Басты ақпаратРуханият

Кимешектің киесі

Астаналық кәсіпкер Бұлбұлқан Серғазықызы Орталық базардан орын алып, қолдан тіккен, тоқыған бұйымдарын сатып жүр. Кәсіптің көзін тапты, сұрағанға қол ұшын беріп, білген көмегін аямады. Байқауларға қатысып, кәсіп аясын кеңейтіп, білімін толықтырды. Ол додалы байқауларда қолөнер  бұйымдарын, әсіресе, кимешек сынды киелі бас киімді ерекше кестелеп, маржандарды ерінбей қолмен тігіп, ұлттық өнердің құндылығын асырды, асыл өнерінің арқауын үзбей, білгенін басқаларға үйретті.

Тұлпардың тұяғы – Бұлбұлқан

 Қазақстан және шетелдерде өткен әртүрлі қолөнер байқау­ларының жеңімпазы, республикалық «Ақ кимешек – ұлт ажары» байқауының бас жүлдегері, Ақмола облысы «Сәнді сәукеле мен киелі кимешек» шеберлерінің байқауының бас жүлдегері Бұлбұлқан Серғазының ісмерлік өнерде 30 жылдық тәжірибесі бар. Ақ кимешекті дәріптеп, оны он саусағынан меруерттеп кестелеп отырған асыл өнеріміздің көзін ұрпаққа жалғаушы ісмер.

Бұлбұлқан Серғазықызы 1966 жылы Шыңжаңның Манас ауданында туған. Қазаққа, әсіресе, арғы бет қазағына танымал болған «Марғабылдың қара қасқа аты» деген әйгілі жүйрік болған, ал Бұлбұлқан сол атақты қара қасқа жүйрік шыққан шаңырақтың шөпшегі болса, анасы Мәрия текті шаңырақтың  күйбің тіршілігімен айналыса жүріп қаршадай қызын өнерге баулыған екен.  Анасы дарытқан асыл қасиетпен бойжеткен ол Манас аумағында өткен қолөнер байқауына қатысып, айналасына ұлттық өнерді насихаттай білді. Тұлпар мінез текті атаның ұрпағы Қазақстан Тәуелсіздік алғанда ерекше қуанып,  жұбайы Асылқан Қатанұлы және балаларымен елге келді. Атажұртқа келген соң қарап отырмай кәсіп істеудің қамына кірісті.

Ақ кимешек тіккен ана

Кимешек тігу де – өнердің бір түрі. Кимешек басқа көптеген бас киімнің түрлерінен ерекшеленеді. Мысалы, пішілмеген, тігілмеген басқа орай киілетін бас киімдер – орамал, шылауыш тағы басқа сияқты атауларымен белгілі. Ал тігіліп киілетін бас киімдер тобына – тақия, малақай, бөріктің көптеген түрлері жатады. Кимешек болса – төбе мен иықты қоса белге дейін түгел жауып тұратын, тұтастығымен ерекшеленетін бас киім түрі. Кимешектің басқа оралатын шылауыштардан негізгі айырмашылығы – тігіліп істелетіндігінде. Кимешектің бетке келетін тұсы ойып алынады да, төбесі тұйық болады. Кеудесін, жағын, бет жақтауларын көмкеріп кестелейді. Шеттері күміспен, тана моншақтармен тігіледі. Қазақ әйелдерінің кимешек киюі және оның сыртынан шылауыш тартуы әр өңірде әртүрлі.

Бұлбұлқан Серғазықызы тігін тігу ісін марқұм анасынан (өзі «енем» деп айтады анасын) үйренген. Анасы өз заманында мықты тігінші, шебер, ісмер жан болған екен. Небір қиын тігілетін бұйымдарды, тымақтарды тігіп, киіз үйлерді басудың басқаларға әдістерін үйреткен екен. Бар ынта-ықыласымен шешесінің жанында отырып, құрақ құрап, әдемі көрпе-көрпешелерді тігуге машықтанған ол болашақта кәнігі шебер атануды алдына мақсат етіп қояды. Тігін тігуге деген қызығушылығы осы кезден бастап оянады. Ауылдағы барлық үйдің түскиізінің үлгісін сызып, тігуіне көмектеседі. Оның қолтаңбасын бәрі біледі, түлкі тымақтан бастап той көйлекке дейін тіккен дүниелерін ел жапа-тармағай сатып алып кететін. «Атажұртқа кетерде 90-ға келген анасы тіккен жіптерімнен тастап кетуімді өтінді, өмір бойы қолынан іс түспеген шешем көзі жұмылғанша қолөнер ісіне адал болды» дейді Бұлбұлқан Серғазықызы.

– Көзім ашылғалы бері қолымнан ине, жіп, тоқу түскен емес. Өмір бойы тігіншілікпен айналысып келемін. Шешемнің өз қолымен тіккен кимешегін әлі сақтап жүрмін. Сүйегі асыл анам жасы тоқсанға келсе де қолынан ине, жіп түспеген, мен де, бұйырса, алпысқа жақындадым, денсаулық барда анам секілді ұлттық өрнектермен кәсіпті жалғастырып, халықтың алғысына бөлене беремін деген ойдамын. Атажұртқа оралған соң 2009 жылы Астананың маңындағы Қоянды ауылына көшіп келдік. Кәсіп бастадық, – дейді ісмер жан бізбен әңгімесінде.

Осылайша тігінші көп ойланбастан жұмыссыздарға берілетін мүмкіндікті пайдалануға бел буады. «Бастау бизнес» жобасы бойынша өз жобасын қорғап, қайтарымсыз грант негізіндегі қаржыға қол жеткізеді. Осы қаржыға кестелеп тігетін тігін машинасын сатып алады. Бүгінде осы тігін машинасымен түрлі тігістерді жылдам әрі әдемі етіп тігіп, кәсібін өрге домалатып отыр. Өз қолымен де іс тігеді, қасында көмекшісі де бар.

