Мәдениет

«Сhanel №5» – «Алжир» аналарының реквиемі

Көктемде ағаштар бүр жарып, мал төлдеп, Жер-Ана бусанып, мамыражай шаққа бөленген сәтте, жадыраған жайма-шуақ жаз келгенде қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары жайлы толғанатынымыз рас. Кешегі Алаш арыстарының қазаққа істеген істері, еткен еңбектері жайлы ой толғаймыз. Астана қаласының әкімдігіне қарасты Жас көрермендер театры ұсынған «SHANEL №5» қойылымы кешегі зұлмат заманда қандықол жендеттердің қолынан қаза тапқан Алаш арыстарының аяулы жарлары, анасы, қарындасы, апасы жайды реквием, драмалық шығарма.      

Авторы – Мәдина Омарова, сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы- режиссері –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Гүлжамал Майлина бейнесін талантты актриса Инабат Ризабекова сомдаса, тергеуші, әрі көшпелі сот төрағасы Хамит Ақсуатов рөлін дарынды жас Оразалы Игілік орындады.

Ал, қазақтың тұңғыш кәсіби театр режиссері Жұмат Шаниннің жары Жанбике Шанина бейнесін сомдаған театр актрисасы – Шынар Қалдыбайдың перзентінен айрылып, зар қағып, жоқтаған даусы құлағымнан кетер емес…

2023 жылы Талдықорған қаласында өткен Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған І-ші халықаралық «BIKEN” театр фестивалінде Жанбике Шанина рөлі үшін Шынар Қалдыбай «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін жеңіп алды.

Халық комиссары, Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің жары, бала дәрігері  Дәмеш Ермекова-Жүргенова рөлін ойнаған Меруерт Танашева жарына деген іңкәр арманын, сағынышын түсі арқылы өкінішпен жеткізеді. Темір торға қамалған нәзік бейнелер – Кеңес және Ресей театр режиссёрі, әлемдегі тұңғыш әйел опера режиссёрі, театр қайраткері, драматург, педагог Наталья Сацты актриса Айдана Болат келістіре орындаса, Ақ гвардия қолбасшысы, адмирал А.Колчактың әйелі Анна Тимирёва-Колчак кейпіндегі актриса Альфия Хайзуллиева айрықша талантымен танылды. Белгілі Кеңестік кино актрисасы, танымал балерина  М.Плицескаяның анасы Рахиль Мессерер-Плисецкая рөліндегі Диана Тұржанованың бейнесі көрерменге тартымдылығымен танылса,,  Мәскеуге гастрольдік сапармен келіп, Берияның қорлығына көнбей, лагерьге айдалған француз актрисасы Жюльетті ғажайып сомдаған – Арелана Амангелдиеваның нәзік бейнесі, тұнық қалпы өзгеше өрілді, ал Германияда туып-өскен неміс қызы Гертруда Платайс бейнесінде көрінген Мөлдір Әбілтаева мен әйгілі грузин актрисасы, кеңестік жазушы Борис Пильняктың жары Кира Андронникашвилиді сомдаған актриса Жанель Есенгельдина өжет, асқан өнер иесін көпшілікке танытып, тамсантты. Серб қызы, монахиня Евдокия Меланичті ойнаған Жансұлу Төлеген АЛЖИР-де отырған 12 монахиняның бірін сомдап, Құдайсыздардың қанды ойнағын әшкерелей түседі…Қанша қиындық көрсе де сенімінен айрылмаған сол монахинялардың барлығын да кейін қызыл жағалылар түгелдей атып тастайды…

Революционер, белсенді коммунист, лагерь бастығының тыңшысы ретінде көрінген Александраны ғажайып сомдаған Дана Верещак жағымсыз іс-әрекетімен талай адамның түбіне жетті…Қойылымның ең сәтті рөлдерінің бірі деуге болады.

АЛЖИР лагері бастығының орынбасары Юрий Узипенконы сомдаған актер Мұхамедсаид Бағашаровтың сахнадағы рөлі қойылымның өте сәтті қойылғанының дәлелі. Сахнадағы ең мықты рөлдің бірі.

