Жаңалықтар

Сайлау үдерісін түсіндірді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ­Нұрлан Әбдіров елордалық жастармен кездесіп, сайлау үдерісіне қатысты мәселелерді түсіндірді.

[smartslider3 slider=2475]

Отырысты ашып, сөз сөйлеген Н.Әбдіров қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясының қызметкерлері барлық өңірлерді аралап, сайлау үдерісін жетілдіру бойынша электораттың және жастардың пікірін зерделеуге кіріскенін атап айтты. Ал жастар сайлау­шылардың 36%-ға жуығын құрайды. Кездесуде пропорцио­налды, мажоритарлық сайлау жүйесінің артықшылықтары және кемшін тұстары, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде әлеуметтік желілерді қолдану қажеттілігі туралы мәселелер қызу талқыға түсті.

Жастар ұйымдарының өкілдері тарапынан Орталық сайлау комиссиясына жастардың сайлау мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша оқыту шараларын көбейту туралы ұсыныстар айтылды. ОСК төрағасы бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында азаматтардың саяси мәдениетін дамыту қажеттілігін атап өткенін жеткізді. Ал саяси мәдениетке сайлау мәдениеті де жатады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі.

Кездесу барысында жастар арасында кейбір сайлау мәселелеріне қатысты қоғамдық пікірді білуге онлайн сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 54,5%-ы компьютер, смартфон, планшет қолдану арқылы қашықтан электронды дауыс беруді қолдайтыны белгілі болды. Ал 10,1%-ы сайлау учаскелерінде стационарлы электронды дауыс беруді жақтады, 27,8%-ы жоғарыда аталған екі дауыс беру түріне де қолдау білдірді. Сонымен бірге қағаз бюллетеньдер арқылы дәстүрлі түрде дауыс беруді 7,6% қатысушы қолдады.

 «Қазіргі сәтте біздің елде, елордамызда сіздер сияқты саяси сауатты, белсенді және ерекше ойлы жастардың бар екені мақтаныш. Айтылған ұсыныстарыңыздың бәрі назарға алынып, қолдауға ие болады» деді комиссия төрағасы.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button