ЖаңалықтарМәдениет

САЛАУАТ ӘРІ АМАНАТ

kazakiya-2-asli

Белгілі журналист Бекен Қайратұлының осыдан бірер жыл бұрын жеті қазынамыздың бірі – жылқы жайында егжей-тегжейлі жазылған анықтамалық еңбегі жарық көрген еді. Ал жақында ғана «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі-публицистикалық толғауын жариялады. Бұл кітапты ұлттық тарихымызда үш жүз жылға жалғасқан отаршылдық дәуірдің қысқаша жылнамасы деп те бағалауға болады екен.

Автордың өзі: «Кеңес ке­зінде қалтарыста қалып қойса да, өткен ғасырдың 30-ыншы жыл­дардың зұлматына дейін қазақ зиялы­ларының ішінде осы тақырыпқа тоқталмағаны кемде-кем болатын. «Өткенге – салауат, ер­теңге – аманат» ретінде осы бағыт­тағы дерек көздерін ой елегінен өткізіп жазылған дүние. Егемен еліміздің ұла­ны­ның рухани санасын оятуға тамызық болады деген үмітім де жоқ емес» деп жазыпты алғы сөзінде.
Туындыны оқи отырып, өз дерті­міздің дауасын тапқан­дай әсерде боласың. Отарлау саясаты­ның әлемдік тарихына жүгінген автор еуропа­лық­тар­дың отарынан 1942 жылы азаттық алған Индонезия елінің көсемі Сукарноның «Жайлы, жеңіл ауру болмайтыны сияқты, жағымды отаршылық та болмайды» деген сөзін келтіріп, оны Елба­сының сөзімен тұжы­рымдайды.
Айта кететіні, осы тақырыпты зерттеген ғалымдардың еңбек­терінің негізінде жиналған ақ­парат­тарды саралай отырып, орыс отар­лығының үш ғасырлық оқиғалар желісін топтастырып, уақыттық және мазмұндық тақырыптарға бөліп, отар елдің стратегиясы мен тактикасын әшкерлеумен оқырманға тартымды бола түседі.
Сол себепті Алтын орда дәуі­рінен бастап, Русь князь­дерінің күшеюі мен Қазақ хандығының құрылуына қатысты материалдарды топтастырып, патшалық ресейдің отарлау саясатының қалай басталғанына тоқталады. Олардың экспедициялық жо­рық­тарының басталуы, барлау-тыңшылық әрекет­тері, белдеу-шеп және бекі­ністерді салу үде­рісі, орыс-казак жаса­ғының отарлау саясатына араласуы, орыстандыру сая­сатының жүр­гізілуі ғалым­дар­дың көзқарасына сүйене отырып, ойын жеткізген.
«Мына қым-қуыт заманда көбі­міздің кітап кеміріп, мұра­ғатта жүретін уақы­тымыз жоқ. Бірақ сананы сәулелендіретін дүниеге тапшымыз, іздеп жүре­міз. Адам баласы солай жаратыл­ған. Осы қажеттілікті ескеріп, қалың оқырманға түсінікті болуы үшін отарлау тақыры­бын­дағы ғылыми зерттеулердің қаймағын қалқып өтіп, зерделеу арқылы оқырманмен бөлісуге асықтым. Бұл алдағы жұмыстың басы ғана» деген сөзі Бекен Қайратұлының қалың оқырманға әлі де талай ұлағатты дүние береді дегенге сендіреді.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button