Sport

Талаптың тұлпарын мінген төртеу

Ресей құрамасы

 

Ресейлік футболшылар чемпионатты өткізуші ел есебінде бұл жолы іріктеу турниріне қатысқан жоқ. Мұның есесіне, екі жылдың ішінде әлемнің Аргентина, Бразилия, Франция, Испания және Бельгия сынды ең алдыңғы қатардағы құрамаларымен күш сынасып көрді. Бұл Ресей құрамасы үшін төртінші мундиаль болғалы тұр. Ол бұған дейін бір рет те топтан шығып көрген жоқ.
Команданы Станислав Черчесов басқарады.

Уругвай құрамасы

Бар-жоғы 3,5 млн халқы бар шағын елдің құрамасы Оңтүстік Америка құрлығындағы басты футбол державаларының бірінен саналып келеді. Ол 2018 жылғы әлем чемпионатының електік жарысында өз тобында екінші орын алды. Турнирде Эдинсон Кавани – 10, Луис Суарес 5 гол соқты. Ал алдағы байрақты бәсеке уругвайлықтарға алтын тәжді жеңіп алу үшін жасалған 13-ші жорық болғалы тұр.
Уругвай құрамасы бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы болып үлгерді. Ол алдымен 1930 жылы өз елінде өткен бірінші жаһандық жарыста топ жарса, екінші рет 1950 жылы Рио-де-Жанейрода алаң иелері – бразилиялықтарды 2:1 етіп ұтып, айды аспаннан бір-ақ шығарған. Ал жаңа ғасырдағы биік табысы 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен мундиалда 4-орын алуы болды.
Уругвай бұдан бөлек, екі рет (1924, 1928) Олимпиялық ойындар чемпионы атанған болса, Америка Кубогын 15 рет ұтқан еді.
Команданы Оскар Табарес жаттықтырады.

Египет құрамасы

Мысырлықтар соңғы 28 жылдан кейін әлем чемпионатына қайтадан жолдама алып отыр. Ол бұған шешуші матчта Мохаммед Салахтың дублімен Конгоны 2:1 етіп ұту арқылы қол жеткізді. Бүкіл Египет бұл жеңісті қуана тойлады. Ал президент Әбдел Фаттах ас-Сиси әрбір футболшыға 83 мың доллардан сыйлық беруге өкім шығарды.
Египеттіктер осымен 3-ші рет әлем чемпионатына қатысады. Олар Африка Ұлттар кубогын жеті рет (1957, 1959, 1986, 1998, 2006, 2008, 2010) жеңіп алған.
Команданы аргентиналық маман Эктор Купер дайындады.

Сауд Арабиясы

Топтағы екінші араб мемлекетінің футболшылары соңғы екі чемпионатты өткізіп барып, жаһандық жарысқа қайта оралды. Ол шешуші топтық турнирде Австралия және БАӘ командаларын артта қалдырды. Осыдан кейін бірден жанжал шықты да, құрама бас жаттықтырушысы, нидерландтық Берт Ван Марвейк қызметінен кетті. Кейін оның орнын аргентиналық Хуан Антонио басты.
Саудтардың жұлдызы есебінде форвард Мохаммад әл-Сахлавидің аты аталады.
Құрама әлем чемпионатының финалына шыққаннан кейін оның әрбір ойыншысына 1,1 млн еуро көлемінде сыйлық берілді.
Команда үш рет (1984, 1988, 1996) Азия кубогын ұтты.

Футболдан әлем чемпионатының басталуына 16 күн қалды

Өткен жылдың 4 желтоқсаны күні Мәскеу­де жеребе тартылып, әлем чемпионатының финалдық сайысына қатысатын командалар топтары белгіленгенде, А тобына «Өмірге құштарлар құшағы» деген анықтама берілді. Мамандар мұны шоғырдағы құрамалардың жалпы деңгейі бір-бірімен шамалас әрі басқа лектерге қарағанда, төмендеу екеніне қарай айтқан-тын.
Шынында да солай. Егер нақты цифрларға сүйенсек, бұл командалар ФИФА рейтингісінде орташа 45-ші орында тұрған болып шықты. Топтың «басты» командасы болып белгіленген Ресейдің өзі 65-ші сатыда. Бірақ одан Уругвай мен Сауд Арабиясы жасақтары жоғары тұр. Сарапшылар Суарес – Кавани секілді әлемдегі ең мықты форвардтар дуэті бар уругвайлықтар саудтарды емін-еркін ұтады деп есептейді. Бұлардың соңғылары топта да артқы орында қалатын шығар. Ал екінші орын үшін талас Египет пен алаң иелері арасында өтуге тиіс. Егер мысырлықтар сапында «Ливерпульдің» лидері Мохаммед Салах пен бірқатар премьер-лигада өнер көрсететін саңлақтар ойнайтынын еске алсақ, ресейліктердің позициясы соншалықты берік болып көріне қоймайды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button