Басты ақпаратМәдениет

Сырым батыр бейнесі сомдалды

Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Жастар» театрында «Сырым батыр» тарихи драмасы көрсетілді. Аталмыш қойылымды елордаға Орал қаласының «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театры алып келді. Спектакль көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұхамбетқалиұлы және белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың шығармалары желісімен сахналанды. Қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Самал Абуов, қоюшы суретшісі – Әсем Төлепберген.

Спектакльде ХVIII ғасырдың соңында еліміздің батыс өлкесінде болған Отан тарихындағы іргелі оқиға – ұлт-азаттық көтеріліс көсемі Сырым Датұлының балалықтан даналыққа дейінгі жолы сомдалды. Кәсіби емес актерлерден құралған театр ұжымы соны әсерлі жеткізе білді. Залда ине шаншар орын қалмай, көрермендер қойылымды ыстық ықыласпен қабылдады. Арнайы қонақ ретінде шақырылған белгілі тұлғалар да тарихи драманың мән-маңызы, Сырым батырдың тарихтағы орны, сахналық туынды авторларының мұрасы жайында мағыналы әңгіме өрбітті.

– Театр сахнасында Сырым батырдың образын сомдаудағы, тарихта қалған үлкен көтерілісті өнер арқылы жеткізудегі бұл алғашқы қадам екен. Менің досым, қазақтың аяулы жазушысы Қажығали Мұхамбетқалиұлы дүниеден өткенде «шын қаламгердің өзі өлсе де, мұрасы өлмейді. Қажекеңнің енді екінші өмірі басталды. Бұл екінші өмірі бірінші өмірінен де маңыздырақ болуы мүмкін» деген сөзді айтқан едік. Бүгін сол сөздің растығының куәсіндей болып отырмыз. Біріншіден, осы арқылы даңқы жер жарған Сырымды бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре беретін болсақ, екіншіден, қазақтың әдебиеті үшін, қазақтың руханияты үшін үлкен еңбек еткен жазушылар ұмытылмайтынын, ел үшін еткен еңбек зая кетпейтінін көріп отырмыз, – деген көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Тар кезең» романының ерекшеліктеріне, құдіретіне тоқталды. Спектакльге қатысты кеңестерін айтты.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай кеңес заманынан бері қарай Сырым батырға әртүрлі көзқарас болғанын, «Тар кезең» романын жазу үшін жиырма төрт жыл бойы ізденіп, архивтерді ақтарған жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының тұлғаны танытудағы үлкен еңбегін атап өтті.

– Көп адам білмейді, сонау 1944 жылы Венаның опера және балет театрында қазақтар Сырымның образын алғаш көрсеткен. Оны да зерттеуіміз керек әлі. Сырым батыр – тәуелсіздік жолындағы күресіміздің басында тұрған үлкен тұлға, – деді Дархан Мыңбай.

Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев өткен жылы Сырым батырдың 280 жылдығы аталып өтіп, аталмыш қойылым соның аясында сахналанғанын айтты. Астанаға батыр ұрпақтарының қолдауымен әкелінгенін жеткізді. Орал қаласы әкімінің атынан Астананың Мәдениет басқармасына, бас қаланың «Жастар» театрына алғыс хат пен естелік сыйлықтарды тапсырды.

Жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлының жары Сұлухан Фатихқызы аталған қойылым қаламгердің «Тар кезең» романы желісімен емес, осының алдында жазылған шығармасы негізінде сахналанғанын айтты. «Тар кезең» орыс және ағылшын тілдеріне де аударылғанын жеткізіп, алда осы роман бойынша спектакль қоюды ұсынды. «Сырым батырды» қойған театр ұжымына, Астанаға әкелінуіне қолдау көрсеткен демеушілерге алғыс айтты. Демеушілер атынан Esil University Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті директорлар кеңесінің төрағасы Берік Бейсенғалиев жазушы жарына құрмет көрсетті. Сырым батырдың кіндік қаны тамған жерден келген ақын, журналист, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмеденұлы елдің сәлемін жеткізді. Сырымның тарихи бейнесін жинақтап, ұсынған Вяткин екенін, ал батырдың әдеби бейнесін жазушы Жәрдем Тілеков «Сырым» атты дастаны арқылы алғаш жасағанын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button