Алаш арысының елесі ретінде көрінген актер Нұржас Садырбаевтың қойылым финалында азан шақыруы,  «СHANEL №5» иіссуы сіңген орамалды әйелдердің таласа-тармаса иіскеп, темір тордың аржағында жүрсе де әйел екендігін ұмытпауы, зарға, мұңға, запыранға толы ішкі жан дүниесін көрсетіп, халық әнін орындаған аналар, бір сәт түрмеде көрген азап-қорлығын ұмытып, нәзік жанға тиесілі еркелік пен өнерін көрсеткен әйелдер биі – барлығы-барлығы қатал тағдырдың теперішіне ұшыраған нәзік болмыс иелерінің қымбаттыларын, қызықты жылдарын ұрлаған, балаларын тым-тырақай балалар үйлеріне апарып тығып, тірі жетім еткен, қылышынан қан тамған зұлмат заманның бейнесін көз алдымызға әкелді,  жадымызда ұмытылмыстай жатталып қалды. Бұл – қасиетті сахнада 30 рет көрсетіліп, халықтың ерекше ықыласына бөленген жастар театрының «АЛЖИРДЕГІ» аналардың құрметіне қойған ескерткіші.

Тарихқа шегініс

Ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардан бөлек Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхамеджан Тынышбаев, Бейімбет Майлин сынды тарихи тұлғалар құрығы ұзын қауіпсіздік коммитетінің жаланып, жұтынып тұрған жан алғыштары – аждаһаның аранынан құтыла алған жоқ.

Бейімбет Майлин Ілиястан 53, Ғаббастан 63, Сәкеннен 12 күннен кейін түрмеге әкетілді. Дәл 6 қазан күні, «Амангелді» фильмі түсіріліп біткен соң, жазушы түнде үйінен тұтқындалады.Майлиннің дәл осы фильмнің басы-қасында жүруі – оның кешеуілдете тұтқындалуының басты себебі болған.

5 ай бойы тергеу абақтысында жатып, теперіш көрген Майлинге Қылмыстық Кодекстің 319 және 320-баптарын басшылыққа ала отырып, КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының көшпелі сессиясы үкім шығарды. Бейімбет Жармағамбетұлы Майлинді ең жоғарғы қылмыстық жаза – ату жазасына кесіп, жеке заттарын тәркілеуге бұйырды.

Демограф ғалым Мақаш Тәтімовтың есептеуінше, КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының Алматы қаласында 1938 жылдың ақпан-наурыз айларында өткен көшпелі сессиясының үкімі бойынша, 25 ақпаннан 13 наурызға дейінгі аралықта 631 адам атылған екен. Олардың қатарында Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян, екінші хатшысы С.Нұрпейісов, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаев та болды.

«АЛЖИРДЕГІ» азап

«АЛЖИР» деген сталиндік ГУЛАГ-тің лагерінде 20 мыңнан астам әйел азап шекті. Отанға сатқындық жасаған «халық жауларының» әйелдері Ақмоладағы осы лагерде отырды. «Халық жауының» әйелін, анасын, қызын, қарындасын – осы қорқынышты жерде жинап, олардың өмірін тозаққа айналдырды.

Ақмола маңында орналасқан лагерьдің тарихы 1937 жылдың тамыз айының ортасында басталды. КСРО-ның ішкі істер халық комиссары Николай Ежов диверсия мен тыңшылық әрекеті үшін сотталғандардың барлық туыстарын тұтқындау және арнайы лагерлерге жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап халық жауы деп аталатын туыстар ресми түрде жауапқа тартыла бастады.

«Дұшпан» отбасыларының әрқайсысы үшін арнайы карта жасалды, оның көмегімен белгілі бір үй шаруашылығының әлеуметтік қауіптілік дәрежесін анықтауға болады. Олардың үйлерінде тыйым салынған барлық заттарды: әдебиеттерді, құжаттарды, зергерлік бұйымдарды тәркілеу арқылы жиі іздеулер жүргізілді. Әйелдер лагерьге баруға құқығы бар заттардың шектеулі тізімі болды. Бұл киім, аяқ киім, іш киімдер және жеке гигиена құралдары.

1938 жылы алғашқы тұтқындар Ақмола лагерінде қабылданды. Тасымалданатын адамдардың географиясы кең, әйелдер Мәскеу, Ленинград, Ростов, Иркутск қалаларынан адамдарды тасуға арналмаған вагондар арқылы жіберілді.

Жалғыз далаға қырық градус аязда келіп, жылытылмаған вагоннан аман өтіп, олар тозаққа келді. Саз балшықтан жасалған казармаларда тұрды. Әр үйдің ішінде үш деңгейлі тақтайшалар болды. Әр үйде үш жүз адам тұрды, сондықтан тіпті қатты тақтайларды тағдырдың сыйы ретінде қабылданды, өйткені олардан орын таба алмағандар салқын жерде ұйықтап, ең қорқынышты ауруларды тапты.

