Әлеумет

ШЫРАЙЛЫ ШАҢЫРАҚ

1-10-15-500-++++

Ұзақ жылдар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде еңбек еткен Бәдуан Имашұлын қаумалаған ортасы да, қадір тұтар әріптестері де ақжарқын да адал, өз ісіне шын берілген еңбекқор азамат ретінде таниды.

Бәкең – осы өңірдің Қорғалжын ауданының тумасы. Жазу-сызуға ерте араласты. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантық» кәсіп иесі туған жердің қадір-қасиетін, ондағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін әркез қаламына арқау етті. Сүйіп таңдаған мамандығының қыры мен сырын терең меңгеруге ұмтылды. Еткен еңбек пен төгілген тер зая кетпеді. Талай жылғы жемісті қызметі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы мен Жамбыл атындағы халықаралық және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарына ие болды.

«Отбасы – тағдыр сыйлаған кереметтердің бірі» дегендей, үш бала, бес немере сүйіп, олардың қызығына кенеліп отырған Бәкең зайыбы Гүлжан Ғазизқызымен 1977 жылы шаңырақ көтеріпті. Жас отауды іңгәлап тұңғышы Айдар шаттыққа бөледі. Араға жылдар салып, Айдын мен кенже ұлы Айбек дүние есігін ашты. Бүгінде бұлардың барлығы өз алдарына отау құрған бір-бір шаңырақ иелері.

– Бала тәрбиесіне әу бастан мән бердім. Екеуміз де көп балалы отбасынанбыз. Перзенттерімнің үшеуі де ұл бала болған соң, жас кездерінен үй шаруасына араластырдым. Бала күндерінде «бүгін асүйге сен кезекшісің, ертең үйді сен тазалап, қағып, сілкесің» деп тапсырма беретінмін. Одан балаларым жаман болған жоқ, қайта еңбексүйгіш, шаруаға икемді болып өсті. Үшеуі де музыка мектебінің түлектері, домбыраны жақсы тартады» деп еске алады Бәкең бала тәрбиесі хақында.

Ал, зайыбы Гүлжан Ғазизқызының мамандығы – дәрігер. Ол Целиноград медицина институтын бітіріп, қырық жылдан астам адам жанының арашасы саналатын кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңса, соның жиырма екі жылында бас дәрігер болып қызмет етті.

Елдің елеулісі, халықтың қалаулысы атанған жоғары санатты дәрігердің жетістіктері де – бір төбе. Студент кезінен көзге түскен ақжелеңді абзал жанның кеудесінде «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» және басқа да бес медаль жарқырайды. Есімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алтын кітабына жазылыпты.

Үлкен ұлы Айдардың мамандығы заңгер болса, оның жары Гүлнар қаржыгер екен. Айдын – дипломат, Бакудегі Қазақстан елшілігінде қызмет етеді.

Ал, Айдынның келіншегі Әсел Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін бітіріпті.

Айдар да, Айдын да, Айбек те орта мектепте үздік оқыған. Қазір Айбек Еуразия ұлттық университетінің магис­тратурасын өте жақсы тамамдап, докторантурада оқып жүр. Оның жары Айжанның мамандығы – журналист. Бүгінде ол тұңғыштары Жәнібектің тәрбиесімен айналысады.

Бәдуан аға мен Гүлжан апай қазір бес немеренің қызығына бөленіп отыр. Үлкен немересі Айдана қаладағы №54 қазақ мектеп-лицейінде оқиды. Сурет салуға құмар. Мәнерлеп билеу­ден өз құрбылары арасында түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Ал, биыл мектепке баратын Әміржан шахматты жақсы ойнап көзге түсіп жүрсе, Алсу көркем гимнастикамен айналысатын көрінеді. Әдия – балабақшаның өнерпазы.

Сүттей ұйып отырған отбасының берекелі бірлігін көпке үлгі-өнеге ете отырып, олардың ұрпақ тәрбиесіне де аса мән беретінін байқаймыз. Бала-келіндерін иба, ізетті сақтау мен салт-дәстүрді құрметтеуге баулыған ерлі-зайыптылар адамзатқа тән барлық құндылықтарды қастерлей біледі. Оның бір дәлелі екеуі де 2011 жылы қасиетті Меккеге барып, мұсылманның бес парызының бірі – қажылығын өтеп қайтты.

Мәуелі бәйтеректей жайқалған, шырайлы шаңырақ иелерінің ғибратты өмірі – қоғам үшін қашан да мерей.

LOGAS MEREY м2

Сағи Орал

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button