Қала тіршілігі

СОЛ ЖАҒАЛАУ СУҒА КЕТПЕЙДІ

DSC_1761

Астана күні мерекесінде жауған жаңбыр жарты сағат ішінде елорданың біраз аймағын суға толтырғаны белгілі. Сол күні бар-жоғы 25 минут ішінде сегіз миллиметр көлемінде ылғал түскен екен. Бұл қалыптағы нормадан бірнеше есе жоғары. Соның салдарынан қаладағы коммуналдық қызмет аяғынан тік тұрып, күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Мереке күндері елордада есепсіз жауған жауыннан жиналған суды соруға жүз жақты мамандандырылған техника, 2 жылжымалы сорғы станса, 7 мотопомпа, 21 сорғы сияқты құрал мен техникалар жұмылдырылған болатын. Нәтижесінде екі сағат көлемінде жауынның салдары жойылды.

Қазіргі уақытта жаңбыр суын ағызатын кәріз құрылысы қалай жүріп жатыр? Қаладағы коммуналдық қызмет су басу қаупін алдын алуда қандай істер атқаруда? Осы мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында Астана қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Тимур Әбижановқа бірнеше сауал жолдадық.

– Бұл мәселеге қатысты қала әкімінің өзі жақында жан-жақты айтып өтті. Негізінде, қаладағы су басу қаупін толықтай жою үшін үш жылдық арнайы бағдарлама қажет. Қала әкімі осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Қазірдің өзінде негізгі жобалары жасалуда. Өздеріңіз білесіздер, осыдан отыз-қырық жыл бұрын тұрғызылған үйлердің жанынан қардың, жаңбырдың суын ағызатын арнайы құбырлар салынбаған. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Ал сол жағалаудағы су ағызатын құбырлардың қуаты төмендеу болып қалды. Өйткені, қала ай сайын үлкейіп, көлемі артып келеді. Қазіргі кезде №31 және №27 тазарту құрылыстары іске қосылды, жыл соңына дейін су ағызатын жаңа коллектор пайдалануға беріледі, – деп түсіндірді Тимур Жұмажанұлы.

Мамандардың айтуынша, жаңа су ағызатын коллектор іске қосылғанда, биылғы жылдың аяғына дейін сол жағалауды су басу қаупі толықтай жойылады екен. Ал жалпы қаланы мұндай қауіптен құтқару үшін кемі екі-үш жыл қажет болады. Қала әкімі Әсет Исекешев те қалалық «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс конференциясындағы бір үзілісте су ағызатын құбырлар салу – әкімдіктің ең маңызды жұмыстарының бірі болатынын айтып өткен еді. Сол себептен қала бойынша тұрақты су бұру жүйелері құрылысын жоспарлау бағытында нақты жұмыстар қолға алына бастаған. Биылғы жылы екі тазарту құрылымын және бір су ағызатын коллектор құрылысын аяқтау жоспарланған. Сол кезде жаңбыр жауса, суға лық толатын Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр даңғылы мұндай азаптан құтылады. Жалпы, елорданың сол жағалау ауданында келер жылға дейін су басу қаупі толықтай жойылмақ. Екі-үш жыл шамасында, бұйыртса, Астана көлемінде мұндай мәселе толық шешімін табатын болады.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button