Бұл казармалардағы терезелер төбенің астында болды, оларда әйнектер жоқ, сондықтан қатып қалмас үшін оларды қатты аяздағы суықты ұстап тұрмайтын шүберекпен байлауға мәжбүр болды. Әр тұтқынға аптасына 1 шелек су қажет болды. Периметрдің айналасындағы лагерь бірнеше қатардан тікенді сыммен қоршалды, бірақ одан қашу мүмкін емес еді. Хат-хабарлар мен сәлемдемелерге қатаң тыйым салынды.

Кеңестік әйгілі жетекшілердің көптеген әйелдері жазасын бәріне бірдей шарттарда өтейтін. Ешкімге жеңілдік жасалмады, өйткені сталиндік басшылықтың көзқарасы бойынша олар «халық жауының» жақтастары болып саналды және олар күйеулерінің заңсыз әрекеттері туралы кеңестік билікке айтуға тырыспады. Сонымен, олар өз еркектеріне жанашырлық танытты және қатысқаны үшін жазаланды.

Осы лагерьде кеңестік элитаның барлық деңгейінің өкілдері отырды деп айта аламыз: әнші Лидия Русланова, театр қайраткері Наталья Сац, Рахил Мессерер-Плисецкая, атақты Майя Плисецкая балеринаның анасы, маршал Тухачевскийдің қарындасы – Елизавета Арватова-Тухачевская, Николай Бухариннің әйелі және Михаил Калининнің әйелі.

Лагерьдегі балалар үш жасқа дейін аналарымен бірге тұрды, содан кейін оларды балалар үйіне жіберді. Бұл НКВД мен Ежовтың лагерьдегі әйелдерге жағдайларын тозаққа жақындату әрекеті болды.

Бірінші тұтқындар лагерьден 1946 жылы босатылды, бірақ бұл бостандық ресми болмады. Босатылғандарды жергілікті тоқу фабрикасына жіберді. АЛЖИР лагері 1953 жылы наурыз айында Сталин қайтыс болған соң ғана толығымен жойылды. Қазіргі уақытта лагерь орнында 2007 жылы ашылған сталиндік құғын-сүргін саясатының құрбандарына арналған мемориал бар.

Орындалмаған аманат

Бейімбет атылған 46 күннен соң, жары Гүлжамал 1938 жылы 13 сәуір күні тұтқындалады. Жазушының жары өзіне аманаттаған екі тапсырмасын да орындай алмады. Сақта деп берген қолжабаларына да, көзжазба деген балаларын да ие бола алмады. Гүлжамал РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша сегіз жылға кесіліп, «АЛЖИРГЕ» жіберіледі.
Ол жерде А.Байтұрсыновтың жұбайы – Бадрисафа, Т.Рысқұловтың жары – Әзиза, С.Меңдешовтың жары – Рәзия, С.Асфендияровтың жары – Рәбиға, Т.Жүргеновтың жары – Дәмеш, Ұ.Құлымбетовтың жары – Әйіш, С.Есқараевтың жары – Мәрия, Қ.Тәштитовтың жары – Сағадат, С.Қожановтың жары – Күләндам, І.Қабыловтың жары – Айша, С.Сәдуақасовтың жары – Елизавета, М.Жұмабаевтың жары – Зылиха сынды ел аналары болды.

Сегіз жылын толықтай өтеп шыққан Гүлжамал балаларын бауырына басып, тіршіліктерін жалғастырады. Алайда, «халық жауының баласы» деген атақ жазушының ұрпақтарына күн бермейді. Осындай желеумен оқуға түсе алмаған Гүлсімге Ғ.Мүсірепов, С.Қожамқұлов жәрдем жасайды. Бұл – олардың Бейімбетке деген асқан құрметінің белгісі еді.

1957 жылы араға 19 жыл салып, публицист, жазушы, драматург Бейітбет Майлин ақталды.

Болашаққа сенген арыстар

«СHANEL №5» қойылымының соңында кейіпкерлер айтқан жақсы диалог бар, ол Әлихан Бөкейхановтың  мына сөздерімен сәйкес, арманымен үндес келеді. Алаш көсемі Әлихан Ахмет пен Міржақыпқа жазған хатыңда: «..Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!» дейді. Қойылым осы нотада, кейінгі жас ұрпаққа тағылым берерлік мағыналы нүктеде аяқталады.

Олар бүгінгі заман үшін өз жандарын азаттық жолында тәрк етті. Артыңа өшпестей мұра қалдырған ұлт ардақтылары жүрегі «қазақ» деп соққан әрбір Алаш азаматының санасында мәңгілікке жаңғырмақ!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button