Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ұтылып тұрып, ұттық!

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 18-орында тұрған, кезінде Еуропа чемпионы болған Дания құрамасын ұтты. Ұтқанда 0:2 есебімен ұтылып тұрып, жеңісті жұлып әкетті!

Әлемдік ақпарат көздері 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің екінші турында Қазақстан футболшылары сенсация жасады деп жарыса жазып жатыр.

Келесі үшінші турдың ойы­нын Қазақстан құрамасы 16 маусымда сырт алаңда ойнайды. Қарсыласы – Сан-Марино.

26 наурызда кешкілік «Астана Арена» стадионына асықтық. Ортанқол команда емес, ФИФА рейтингінде 18-орында тұрған Еуропа командасы – Дания құрамасымен Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында кезекті ойын өткізеді. Әдеттегідей орталық алаңға баратын барлық көшелерде көлік кептелісі жүрісімізді тежеді. Бәрі стадионға бағыт алғаны анық.

1 сағат 20 минутта стадионға жетіп қуандық-ау, алайда оған кіріп, орнымызға жайғасамыз дегенше тағы жарты сағат уақыт өтті. Не керек, белгіленген 19:00-де ойын басталды. 30 мың адам еркін сыятын «Астана Аренада» ине шаншар орын жоқ. Жанкүйерлердің жалынды қолдауынан жігерленген Қазақстан футболшылары ойынды бастап та кетті.

Ә дегеннен-ақ Дания шабуылды үдетті. Алаңдағы жанкүйерлер демін ішіне тартып, эмоциясын сабырға басып отыр. Енді ше, Ұлттар лигасында Килиан ­Мбаппе, Антуан Гризманн, ­Оливье Жиру сынды әлем футболының жұлдыздарынан құралған Франция құрама командасын екі рет ұтқан Дания осал команда емес. Әлемнің кез келген үздік командасымен деңгейлес, ойыншыларының шеберлігі шыңдалған. Әрі Еуропаның үздік футбол клубтарында өнер көрсетеді.

Қысқасы, кездесуде даниялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде Расмус Хейлунн 21-минутта біздің қақпашы Давид Лорияның үстінен допты асырып жіберіп, қақпадан саңылау тапса, 36-минутта есептегі басымдықты арттырып, қос голдың авторы атанды.

Магомед Адиев, Қазақстан ұлттық

құрамасының бас бапкері:

– Ойыншылармен әңгімелесіп, жауапкершілікті өз мойныма алатынымды, жігіттерге тек ойнау керегін түсіндірдім. Даниямен кездесуде бірінші кезең біз ойлағандай болған жоқ. Екі голдың соғылуы қателік салдарынан болды. Екінші кезеңде ойыншылардың бір-бірін түсінуі қалыпқа келе бастады. Оны оңтайлы пайдалана алдық.

Екінші кезеңде Қазақстан футболшылары белсенділік байқатып, ширақ қозғалып, ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалануға тырысты. Сөйтіп қарсылас команданың қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 73-минутында даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзды. Он бір метрлік пенальтиді Бактиер Зайнутдинов сауатты орындап, есеп айырмасын қысқартты.

Ал 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торынан табылып, есеп теңесті. Осы сәтте жаңадан бері эмоциясын ішіне сақтап отырған қазақстандық жанкүйерлердің дауысы алаңда жаңғырып, құлақты жарып жіберердей әсер етті. Теңіздің толқынындай тулаған жанкүйерлер бір отырып, бір тұрып, стадионда мерекелік көңіл күй орнатты. Қызықтың көкесі алда екен. Арада үш минут өткенде, яғни 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізді. «Астана Аренаға» жиналған көрермендердің қуанышында шек жоқ. Бірі жылап, екіншісі қуанып жатыр. Бұл эмоцияны сөзбен айтып жеткізу қиын…

Осылайша, Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, сенсация жасады. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен-ді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жетті. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.

Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрама командасы «Н» тобында Сан-Марино, Солтүстік Ирландия, Финляндия, Словения құрамасымен ойнайды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button