Басты ақпаратМәдениет

Шырағың сөнбесін…

27 – наурыз Халықаралық театр күні. Бұл күнде дүние жүзінің барша театр ұжымы, өнер қайраткерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. 24-25 наурыз күндері ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалиннің
«Шырақ» лирикалық драмасының премьерасы өтті. Бұл – театр актері Шыңғыс Жақыпбайдың алғашқы лабораториялық жұмысы. «Жастар» театры жас режиссердің қолынан шыққан тың дүниемен театр шымылдығын түрді.

Жас отбасының басынан күтпеген оқиға өтті. Бас кейіпкер Сағын жұмысында жеткен жетістігін тойлап жүргенде, қарбаласта жары Нұргүлдің туған күні есінен шығып кетеді. Онымен қоса, оның адалдығына күмән келтіріп, көңіліне кірбің түсіреді. Жұбайына ренжіген жас келіншек ойда жоқта Таңат есімді бозбаламен кездесіп, арты ертегідей бір әсем кешке ұласады. Тазалық пен сұлулықты өмірлік серік еткен Таңаттың мөлдір ойы арқылы оқиға өрбіп, соңында махаббат дейтін киелі ұғым өз биігінде салтанат кұрады.

Өміріміздің маңызды бөлшегі – отбасылық сыйластықты қалай сақтап қалмақ керек? Сенім мен күдік тайталасқа түскенде, тура жолды қалай таппақ керек? Қойылым күлдіре отырып, көрерменді мәңгілік құндылықтардың қадірін түсініп, бағалауға шақырады. Қойылым барысында кейіпкерлердің өзара диалог құрып, тартысты сәттері шырақ жағып, өшірумен сипатталатын шығарма жас режиссердің драматургиядағы ерекше ізденісін көрсетеді. Екі күнде де зал толы халық, аншлаг болды. Пьеса авторы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалиннің қызы Эльмира, балаларымен премьераға қатысты.

«Шырақ» лирикалық драмасының кейіпкерлерін: Нұргүлді Жамал Нұржаубекова ойнаса, Таңатты Асылбек Әйтіш сомдады, Сағын болып Аслан Жанұзақов көрінсе, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов көрші кейпінде көрінді, ал қала тазалаушы әйелді сомдаған Диана Смағұлова болса, кейіпкер қыз образын Наурыз Сабағатова орындады.

Бұл премьераның басты ерекшелігі музыкалық сүйемелдеуінде деуге болады. Музыкалық жетекші Анель Сиргебаева бастаған музыкамен сүйемелдеушілер – Айсұлтан Жалиев, Ләззат Қуанышова, аспаппен сүйемелдеушілер – Расул Ерназар, Саида Максумова, Александр Серов спектакльде Мархаба Сәбидің «Үнсіздік», «Жақсы адам», «О немене?», «Марсқа», «Таспай қайтеміз?» әндері көрерменнің жүрегіне жол тапты, керемет орындауымен есте қалды.

Басты идеясы – махаббатқа адалдық, тазалық, отбасы құндылықтарын дәріптеу, нені қадір тұтып, неден жирену керек дегенге саяды және ол ой үдесінен шығармашылық топ толығымен шықты деп есептейміз.

Лирикалық драма жанрындағы адамның жанжалды әрекеті мен жағдайын бейнелеген қойылым кейіпкерлердің өміріндегі кейбір эпизодтарды, қақтығыс­тарды бейнелейді және сахналайды. Кейіпкерлер арасындағы диалог арқылы қоғамда жиі кездесетін сәттер, селт еткізер тұстарды шынайы бейнелейді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button