Басты ақпаратҚала мен Сала

Жатаған үйлер тұрғындарының жағдайын кім ойлайды?

Халқымыз ежелден денсаулыққа айрықша мән беріп, оны бірінші орынға қойған. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан қайта дамытуға айрықша көңіл бөліне бастағаны бәрімізді қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйе­сінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» атты мемлекеттік ұлттық бағдар­лама бекітіліп, жүзеге асырылуда. Осы бағдарламада жұқпалы туберкулез ауруының алдын алуға ерекше назар аударылған.

Қазіргі күнде Қазақстанда туберкулезге шалдығу 100 мың тұрғынға шаққанда 52 оқиғаны құрайды. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы дерекпен салыстырғанда 2,4 есеге төмен. Соңғы 10 жылда, яғни 2008 жылдан бері өлім-жітім де 5,6 есеге төмендеді. 2017 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 3 оқиға ғана болды. Өткен жылы республика бойынша туберкулезге шалдыққандардың саны 8 мың адамнан сәл ғана асты. Егер соңғы 10 жылдың динамикасын алып қарайтын болсақ, онда науқастардың жалпы саны да 2 есе азайып отыр. Қазақстан туберкулезден емдеу, диагностикалау, алдын алу сынды барлық емшараға жұмсалатын ақша бюджет қаражаты есебінен өтеп отырған елдердің қатарына жатады. Сондықтан да елімізде туберкулезден емдеудің әлемдегі барлық алдыңғы технология­лары қолданылады.

Астанада туберкулезге шалдыққан науқастар саны жыл сайын азайып келеді. Елордада бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға 2,9 адамнан ғана келеді. Өкінішке қарай, елордада туберкулез ауруының ошағына айналған жер бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бас қаламызда бұдан 60-70 жыл бұрын, яғни 1954 жылы саман кірпіштен салынған жер үйлерде халық әлі күнге дейін тұрып жатыр. Осындай 100-ден астам жатаған үйлердің мұржасынан будақтаған қара түтін ауаны ластауда. Мұны көріп бая­ғыдағы қырда жатқан қазақ ауылы еске түседі. Мысалы, бір ғана Байқоңыр ауданына қарайтын «Жасыбай» қонақ үйінің артындағы Михаил Ломоносов көшесінде тұратын халықтың жағдайы өте ауыр. Бәрі сол тозығы жеткен ескі үйін паналап отыр. Қазір қар еріген соң, үй қабырғалары ылғалданады. Адам тұру мүмкін болмай қалады. Бұл ауданда соңғы екі жылда туберкулез бен рактан, көкірек ауруынан 30-40 адам қайтыс болған. Тұрмыстық жағдай нашар болған соң, адамдар өліп жатыр. Оның үстіне осы көшелерден жоғарғы кернеулі 10 мың киловаттық (высоковольт) электр бағаналары өтеді. Осыдан он жыл бұрын арнайы комиссия электр бағаналардың астында баспаналардың болуы адам өміріне қауіп төндіретінін айтқан болатын. Күні-түні ызылдап тұратын темір бағанадағы сымдар ажал отын шашуда. Үйлер соның астында болғандықтан, адамдардың қан қысымы жоғары. Әсіресе жас балалар туберкулезбен емдеу диспансерінде есепте тұрады. Үйлерде су жоқ, дәретхана далада. Үлкен де, жас та күрк-күрк жөтеледі. Жаз болса қоқыс төгетін жер сасиды. Құрт-құмырсқа, көртышқан қаптайды. Міне, осындай келеңсіз жағдайдан әзірше арылу мүмкін болмай тұр.

Осы көшелерде, негізінен, ежелгі ақмолалық қазақтар тұрады. Әсіресе бұл маңайда балалар ойнайтын алаң, балабақша, мектеп жоқ. Қоғамдық көлік жүрмейді. Тұрғындар үйін жаңартып қайта салайын десе, әкімшілік рұқсат бермейді. Бұзақылық пен қылмыс жасау, арақ ішу, кісі өлтіру және баспанасыздардың жосып жүруін осы төңіректен көресіз. Оны полиция қызметкерлері өте жақсы біледі. Биыл осы аудандағы Күлтегін көшесінен жол өтетін болғандықтан, ескі үйлерді ысыру үшін ­республикалық бюджеттен 13 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ өзге көше тұрғындары сол баяғы тасада ескерусіз қалып отыр. Мен кезінде Астана қаласы мәслихатының депутаты болғанымда осы проблеманы бірнеше рет көтерген едім. Сонда бұл жерге инвесторлар тартылып, көпқабатты үйлер салу жоспарланған болатын.

Бұл көше тұрғындары 25 жылдан бері осындай мүшкіл халді бастан кешіруде. Қалалық Қоғамдық кеңес пен бұрынғы мәслихат депуттаттары бұл мәселеден қашан-ақ хабардар.

Бас қаламызда осындай келеңсіз жағдай жуық арада шешімін табады дегенге тұрғындар сенуден қалған сияқты. Халық қалаулысы боламыз деп күні-түні өзін жарнамалап жүрген депутатқа үміткерлер де бұл көшеге ат ізін салмапты.

«Үй болмай, күй болмайды» дегендей, тозығы жеткен баспана адам денсаулығына қауіп төндіріп отырғаны – шындық. Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің жоғары болуына қатысты емес пе, сондықтан елорда басшылары жұқпалы туберкулез ауруының ошағы болып отырған бұл көшелердегі тұрғындардың мүшкіл жағдайына назар аударады деген үміттеміз.

Мағжан САДЫХАНОВ, журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button