Басты ақпаратСаясат

Ресей соғысқа дайындалып жатыр ма?

Қазіргі таңда әлемдегі қауіпсіздікті сақтау жағдайының уақыт озған сайын нашарлап бара жатқанын мұның алдында да жазғанбыз. Содан бергі өткен аптадан астам мерзім ішінде ахуал нашарлай түспесе, оңала қойған жоқ. Керісінше, бұрынғыдан бетер қоюлана түскен сияқты. Бұған қазанның 27-сі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Бірінші комитетінің қарусыздану мәселесін қараған кезекті отырысының қорытындысы да нақты дәлел бола алады. Осынау халықаралық жиын әлемдегі күш қаруы жағынан қуатты елдердің арасына түскен жіктің тереңдеп бара жатқанын анық көрсетіп берді.

Біздің жоғарыдағыдай риторикалық сұрақ қоюымыздың айғақты себептері де бар. Бұл сауал жоғарыда айтылған отырыстың қорытындысынан кейін қау ете түсті. Сөйтіп, қарусызданудан бас тартқан жақ АҚШ-ты тәубесіне келтіріп, сабасына түсіруді көздейтін шара қолдануды ұсынып отырған тарап, жеме-жемге келгенде, өзі соғысуға құштар болып отырған елге айналып шыға келді.
Ал жиын Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі келісімнің (ОЖҚР) күні келмеске кеткеніне көз жеткіздірді. Ресейдің бұл тараптағы әрекеттерінің бәрі сәтсіз аяқталды. Ресей тарапы Бас Ассамблеяның Бірінші комитетінде ОЖҚР-ны нығайту туралы қарарын қоса ұсынды. Бірақ АҚШ төңірегіне топтасқан көпшілік бұл құжаттың қабылдануына жол бермеді. Сол көпшіліктің арасында бұдан бір апта ғана алдын Құрама Штаттардың келісімнен шығуына үлкен алаңдаушылықпен қарап, мұндай қадамның ОЖҚР-ны біржола тақырға отырғызатыны туралы дабыл қаққан Германия мен Франция да болды. Сол кезде Ресей Сыртқы істер министрлігі қару-жарақты таратпау және бақылау департаменті бастығының орынбасары Андрей Белоусов оқиғаның бұлайша өріс алуына беретін өз жауабы да дайын екендерін ашып айтты.

Отырыста қойылып отырған мәселеге байланысты дауыс беру өте қызу кескілескен пікірталас жағдайында өтті. Оның барысында АҚШ өкілі Роберт Вуд «соңғы бес жылдың көлемінде Ресейдің ОЖҚР жөніндегі келісімді бұзуына тосқауыл қоюдың мүмкін болмағанын» айта келіп, жағдайдың бұлайша қалыптасуына Вашингтонның бұдан әрі төзе алмайтынын ашына жеткізді. «Таяуда олар жерден ұшырылатын зымырандарды шығарып келгендерін ақыры мойындады, бірақ ОЖҚР талаптарын бұзбағандарын айтып, ант-су ішті» деді ол осы сөздің сыңайында. Ал АҚШ мұндай жағдайда келісімді сақтап қалудың ешбір мағынасы жоқ деп есептейді.
Бұған Андрей Белоусов сол бойда Мәскеудің соңғы бес жылдың беделінде ғана емес, сонау 2000 жылдан бері қарай Вашингтонға келісімнің шарттарын бұзып отырғандары жөнінде сөз қозғап, жауап қайтарды. Бұдан әрі Ақ үй келісімнен шығатын болса, Кремль де соған лайықты әрекет жасайтынын білдіріп өтті. Сонымен бірге америкалықтардың Ресейдің «соғысқа дайындалып жатқаны» жөніндегі мәлімдемесіне де жауап бере кетті.
«Жақында Құрама Штаттарда өткен отырыста Ресейдің соғысқа дайындалып жатқаны айтылды, – деді Белоусов. – Иә, Ресей соғысқа дайындалып жатыр, мен оны растаймын. Иә, біз өз отанымызды, территориялық тұтастығымызды, принциптерімізді, адамдарымызды қорғауға дайындаламыз. Біз сондай соғысқа дайын боламыз. Бірақ АҚШ-қа қарағанда елеулі айырмашылығымыз бар.

Және лингвистикалық тұрғыдан келгенде, бұл орыс тілінде де ағылшын тіліндегідей бар-жоғы бір сөзбен кестеленіп беріледі: Ресей Федерациясы соғысқа дайындалады, ал Құрама Штаттар соғысты дайындайды».

