Мәдениет

ТАНА ШЕШЕЙДІҢ «ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕСІ»

1 қазан – Халықаралық музыка күні. Осыған орай Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы сенбі күнінің кешінде, сағат 18.00-де Конгресс-холл сахнасында басталатын «Тақиялы періште» киноконцертіне шақырады.

d494f99cbefe-kopiya

Қазақ кино өнерінің саңлағы, КСРО-ның халық әртісі Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» музыкалық комедиясы жарық көргеніне жарты ғасырға жуықтаса да, көрермендерді әлі күнге дейін жалықтырмаған фильмге айналды.

Елордалық филармония комедиядағы бәріміздің езуімізге күлкі үйіретін оқиғаларды жаңғыртып, сүйікті кейіпкерлермен қайтадан қауыштырмақ. Атап айтсақ, фильмде Әмина Өмірзақова сомдаған Тана шешейдің рөлінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Салаева көрінеді.
Нияз ақсақалдың рөлі Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Нұрай Танабаевқа тапсырылса, басынан тақиясын тастамайтын Тайлақтың бейнесін камералық хордың жеке орындаушысы Расул Нөгербеков алып шықпақ.

Тайлақтың жүрегін жаулаған Айшаның рөлін эстрадалық әнші Маржан Мырзабекова сомдайды. Айшаға кереғар кейіпкер – Алтыншашты тағы бір эстрадалық әнші Гүлмира Жұмабекова ойнайды. Қыздар жатақханасының коменданты Жамал апаның бейнесін актриса Мақпал Сүлейменова сомдамақ.

Киноконцертті қою идеясының авторы – Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры-көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов.

Комедия ондағы оқиғалармен ғана емес, тамаша музыкамен де көрерменнің есінде сақталады. Фильмде айтылатын әндердің сөздері қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев пен талай тамаша ән мәтіндерін жазған Леонид Дербеневтің қаламынан туған. Ал «Тақиялы періштенің» музыкасы – Шәкен Айманов пен Леонид Гайдайдың фильмдерін музыкамен көркемдеген композитор Александр Зацепиннің туындысы.
Сондай-ақ, киноконцертте камералық хор әртістері, «Шалқыма» халық би ансамблі және жеке орындаушылар көрінеді. Ана туралы әнді Бибігүл Жанұзақ орындаса, «Гүл Алматы» сынды Алатау баурайындағы әсем қаланы асқақтататын әндерді Нұрбол Балапанов айтады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button