Жаңалықтар

СЕРГЕЙ БЕЗРУКОВ СӘЛЕМ БЕРДІ

8f1142b1cf96079394f7a6f27f5

Кеше елордада ІІІ халықаралық «Сахнадан сəлем» театр фестивалінің шымылдығы Ресей халық әртісі Сергей Безруков жетекшілік ететін Мәскеу губерниялық театрының «Сирано де Бержерак» қойылымымен түрілді. Спектакльдегі бас кейіпкердің рөлін атақты актердің өзі сомдады. Қойылымның басты ерекшелігінің бірі – оны көру қабілеті нашар және зағип жандардың арнаулы тифлокомментатор арқылы қабылдай алуына лайықтап жасалғандығында.

«Біздің ұжым – әзірге зағип жандар мен көзі нашар көретіндерге арналған Ресейдегі жалғыз театр. Кемістігі бар болсын, жоқ болсын, барша көрерменге рухани ләззат сыйлауды мақсат тұттық. Алғашқы қадам ретінде тифлокомментатордың көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандарды театрымызға тарта бастадық» дейді С.Безруков.
Жалпы, биылғы халықаралық фестивальге, Мәскеу губерниялық театрын қосқанда, он екі өнер ұжымы қатысып отыр. Астана күні мерекесі қарсаңында еліміздегі Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Петропавл, Талдықорған және Түркістан театрлары, сонымен қатар А.Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік академиялық Орыс драма театры бір апта бойы елордалық көрерменнің назарына үздік қойылымдарын ұсынбақ. Қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша, Астананың 17 жылдығын тойлау нақ осы театр апталығымен басталып отыр.
Енді осы театрлар қоятын қойылымдардан хабар берсек, А.Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының әртістері Лев Толстойдың повесі негізінде «Холстомер. История лошади» қойылымын ұсынады.
Қазақстандық театрлар «Шоқан», «Махаббат мұңы», «Естайдың Қорланы», «Хандық аманат», «Қара шекпен», «Ақымақ болған басым-ай», «Қорқыттың көрі» сынды әралуан тақырыптағы спектакльдерді қояды. Аталмыш қойылымдар елордадағы театр сахналарында жүргізіледі.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button