«Әйтпесе, Құрама Штаттарға келісімнен шығып, ядролық әлеуетін арттырудың, жаңа ядролық доктринаны қабылдаудың не керегі бар? Біздің бәрімізді ойландыратын осы сұрақ» дегенді қосты ол сосын. Белоусов бұл сөздерді отырыста Ресейдің ОЖҚР келісімін нығайту жөніндегі қарарының жобасы қабылданбай тасталғаннан кейін айтты. Оның ойынша, «қалыс қалған елдердің басым бөлігі – ядролық қарусызданудың белсенді жақтастары, қарсы дауыс бергендердің айтарлықтай көп бөлігі Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі келісімнің жақтастары еді». Отырыста Ресей қарарына қарсы 55 ел қарсы дауыс берсе, 31 мемлекет қолдады, ал 53 дәулет қалыс қалды. Ресей өкілі осыған орай мұндай екіжүзділік позициясын түсіне қоймайтынын білдірді.
Арғы аптаның соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің «көп жылдардан бері» келісім талаптарын бұзып келе жатқанын сынға алып, сондықтан енді одан өздерінің шығатындарын мәлімдеген болатын. Оның айтуына қарағанда, Америка тарапына Ресей мен Қытай «ақылға келіп», орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жасаудан бас тартқанша «сондай қару жүйесін дамыту айрықша қажет». Тек сол жағдайда ғана АҚШ келісімнің аясында қала береді.
Ал Ресей президенті Владимир Путин өз тарапынан Мәскеудің кейінгі кездері Американың Еуропаға әкеліп орналастырып жатқан жаңа ракеталарына сол сипатта жауап қайтаруға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Еуропа елдері Америка ракеталарына орын сайлау арқылы өз территорияларына соққы берілуі ықтималдылығын тудырып, өздерінің қауіпсіздіктеріне қатер төндіріп алады. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтқандай, Вашингтонның бұл төңіректегі кез келген оғаш әрекетіне Ресей тарапынан тиісті жауап беріліп тұрады.
Бұл ретте әлем сарапшылары айтқандай, АҚШ-тың ОЖҚР келісімінен шығуы Ресейдің де көп ұзамай соның жолын қуып, жаһанда жаппай қарулану үдерісінің қайта басталып кетуіне бірден-бір жол ашып бермекші. Мәселен, Мәскеудегі Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті саясаттану және социология кафедрасының меңгерушісі Александр Перенджиев АҚШ-тың келісімнен бас тартуы оның ядролық оқтұмсық тасымалдайтын мұндай зымырандарды өндіруді ашық жолға шығарудың амалы деп санайды. Мұның соңы бұл қарулану жарысына Қытай, Үндістан, Пәкістан, КХДР, сондай-ақ Израиль мен Иран секілді елдердің қосылып кетулеріне апарып соқтырады.
Сарапшылар сонымен қатар АҚШ-та 6 қараша күні өтетін Сыртқы істер министрін сайлаудан кейін бірқатар жағдайдың өзгеріп кетуі мүмкін екенін де айтып отыр. Егер бұл таласта президенттің кеңесшісі Джон Болтон жеңіске жетсе, жаппай қарулануға бірінші кезекте көңіл бөлінгелі тұр. Ал қазіргі министр Джеймс Мэттис орнында қалса, ол Трамптың өрекпіген көңілін біраз басып отыруға жарайды.
Осы күндерде Ыстанбұлда өткен Сирия мәселесіне қатысты саммитте де біраз жайдың басы ашылып қалғандай болды. Оған Ресей, Германия, Франция және Түркия өкілдері қатысты. Ал АҚШ пен Иран бұдан қалыс қалды. Жиынға қатысушылар Сириядағы ұрыс қимылдарына біржола нүкте қоятын кез келді деген ұйғарымға келді. Бір қуанарлығы, саммитті жүргізген төрт елдің басшылығы бұл мәселе жөнінде бір ойдан шыға бастаған сияқты. Мысалы, басында Анкара Сириядағы Башар Асад билігін құлатуға қатты мүдделі болып еді. Кейін оның Мәскеу уәжіне тұруына тура келді. Дегенмен бұл жерде АҚШ тарапынан орын алуы ықтимал кері әсерлер мен қарсы әрекеттердің саммит келіскен тұжырымның дер кезінде орындалуына кедергі келтіруі мүмкін. Себебі мұндағы бүлікшілдер мен ДАИШ әскерлерін күні кешеге дейін Вашингтон мен Тель-Авивтің қаруландырып келгендері қазір ешкімге жұмбақ болмай қалды.
Бәлкім, жағдайдың сәйкес келіп қалғандығынан да шығар, тап осы кездері Ресей «Самарқанд» радиоэлектронды күрес кешенін (РЭК) қолайлы орындарға орналастыра бастады. Бұл аса құпия санаттағы ең соңғы қару үлгісі соның ішінде Калининград облысы мен Беларусь аумағына барып жайласқаны да белгілі болды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button