Басты ақпаратҚұқық

«Сергек» бәрін көреді

Астана қаласында 15600 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылған. 40 жыл жүргізуші болып, өткен жылы зейнет демалысына шыққан көршім ренжіп отыр. «Бұқаралық ақпарат құралдары мәлім еткендей, енді жол қиылыстарында бағдаршамның сары түсінен өтіп кеткен жүргізушілерге де айыппұл келетін болыпты. Бұл, біріншіден, қалыптасқан жол жүру ережесіне қисынсыз түзету енгізу болса, екіншіден, бүгінгі нарық заманында жекеменшік көлігімен адам тасып, өз күнін өзі әрең көріп жүрген жандардың айыппұл арқылы қалтасын қағуға бірден-бір себеп болмай ма?» дейді.

Бақылау аясы кеңейген

– Мұндай бап жол жүру ережесіне өткен жыл соңында енді. Алайда бұдан хабары жоқ көптеген автожүргізуші бағдаршамның сары түсіне өтіп кетуге болады деп ойлайды. Осындай теріс түсініктің салдарынан осы бағыттағы апаттық жағдайлар елордада өткен жылы 44 пайызға дейін өскен. Ереже бойынша бағдаршамның сары түсі шам белгілерінің ауысатынын және одан әрі жүруге тыйым салынатынын ескертеді. Осы кезде жүргізуші жүру жолағының немесе кесіп өтетін жол бөлігінің алдына тоқтауы қажет. Тек тежегішті шұғыл баспай тоқтай алмайтын жағдайларда ғана жүргізушіге сары түсте өтіп кетуге рұқсат берілген. Әрі оған салынған айыппұлды даулау да өте қиын. Өткен жылы сот тәжірибесінде бағдаршамның сары түсін елемеген 94 жүргізушіге салынған айыппұлдың 92-сін сот құқық бұзушылық деп таныды. Ал автомобилін шұғыл тежемей тоқтату мүмкін болмағанын жүргізуші ақылы техникалық сараптама арқылы дәлелдей алады. Бірақ техникалық сараптаманың құны айыппұлдан үш есе қымбат болғандықтан, көпшілік оған онша жүгіне де қоймайды, – дейді жол полициясының аға инспекторы Ерсайын Сарыбаев.

Жасыратыны жоқ, қазір көшелердегі «Сергек» бейнебақылау камерасы көптеген жүргізушінің бас ауруына айналды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Астана қаласында 17 мыңға тарта бейнебақылау камерасы қойылған екен. Сол камералардың жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді тіркеу аясы анағұрлым кеңейіпті. Жаңа технология енді автомобиль руліне кімнің отырғанын, оның сақтандыру полисі бар ма, көлік техникалық бақылаудан өткен бе, төленбеген қанша айыппұлы бар деген сияқты толып жатқан мәліметті орталық басқару желісіне бере алады.

Күні кешеге дейін «Сергек» бейнекамерасы жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығынан асып кету, бағдаршамның ты­йым салынған түсіне бағынбау, қоғамдық көлік жолағымен жүру тәрізді ереже бұзуларды тіркеп келсе, өткен жылдың 19 желтоқсанынан бастап белдікті тақпау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесу, бағдаршамның сары түсіне өтіп кету, тағы басқа да жол жүру қағидаларын көпе-көрнеу сақтамайтын жүргізушілерге айыппұл жазатын болды.

Биыл қаңтар айында Астана қаласының тұрғыны Ермек­бай Есімов өзіне салынған айып­пұлға келіспей, сотқа екі мәрте жүгініпті. Екеуінде де талабы қанағаттандырылмады. Алғашқысында ол жол жүру ережесінің 593-бабы 2-тармағы бойынша қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін сақтамағаны, екіншісінде көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлескені үшін айыппұл төлеген. Айтуынша, қауіпсіздік белдігін тақпай көлігін орнынан қозғамайтын көрінеді. Дұрыс, бірақ «Сергек» бейнебақылау камерасының жазбасын тексере келгенде қауіпсіздік белдігін тақпаған оның жанында отыр­ған жолаушы болып шықты. Ал ереже бойынша бұл құқық бұзушылыққа жолаушы емес, көлік иесі жазаланады. Екінші айыппұлды тексергенде де жүргізуші қолына ұялы телефон ұстап отыр. Сөйтіп ол сот шешімімен бірінші құқық бұзушылық бойынша – 18460 теңге, екіншісіне 9230 теңге айыппұл төледі. Сондықтан жүргізуші тек өзінікін ғана емес, қасындағы жолаушының да қауіпсіздік белдігі тағылмаса, көлігін орнынан қозғамауы тиіс.