Екі ұлы да үйленген, келін түсіріп, оларды да осы кәсіпке баулиды. Қазір немере қыздарына үйретіп жүр.

– Балалық шағымыз киіз үйде өтті. Киіз басу, сырмақ тігу, кілем тоқу, кесте тігу, ұршық иіру, жүн түту бұрыннан қалған ата дәстүрімізді бала кезден жалғастырдық. Киім пішу, қию, тігу күнделікті іс болатын. Қазір де қолымнан ине-жіп түскен емес. Жасым алпысқа жақындап қалса да ісмерлікпен айналысып, осы өнер арқылы рахат күй кешемін, – дейді Бұлбұлқан апай.

Ісмердің қимылы да ширақ, көз ілеспейді, бір демде жейдені тігіп, кимешекті кестелеуге көшті. Қалалы жерде тұрса да тамырында қазақтың қаны тулап аққан ұрпақ баба мұрасын әлі ұмытқан жоқ, керісінше шамасы жеткенше ұлықтауға тырысады. Ұлттық нақыштағы қолдан жасалған дүниелерге сұраныс көп. Кимешекке моншақты, бисермен кестені өзі тігеді.

«Тойларда үлкен апаларға, әжелерге сыйға тарту етсем, олардың қатты риза болғанын көріп жүрмін» дейді ісмер апай.

Ұлттық бас киімді кім қалай киіп жүр?

Қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасы жағдайына байланыс­ты ерекшеленген. Тұрмысқа шыққан-шықпағанын, күйеуі қайтыс болғанын бас киіміне қарап білген. Мысалы, тұрмысқа шықпаған қыздар ешқашан орамал тақпаған. Ал сәукелені қалыңдық қана киген. Егде жастағы әйелдер әшекейсіз кимешек пен ақ жаулық тартқан.

«Ұлттық киімдерді қазір әркім өзінше былықтырып киіп жүр. Кимешектің де жастарға, үлкендерге арналған түрлері бар, жас ерекшеліктеріне орай қалай тігесіз?» деген сауалымыз­ға ісмер апай ықыластанып жауап берді.

– Жас келіншектерге кимешек тіккен кезде қызыл түсті араластырып тігемін. Жалпы, жас келіншектерге арналған кимешектің бет жақтауы кеңдеу болады. Қызыл, күлгін түсті жіптермен кестеленген жас келіншектердің кимешектері көздің жауын алады. Оның сыртынан шылауыш тартады. Ал мосқал тартқан әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тарлау келеді де, әдемі кестеленеді, бірақ әшекейленбейді. Кейде егде тартқан әйелдер кимешектерін ақшыл, сары түсті жіптермен кестелейді.

Дәстүрлі ортада апа-әжелер кимешекті ерекше қастерлеп, таза киюге тырысқан. Кір, лас киім киген адамның басынан бағы, берекесі қашады, өзін марту басады деп білген. Көп жасаған қарт ана кимешегін өзінің жанына жақын келініне көзімдей көр деп мұра ретінде қалдырған. Кейде кимешекті әдейілеп сұрап алатындар да бар.

Табысты болудың сыры

– Еңбегің жемісті болудың басты сыры – үлкенге ізет көрсетуде, салауатты өмір сүруде, сыйластықта жатыр. Үлкен үйде әруақ бар деп төрге шықпаушы едік, бақшаңдап ешкіммен шәй деп ұрыспадық. Үлкендерді сыйлағаннан жаман болмадық. Қазіргі тәрбиеге қатысты айтар едім, жастар ұлттық өнерді, игі дәстүрді ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі тиіс. Әрі кәсіп, әрі табыс, әрі ұлт құндылықтарын насихаттау маған зор күш береді, саналы өмірімнің көп бөлігі осы мақсатқа жұмсалғандығына ризамын. Мына тіккен кимешектер маржанмен әдіптелген, жуырда Алматыда болатын көрмеге сол маржанмен тіккен, сондай-ақ күндік жаулықпен тігілген ерекше бұйымдарды апара жатырмын. Қазақ әйелдерінің жас ерекшелігіне қарай жаулық әртүрлі болады. «Ақ жаулықты ана» деп дәріптеген. «Жаулық салу» деген ғұрып бар, оны кимешектің сыртынан тартады. Жаулықты әр өңірде әртүрлі атаған. Шаршы, шұлауыш, күндік деген атаулары бар.  Қазақ барда қазақтың төл өнері жаңарып, жаңғырып, жасай бермек, – деп ағынан жарылды ісмер, шебер Бұлбұлқан Серғазықызы.

Бұлбұлқан апай жылда Нау­рыз мейрамын асыға күтеді. Өйткені Наурыздың басты дәмі – наурыз көженің әзірленуін апайдың өзі қадағалайтын ежелгі дағдысы. Енесінен қазақы дәмнен құрт-май шайқап, саба пісуді үйренген. Саба дегеніміз, өздеріңіз білесіздер, қымыз, шұбат ашыту, іркіт пісу үшін пайдаланылатын, мал терісінен пішіп тігілетін ыдысымыз.

Ақ кимешек тігіп, ұлттық өнерді ұлықтаған Бұлбұлқан Серғазықызы осылайша өз күшімен бастаған кәсіптің игілігін көріп, ел алғысына бөленіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып, әрі табыс тауып, әрі ұлттық құндылықтарды ұлықтап, насихаттаумен келеді. Ісмер жанның ісіне береке, отбасына татулық, кәсібіне мол табыс тілейміз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button