Sport

Сейдімбек турнирі серпілтті

Нұр-Сұлтан қаласында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында белгілі публицист-ғалым Ақселеу Сейдімбек атындағы бильярдтан IV жазушы-журналистер арасындағы дәстүрлі турнир мәреге жетті.

Ақселеу Сейдімбек атындағы тастаяқ турнирі журналистер қауымы асыға күтетін сайыс­тың біріне айналған. Биыл осы дәстүрлі жарысты ұйымдастыруды және жүлде қорын ел газеті «Egemen Qazaqstan» ұжымы көтерген екен.
Ал жарысқа келер болсақ, мергендер бәсекесінде 50 жазушы-журналист бағын сынады. Олар аға буын және жас буын болып екіге бөлінді.
Атап айтқанда, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Жүрсін Ерман, Алдан Смайыл, Тұрсын Жұртбай, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Сауытбек Абдрахманов, Намазалы Омашұлы және басқа да жақсылар мен жайсаңдар жарыстың көрігін қыздырды. Сөйтіп күнімен шар соққан мықтылардың арасынан шын шеберлер суырылып шықты. Аға буын арасында отандық журналистиканың майталманы, ғалым-ұстаз Намазалы Омашұлы жеңіске жетті. Екінші және үшінші орынға белгілі журналистер Сәдібек Түгел мен Кенже Жұмағұлов ие болды.
Ал жас буын арасындағы жарыс өте тартыс­ты өткенін атап өткіміз келеді. Дегенмен, «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Мақсұт Ержанов жеңімпаз атанды. Күміс жүлде белгілі ақын-журналист Талғат Ешенұлының қанжығасына байланды. Үздік үштікті журналист, Ішкі істер министрінің кеңесшісі әрі ведомствоның ресми өкілі Нұрділда Ораз түйіндеді. Сондай-ақ бірқатар белсенді ойыншыларға түрлі аталым бойынша арнайы диплом табысталды.
Түптеп айтқанда, ел газетінің жүлдесі үшін өткізілген Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир қаламгер қауымның көңіл-күйін кәсіби мерекелері алдында бір көтеріп те, серпілтіп те тастады.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button