық студенттерді оқыту, бизнесті дамытуда қайтарымсыз грант беру, жаңа жұмыс орындарына мамандар даярлау, медициналық орталықтар құру, дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік апаттар кезінде гуманитарлық көмек көрсетумен қатар ұзақ жылға несиелер берді.

2000-2019 жылдар аралығында Қытайдың африкалық бизнеске берген несиесі 153 миллиард долларға бағаланды. Сөйтіп, Қытай Африка елдерінде 3,5 мыңнан астам компания құрып, өндіріс, бизнес, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы және т. б. саласында миллионнан астам қытайлық келіп, мыңдаған шақырымдық жолдар, стратегиялық маңызды көпірлер, әлеуметтік нысандар салуға тартты.

2009 жылдан бері Қытай – Африка елдерінің негізгі сауда серіктесі. 2000 жылы тауар айналымы 10 миллиард долларды құраса, 2017 жылы 180 миллиард долларға жетті. Жалпы 2019 жылға дейін Қытай Африканың 54 елінің 52-сіне инвестиция салды.

Бүгінде Қытайдың негізгі серіктестері: Египет, Нигерия, Алжир, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Оңтүстік Африка Республикасы, Конго, Ангола, Замбия, Гана, Зимбабве, Кения, Ангола, Марокко, Нигер, Камерун, Чад және т. б.

Қарыздың жүгі ауыр болатыны белгілі. Қазір Африка елдерінің Қытай экспансиясына қарсы тұратын қауқары жоқ. COVID-19 әлемдік экономикаға тікелей әсер етіп, шикізат бағасы құлдырады. Соның салдарынан Ангола, Чад, Конго, Мавритания, Судан және т. б. елдер қаржылық қиындыққа тап келіп, Қытайдың даму банкі (CDB) мен Эксимбанктен (экспорт-импорт банкі) қарыз алды.

Қарызға қызмет көрсетуді тоқтату бастамасы (DSSI) бойынша 46 ел, соның ішінде Африканың 31 елі екіжақты қарызды өтеу бойынша жеңілдік сұрап отыр. Мәселен, Ангола CDB банкке 14,5 миллиард доллар, Эксимбанкке 6,2 миллиард доллар қарызы бар.

Қытайдың әлемді ың-шыңсыз бағындыру саясатына ешкім бас тартқыза алмайды. Бұл – бағзыдан келе жатқан арман-мұраты. Саясаткерлер арасында АҚШ Қытайдың екпінін басуда коронавирус инфекциясын таратты дегенді қолдайтындар бар. Мұның ақиқатын білмейміз. Бір анығы, ресми Вашингтон G-7 Build Back Better World бастамасы аясында құрылған Халықаралық даму қаржы корпорациясы арқылы Қытайдың қызметіне қарсы тұруға тырысуда. Еуропалық Одақ өзінің «Африкадағы жаһандық стратегиясын» әзірледі және жүзеге асыруға мүдделі.

Әлем алпауыттары қара құрлықты игеруге жанталасуының себебі неде? Өйткені bp.com ақпараттық платформасы таратқандай, Ливия – 6,3 млрд тонна, Нигерия – 5 млрд тонна, Ангола – 1,6 млрд тонна, Алжир – 1,5 млрд тонна, Оңтүстік Судан – 0,5 млрд тонна, Габон – 0,3 млрд тонна, Чад, Оңтүстік Судан және Конго Республикасы – 0,2 млрд тонна, Экваторлық Гвинея 0,1 млрд тонна мұнай қорына иелік етіп отыр. Табиғи газ бойынша көрсеткіштер: Нигерия – 5,3 триллион текше метр, Алжир – 4,5 триллион текше метр, Египет – 1,8 триллион текше метр, Ливия – 1,5 триллион текше метр.

