Мәдениет

«Серпер» серпілтеді

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп айтқандай, кең өлкеміздің қай қиырында да «құлақтан кіріп, бойды алатын» музыкалық мұралар кездеседі. Еліміздің шығысы мен батысы аралығында қалыптасқан әртүрлі ән-күй мектептері соған дәлел. Кейінгі кезде дәстүрлі өнерді қолдау жағы кемшін соғып тұрса да, әнші, күйшілеріміздің кеңінен көсілетін мезгілдері бар. Астана күніне орай жыл сайын өткізілетін «Серпер» халық аспаптар оркестрлерінің музыкалық фестивалі, міне, сондай алаңдардың бірі. 

image-14-06-16-03-48-2

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып келе жатқан «Серпер» фестивалі елордада биыл алтыншы мәрте шымылдығын түреді. Үш күн бойы елорда аспанына әсем ән мен тәтті күйді ұшыратын дәстүрлі музыка мерекесінің ашылуы қалалық алаңда өтеді. Фестивальді елордадағы іргелі өнер ұжымы – Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі бастайды. Оркестр­дің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың бастауымен ұлтымыздың небір жауһар туындылары орындалады.
Келесі күні фестиваль елорда­дағы «Студенттік» және «Арай» саябақтарында жалғасады. Қазақ­стандық өнер ұжымдарымен қатар бұл шараға Ресейден келетін қонақтар да қатысатынын айта кету керек. Олардың қатарындағы Башқұртстан Республикасының ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Омбы қаласының «Лад» орыс камералық оркестрі өз өнеріне қанықтырады.
Жалпы, аталмыш фестивальге жеті оркестр қатысады. Соның ішінде еліміздегі әр алуан ән-күй мектептерінен хабар беретін өнер ұжымдары бар. Атап айтсақ, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (Қызылорда қаласы), Кенжебек Күмісбеков атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі (Көкшетау), Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Ақтау) және Байжігіт атындағы халық аспаптар оркестрі (Өскемен).
Фестивальдің гала-концерті қалалық алаңда өтеді. Онда барлық қатысушы ұжымдардан, яғни, жеті оркестрден, 300-ге жуық музыканттан құралған алып ансамбль «Серперден» «Сарыарқаға» дейінгі халқымыздың ең үздік күйлерін орындайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button