Басты ақпаратРесми бет

«SMART ASTANA» ЖАҢА ҚОСЫМШАМЕН ТОЛЫҚТЫ

АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАЛИКА БЕКТҰРОВАНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН «SMART ASTANA» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫНЫҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН НҰСҚАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ. ОҒАН «АСТАНА INNOVATIONS» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ОЛЖАС САРТАЕВ ПЕН «ЕЛОРДАНЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРКЕБҰЛАН ЖӘНІБЕКҰЛЫ ҚАТЫСТЫ.
Малика Бектұрованың айтуынша, көпшілік «Smart Astana» мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасының көмегімен Астана қаласының ашық, маңыз­ды әрі өзекті сервистеріне қол жеткізе алады. Сондай-ақ ол жобаның басты мақсаты ақпараттық қолжетімділік пен әртүрлі қалалық сервистерді ыңғайлы ұсыну екенін атап өтті. Ал Олжас Сартаев болса қосымшаның интерфейсі, сондай-ақ, оның функционалына бірқатар елеулі өзгерістер жасалғанын тілге тиек етті. Мәселен, қалалық сервистерді барынша қамту мақсатында мобильді қосымша тұжырымдамасын толыққанды жаңарту туралы шешім қабылданған.
– Бүгінгі таңда қосымшада мемлекет және қала қызметтері, денсаулық сақтау, білім, ТКШ, қоғамдық көлік, туризм, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық, хабарландырулар, қаладағы жаңалықтар мен оқиғалар, белсенді тұрғын сияқ­ты 12 санат бойынша барлығы 30-дан астам сервис, сонымен қатар түрлі пайдалы виджеттер қолжетімді болып отыр. Мысалы, мемлекет және қала қызметтері мәзірінде 109 кезекші қызметіне өтінім беруге, әкімдікке қабылдау­ға жазылуға, өз бөлімінің полиция қызметкерін табуға және тұрғын үйге кезегіңді қарауға болады, – дейді ол.
Сондай-ақ «Денсаулық сақтау» мәзірінде барлық қосымшалар медицинамен байланысты болады. Нақтырақ айтсақ, мұнда қаланың барлық медициналық ұйымдары туралы ақпарат, қала картасындағы олардың орналасқан жері қамтылған. Аталмыш мәзір арқылы керекті дәрігерді таңдап, қабылдауға әрі онлайн түрде жазылуға мүмкіндік пайда болды.
– Сонымен қатар онда жедел жәрдем, шұғыл қызметтер шақыру, 1300 call-орталыққа хабарласу және тағы да басқа қызметтер бар. Сондықтан да қаланың барлық медициналық мекемелері электронды денсаулық сақтау жүйесіне 2018 жылдың ортасына дейін қосылады. Сондай-ақ «Білім» қаттамасында тұрғындар өз балаларының балабақшаға кезегін қарап, қаланың орта білім беру орындары туралы бүкіл ақпаратты ала алады, – деді Олжас Серікұлы.
Ал Еркебұлан Жәнібекұлының айтуынша, «Smart Astana» мобильді қосымшасына жұрттың ықыласы жоғары болып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін мобильді қосымшаны 100 мыңға жуық елордалық тұрғындар жүктеп алған көрінеді. Сондай-ақ ол аталған қосымшаны Play Market (Android) және Apple Store-дан (iOS) жүктеп алуға болатынын айтып өтті.

Серік
ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button