Мәдениет

Шәмші және Жезқазған

1978 жылы Жезқазған тау-кен комбинатының жарты ғасырлық мерейтойы атап өтілді. Сол кезде атақты композитор Шәмші Қалдаяқов кеншілер қаласына арнайы келіп, халықпен кездесті. Бұған өңір фотошежіресін жасаған, мысты аймаққа белгілі фотошебер Бекет Түбековтің мына суреттері айғақ.

Сол сапарында немесе одан кейін Шәмші ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың өлеңіне «Жарқырайды Жезқазған» әнін жазды.
Қандай теңеу ойлап табам,
Қол жетпестей құз едің.
Екі көзің ойнақтаған,
Жезқазғанның қызы едің.
Кешіре гөр, өтінемін,
Жүрсің бе әлде елеңдеп?
Сырға тағып кетіп едім,
Биыл күзде келем деп.
Көзге оттай басылады,
Кенді белес, адырлар.
Сары алтынды сапырады
Сом білекті батырлар.
Кеншілердің қаласынан
Оттың көрдім тізбегін.
Сол жалынның арасынан
Сәулем, сені іздедім.
Таптым сені, ән шығардым,
Құлашымды сермедім.
Жүрегімнің шамшырағын
Жағып тұрған сен бе едің?!
Бұл әніме қосыласың,
Бар ма бізде өзге арман?
Қызыл гүлдей ашыласың,
Жарқырайды Жезқазған, – деп келетін бұл әннің алғашқы орындаушысы белгісіз. Анығы 1992 жылы жезқазғандық әнші, актер Дүйсен Кенжеев осы туындыны Шәмші әндерінің бірінші фестивалінде орындап, арнайы жүлденің лауреа­ты атанды. Бұл әнді сол уақытта Жезқазғанда қыз­мет істеген белгілі күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай іздеп тауып, әншіге ұсынған еді. Әнді нотаға да түсірді.
Шәмшінің осындай әні бар екенін студент күнімде курстасым, марқұм Берен Бодановтан есітіп білдім. Мәтінін де содан жазып алдым. Екеуіміз әнді шыр­қайтын адамды іздеп көрген едік, таба алмадық. Осыдан он шақты жыл бұрын бұл туралы мақала жазғанымнан соң, әннің орындаушысы табылды. Оған журналист Абдолла Дастанов дәнекер болды. Бірақ арада қанша уақыт өтсе де, ән қалың жұртқа жетпей жатыр.
Бірақ айтамын деген әншіге шырқауға болады, нотасы Шәмшінің ән жинақтарынан табылуы тиіс. «Жарқырайды Жезқазған» әнін қашан естиді екенбіз?

P. S. Шәмшінің Жезқазған сапары туралы дерек пен фотосуреттер белгілі журналист Әшімхан Жампейісовтің фейсбуктегі парақшасынан алынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button