Қысқасы, Африка құрлығы Қытай билігі үшін өз ойын жүзеге асыруға оңтайлы орын болып тұр. Енді қытайлықтарды қуса да кетпейді. Оған Африка елдерінің дәрмені де жоқ. Себебі Қытай банктеріне белшесінен қарызға батты.

Дамудың сыры неде?

Қытайдың Орта Азия елдерінің энергетикалық ресурсына қызығушылығы жоғары. Өз кезегінде Қазақстан билігі де Қытайды инвестициялық ынтымақтастық саласында маңызды серіктес санайды. 1993 жылы Қытай 5 миллион доллар инвестиция салса, 2019 жылы 340 есеге өсіп, 1,7 миллиард долларды құрады. Дереккөздерге сенсек, Қазақстан Қытайға 11 миллиард доллар қарыз деген мәліметті оңай табуға болады.

Енді Қытайдың өркениет көшінде алдыңғы орынға шығуының сырына тоқталсақ: саяси жүйенің тұрақтылығы; арзан жұмыс күші; оңтайлы валюталық саясаты; әлемдік технологиялық брендтерді көшірудің тиімді әдісін табуы; экспортқа бағытталған өнеркәсіп саясаты; салықтық жүйеде қатаң талаптар қойып, көлеңкелі экономиканы құрықтау­ға күш салуы; жемқорлыққа қарсы оңтайлы жұмыстарды жүргізуі шешуші рөл атқарғанын ұғамыз. Осы 7 пункт бойынша біздің елде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр, өздеріңіз бағамдап көріңіз.

Ықпалды державаға айнала ма?

Қытайдың негізгі мұраты белгілі. Ол – әлемдегі ең ықпалды державалы елге айналу. Агрессиясын ашық білдіре қоймаса да, көршілес елдерге, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне ара-тұра экономикалық қысым көрсетіп қояды.

АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға ресми сапарынан кейін Америка мен Қытай арасындағы саяси шиеленіс өрши түсті.

Ресми Бейжің Вашингтонның саяси ұстанымын айыптап, Фуцзянь провинциясына зымырандарын жеткізіп, әскери жаттығуларды үдетті. Тіпті «Теңіз, әуе және құрлық әскері тартылды. Біз дәлдігі жоғары қарудан оқ атып, әскердің кез келген штаттан тыс жағдайға дайындығын тексереміз» деп мәлімдеді Қытай халықтық-азат етуші әскері шығыс қолбасшылығы штабы басшысының орынбасары Гу Чжун.

Тарихтан Тайвань аралы Қытай, Жапония, Голландия және Испанияның иелігінде болғанын жақсы білеміз.

ХХ ғасырдың 40-жылдарының аяғында Қытай экономиканы жаңғырту кезеңінде АҚШ-тан инвестиция тартып, нәтижесінде Вашингтонның талап етуімен Тайваньдағы ықпалынан ­айырылды. Осылайша Қытайды өркендеудің өрісіне түсірген Дэн Сяопин «Тайвань проблемасын» болашақтағы ұрпағына аманаттап кеткен-ді.

Бүгінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин Тайваньның саяси-экономикалық мән-маңызы жоғары болғандықтан, Тынық мұхитындағы 36178 шаршы шақырымды құрайтын аралды өз иелігі санайды.

Расында, Қытай Тайвань аралын маңызды аспект санайды. Бұл арал Солтүстік пен Оңтүстік Азияны жалғайтын су жолының ең маңызды бақылау пункті ретінде бағалы. Яғни Оңтүстік Корея мен Жапонияның Оңтүстік-Азия елдеріне, тіпті Африкаға баратын кеме жолдарын бақылауда осы арал маңызды рөл атқарады. Сондықтан Қытай Тайвань үшін қолына қару алып, соғысудан тайынбайтынын көрсетіп бағуда.

Егер Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-саттық соғысы орын алса, әлемдік импорт-экспорт балансы бұзылып, экономикалық дағдарыс орын алатыны белгілі. Мұның зардабы мен залалы соғыс­тан да ауыр болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button