Басты ақпаратОқырманнан он сұрақ

СӨЗ ҚҰДІРЕТІНСІЗ ӘННІҢ БАҒЫ ЖАНУЫ ЕКІТАЛАЙ

Құрылғанына көп бола қой­маса да, «Қоңыр» тобы бү­гінде елге танылып үлгерді. Топ қалай құрылды?

Гүлім КӘРІМ, дәрігер

– Біздің топ 2007 жылы құрылды. Оған дейін мен жеке ән айтып жүр­дім. Жазира мен Бауыржанға қа­ра­ғанда жасым да ересектеу, тә­жі­рибем де жоқ емес еді. Кішігі­рім бай­қау­лар­дың жүлдегері де болдым. Қала­ға кештеу келдім. Бірен-саран кон­церт­терде ән салып, көріне бас­тадым. Сержан Молдасанұлымен студент кезден жолдаспыз. Әу бас­­­та, Сержан­ға этно-бағытта топ құ­­ру идея­сын Ғалым аға айтқанын бі­­ле­­­сіз­­дер. Сержан маған осы ой­ды ай­тып, ұсыныс жасады. Мен қуана келіс­тім. Содан осы жобаға білек сы­ба­на кірісіп кеттік. Ғалым, Тұр­сын­жан ағалармен бірігіп бір­не­ше әнші­лер­ді тың­дап, солардың ішінен Жазира Қоша­нова мен Бауыр­жан Асанбаев­қа тоқтадық.

 

– Неліктен топтарыңызға «Қо­ңыр» деген атауды таңда­ды­­ңыз­дар?

Инара КӨПТІЛЕУОВА, оқушы

– Себебі, «Қоңыр» деген сөз – қазаққа тән атау. Қоңыр дауыс, қоңыр үн, назқоңыр. Сондықтан тобымызды осылай деп атағанды жөн көрдік. Жалпы, қазақ халқы баласына ат қоярда ойланып, толға­нып, мазмұнды есімдер қойған. Бол­мысымызға келетін атау қойға­ны­мызға қуанамыз.

 

Қандай аспаптарда ойнай ала­сыз? Қиын емес пе?

Нұрасыл ЖҰМАҒҰЛОВ, оқушы

– Бірнеше аспапта ойнайтыным рас. Үйренем деген адамға қиындығы жоқ, қызығушылық болса, болғаны. Енді қылқобыз ас­па­­бында ойнауды үйреніп алсам ба дей­мін. Қаза­ғы­мыз­дың қара дом­­бы­расы, шер­тер, сазсырнай, шаң­қо­быз, қоссаз аспап­тарында ой­наймыз. Қос­саздың аты айтып тұрған­дай, бұл аспап­­тың үстіңгі бөлігі – домбыра, астыңғы бөлігі – шер­тер, екі аспап­тың дыбы­сын бере­ді. Алғаш топ құрылғанда ба­ғы­ты­мыз айқын болғанымен, өзi­міз­ге ғана тән бір ерекшелік іздеуі­міз керек болды. Сол кездері есіме қос­саз түсті. Бізді өзге­лерден ерекшелен­діретін де осы аспап сияқты.

 

Ән таңдау барысында неге жүгінесіздер? Репертуарға енетін жаңа әнді кім таңдайды?

Айсұлу МАНАТ, қала тұрғыны

– Адамның рухын көтеретін де, көңілін құлазытатын, жайнататын да – ән. Бірінші кезекте әуен бол­ға­нымен, сөз құдіретінсіз ән­нің ба­ғы жануы екіталай. Екеуі үйле­сім тап­қан­нан кейін ғана жүрек­тер­ге жол тартады. «Ән­нің де естісі бар, есе­рі бар» деп Абай айт­­қан­дай, кейбір әуендер ерекше әсер беріп, жүрегіңді тербетсе, кейбі­рі керісінше жүйкеңе кері әсер ете­ді. Біздің ән таңдаудағы бас ке­ңесшіле­ріміз – Ғалым Доскен мен Тұр­сын­жан Шапай. Қазақ әнін те­рең зерт­теп жүрген осы білгір аға­ларымыз біздің көркемдік кеңесі­міз десек бо­лады. Ол ағалар­дың талғамы мен талабы өте жоға­ры. Реперту­ар­­дағы әндердің басым бөлі­гін бізге сол кісілер ұсын­ған. Про­дюсе­рі­міз Сержан Молдасанұлы да өнерден құралақан емес. Ән туралы өзіндік көзқарасы мен талғамы бар. Қандай да бір композитор бізге әнін ұсынса, ең алдымен ол әннің дәстүрлі ба­ғытта болғанын қалаймыз. Біздің дау­сымызға, мәне­рімізге лайық па, соған баса назар аударамыз.

 

– Жазғы демалысты қалай өт­­кізесіз?

Шынар ЕЛУБАЙ, Әуетуристік агенттігінің қызметкері

– Жаз келді екен деп қарап жа­туға болмайды ғой. Дегенмен, адам­ға де­малыс та қажет. Барлығы ойда­­ғыдай жүзеге асса, отбасымызбен ауылда аунап-қунап қайтуды жөн көріп отырмыз.

 

– Көшеде еркін жүргеніңізде сіз­ді танып, амандасып жатса, қа­лай қа­был­дайсыз?

Елнар ЕРНАРҰЛЫ, студент

– Көшеде бізді атымызбен атамай, «Қоңыр» тобы кетіп бара жатыр дейді (күлді). Халық біз туралы айтып жатса, өнерде бар екенімізді сезініп қуанамыз.

 

– «Дәстүрлі әнге сұраныс азай­ды» деген пікірге қалай қа­райсыз?

Бағила САҚАТОВА, зейнеткер

– Мұндай пікірмен келіспеймін. Күні бүгінге дейін дәстүрлі ән өзі­нің қалыбын жойған жоқ. Эстра­­да жанры төтеден келіп, аз уақыт­тың ішінде белең алған бір толқын секіл­ді. Бірақ, ол белгілі бір кезеңге ғана тән құбылыс. Дәстүрлі әндердің тыңдау­шылары жоғалған жоқ. Эстра­далық әндердің көбісі елдің есін­де сақ­тал­майды. Дәстүрлі әндерді тыңдай отырып, рухани ләззат аласың.

 

– Адамның қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз? Қандай адамды жаныңызға жақын тартасыз?

Майра АЙДОСОВА, психолог

– Шыншылдық, шынайылық, адалдық – бұлар әр адамға керек. Осы қасиеттер адамды ізгілікке же­­те­лейді.

 

– Кітап оқисыз ба?

Гүлжан КЕРІМ, кітапханашы

Кітапты көп оқимын. Кітапқа қызығушылығым Сәкен Жүні­совтың «Ақан серісінен» басталды. Сол кітапты бас алмай оқып шық­қаным бар. Қазір Мұхтар Ма­ғауиннің Шыңғыс хан туралы кіта­бын оқып жатырмын. Жалпы, Мағауиннің шығармаларын қалдырмай оқуға тырысамын.

 

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button