Түйткіл азаймай тұр

Әрине, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бейнебақылау камерасы жүргізушілер тарапынан болатын барлық құқық бұзушылықты тіркеуге қауқары жетпей жататыны да жасырын емес. Сосын онда да техникалық қателіктер болатынын жоққа шығаруға болмайды. Алайда қауіпсіздік белдігін тағуды ыңғайсыз санайтындар небір қитұрқылыққа баратынын дәлелдер көрсетіп отыр.

Бұқаралық ақпарат құралдарында «Сергектің» осындай қызметі туралы ақпаратты естіген кейбір жүргізушілер үстіне қара белдік бейнеленген кеудеше кейіп алатынды шығарыпты. Сонда «Сергек» оларды қауіпсіздік белдігін тақпаса да тіркемейтін көрінеді. Түптеп келгенде, сол жүргізуші өзінің өміріне қауіп төндіріп тұрғанын сезбейді. Неге десеңіз, 80 километр жылдамдықпен жүрген көліктегі жолаушының салмағы да 80 есе өсетіні, сондай-ақ қауіпсіздік белдігі апат кезінде 60-70 пайыз жолаушының өмірін құтқаратыны дәлелденген.

– «Сергектің» көшелердегі жол ережесін бұзуды тіркеп, жүргізушілерге айыппұл салуы тәртіп орнатуға септігін тигізетінін де жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен «Сергектен» зәрезап болғандардың бірі менмін. Өткен жылдың соңында маған 6 SMS-хабарлама келді. Барлығы да менің жол ережесін бұзғаным туралы, айыппұл төлейтінімді ескерткен жазбалар. Дереу Жетіген көшесі бойындағы Әкімшілік полициясы басқармасына барып, қай жерде қандай жол ережесін бұзғанымды анықтадым. «Бақсам, бақа екен» дегендей, менің айыппұлымның барлығы дерлік қателік болып шықты. Қыста жол бөлігіндегі белгі сызықтар көрінбейді. Екі жерде мен осындай көрінбейтін сызықтарды «қиып өтіппін». Үш рет бағдаршамның сары жанғанын ескермегенім үшін «Сергек» маған айыппұл жазыпты. Сонда ережедегі түзетулер нақты күшіне енбей жатып жүргізушілерге айыппұл салына бастауы тым асығыстық емес пе деген ойға қаласың, – дейді елорда тұрғыны, тәжірибелі жүргізуші Сұлтанхан Бекшин.

Жаяуға да жауапкершілік керек

Кейінгі кезде жаяу жүргіншілерге қатысты түйткілді мәселелер де көбейіп отыр. Өткен жылы елордада 87 адам көлік дөңгелегінің астына түссе, 27-сі жаяу жүргінші жолағының үстінде жан тапсырған. Сондықтан арнайы жолақ сызып, белгілеп, ескертіп жатқанмен, көшедегі жаяу жүргіншілер өткелі – жол қозғалысындағы ең қауіпті аймақ. Бұған тек бір жақты жүргізушілерді кінәлай беруге де болмайды. Мойындау керек, оңтүстіктегілерге қарағанда астаналық жүргізушілер жаяу жүргіншілерге құрметпен қарайтыны байқалады. Алайда жаяу жүргіншілердің жолдан өтерде көлік соғып, жарақат алуы азаймай отыр.

– Биыл қаңтар айында Е. есімді азамат Тәуелсіздік даңғылында белгіленбеген жолдың келесі бағытына өтемін дегенде көлік қағып кетіп, жарақат алды. Ал №30 мектептің екі 10-сынып оқушысы жаяу жүргіншілер жолына өтерде құлаққаппен музыка тыңдап келе жатып, таяп келіп қалған машинаны байқамаған. Нәтижесінде екеуі де ауруханадан бір-ақ шықты, – дейді жол полициясы инспекторы Сүйіндік Сәкен.

Енді бірде жаяу жүргінші тротуардан жол бөлігіне түсіп тұрып, өтуге асықпаған. Жолдың қақ ортасына тұрып қалған. Осы кезде «Сергек» бейнебақылау камерасы сол жерден өткен әр жүргізушіге айыппұл жазып берген.

Жолдың мүлдем өтуге болмайтын тұсынан өтіп, ескерту жасаған жүргізушіге балағат сөздер айтып, тас лақтырған жаяу жүргіншіні де «Сергек» арқылы анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға тура келді.

Бұдан былай жол жүру ережесінің 5-бабы 24-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, бағдаршамның сары түсі қозғалысқа тыйым салады. Бұрын сары белгі жүргізушіге қозғалысын аяқтауға мүмкіндік беретін. Алайда бұл талап дұрыс орындалмай, қиылыстарда кейінгі кезде жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін болды. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықты енді бейнебақылау камерасы автоматты режимде тіркеп, сары түс жанғанда өтіп кеткендер енді бұдан былай 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button