Басты ақпаратМәслихат

«Сергек» сенімді ақтай ма?

Астана қаласы мәслиха­тының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комис­сиясы отырысында қала тіршілігінің барлық салаларына инновациялар мен жаңа технология­ларды енгізу мәселесі талқыланды. Тиісті баян­дамаларды тыңдаған соң депутаттар тақырыпқа сәйкес маңызды мәселелерді көтерді.

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Кейінгі кезде балаларға қатысты орын алған қайғылы жағдайларды еске алған депутат Қарақат Абден оқушылар қауіпсіздігі бағытында қандай шаралар қолға алынғанын сұ­рап, Инвестициялар және кә­сіп­керлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровқа ұсыныс айтты.
«Жақында құдыққа құлап кеткен ұл баланы үш күн бойы іздедік. Бұл оқиғаны алдын алу­ға болар еді. Әр баланың қайда жүргенін білу үшін, оның жүріп-­тұрғанын бақылауда ұстау үшін, жоғалған жағдайда тез табу үшін чип енгізу жоспарланып отырған жоқ па? Кезінде мұндай жұмысты Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет жоспарлаған еді. Астанада неге бұл істі қолға алмасқа? Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Қалада бұған басымдық беру керек. Қазір инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу ісінде мақтанатын көрсеткіштер бар. Бұл жұмыспен айналысып отырған басқарма барлық ресурстарын қосса, мақсатымыз­ға жетеміз деп ойлаймын» деді Қ.Абден.
Өз кезегінде Ә.Әбдіқадыров: «GPS-трекер деген құрал бар. Кейбір ата-аналар оны балаларына сатып алып жатыр. Құралды кішкентай рюкзакқа, сағатқа немесе брелокқа, басқа да осы сияқты заттарға орнатуға болады. Мұны жаппай қолданысқа енгізу үшін адамның жеке мәліметтерін пайдалануға рұқсат алу секілді шешетін мәселелер бар. Біз оны зерттейміз» деді басқарма басшысы.
GPS-трекер туралы депутат Мирас Шекеновтің хабары бар екен. Оның айтуынша, құрал қымбат емес, 500-600 теңге шамасында тұрады. Кез келген ата-ана оны сатып ала алады. Алайда мәселе тарифке тіреліп тұр. Мұны қолдануда дұрыс тариф түзілмеген. «Ата-аналар ай сайын 1500-2500 мың теңге арасында интернет үшін төлеуге мәжбүр болады. Ал отбасында екі-үш бала болса, шығын 5-7 мың теңгенің үстіне шығып кетеді. Бұл отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. Бірақ бәрібір халыққа осындай құралдың бары туралы ақпаратты жеткізу керек» деген депутат жалпы цифр­ландыру бағытындағы жаңалықтарды насихаттаудың, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызына тоқталды.
«Бес баланың өмірін жалмаған өрттен кейін өз округымды аралап шықтым. Тұрғындардың көпшілігі өрттің алдын алатын датчиктер туралы мүлде бейхабар екен. Бұл датчиктер 1000-2000 теңге тұрады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек-ақ» деді М.Шекенов.

«ҮРКЕРГЕ» БЕЙНЕКАМЕРАЛАР КЕРЕК

Отырыста «Сергек» бейнебақылау жүйесі туралы біраз әңгіме қозғалды. Мәслихатта бұл жүйе таныстырылғанда ол жолдағы тәртіпті бақылау үшін ғана емес, қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілетіні айтылды. Осы орайда М.Шекенов бір мәселенің шетін шығарды. «Үркер» тұрғын алабында 20 мыңнан астам адам тұрады. Бейнекамераларды қаланың орталығында ғана емес, шеткі аймақтарда да орнату керек. Қала шетінде тұратын халықтың орталықта тұратындардан еш айырмашылығы жоқ. Бәрі – бір халық. «Үркерде» бейнекамералар қашан орнатылады?» деді ол.
Бұл сауалға Есіл ауданы әкі­мінің орынбасары Русланбек Қайбақов жауап берді. Оның айтуынша, аудан әкімдігі «Astana Innovations» компаниясымен бірге осы мәселені қараған. Нәтижесінде «Үркерде» бейнекамераларды орнату үшін биіктігі 20 метрден кем емес базалық станса немесе жеті қабатты ғимарат болуы керек. Тұрғын үй алаптарының бәрін қамту үшін осындай талап бар. Алайда ондағы ғимараттар бұл талапқа сәйкес келмейді. «Техникалық мүмкіндік болмай тұр. Көктемде жоғарғы вольтты тіреуді елді мекенге көшіреміз. Сонда мәселе де, бәлкім, шешіледі» деді Р.Қайбақов.
«Astana Innovations» АҚ бас­қарма төрағасы Олжас Сартаевтың мәлімдеуінше, қала «Сергек» бейнебақылау жүйесімен 80 пайызға қамтылған. Алдағы 3-4 айда 100 пайыз қамту жоспарланып отыр. Бұл жүйе қалалық бюджетке 2 млрд 400 млн теңге кіріс түсірді.
Жол ережелері бұзылуының 90 пайызы бейнекамералар арқылы анықталады. Қазіргі кезде «Сергекке» мектептер мен ауруханалар да қосылды. Атал­ған нысандардан ақпарат Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына түсіп отырады. Осыған байланысты депутаттар Зәуре Жүсіпова мен Мұхтар Төлеутаев соның тиімділігін сұрады.
«Қаладағы қауіпсіздікке Ішкі істер департаменті жауап береді. Білім және денсаулық сақтау нысандарында не болып жатқанын бұл орган көріп отырса, қауіпсіздік те артады» деп жауап берді О.Сартаев.
Оның айтуынша, цифрлы технология арқылы адамдардың әлеуметтік статусын да анық­тау­ға болады. Депутат Зұлпықар Ғайыповтың мұны анықтау механизмі туралы сұрағына: «Тиісті мәліметтер базасы арқылы мұны білуге болады. Мәселен, адам салықтарды төлемесе, онда ресми түрде жұмыссыз екені білінеді. Электронды түрде берілетін хабарландырулар адамның асабалық, гитара курстары секілді белгілі қызметтермен айналы­сатынын, яғни кірісі барын көрсетеді» деп жауап берді.
Отырыста Астанада цифрландыру қай бағыттарда жүргізіліп жатқаны, оның нәтижелері баян­далды. Бұл бес бағытта жүріп жатыр. Атап айтқанда, денсау­лық сақтау, білім, тұрғын үй-­коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік және қоғамдық көлік салаларында жүзеге асырылып отыр. Соның арқасында жолдағы тәртіп түзелді. Жол-көлік оқиғалары 20 пайызға қысқарды.
Денсаулық сақтау нысандарының барлығы медициналық ақпараттық технологияларымен қамтылған. Бүкіл мектеп те кең жолақты интернетке қосылды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button