Құқық

Тараптардың жарыспалылығы әділ шешімге жеткізеді

Жақында Жоғарғы сот Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңеске басты сот талқылауын өзгерту бойынша ұсыныс енгізді. Түсіне білген адамға мұның астарында үлкен мән жатыр. Судья өз жұмысында кінәліге жаза кескенге дейін істі жан-жақты ой елегінен өткізіп, сараптайды, саралайды. Міне, осы негізде оның өз тұжырымына қалай келгенін көруге мүмкіндік берілуі керек деген ой-пікірлер айтылды.

[smartslider3 slider=2210]

Мәселе соттағы айыптау мен қорғау арасындағы шынайы жарыспалылықтың төңірегінде болып отыр. Негізінде, тек сот залында және жариялы түрде әрбір тарап өз ұстанымын қорғап, сотты соған сендіруі керек.

Бірақ көбіне өмірде олай бола бермейді. Содан келіп, бітпейтін дау, бас-аяғы ұзаққа созылған сот үдерістері орын алып жатады. Кейінгі статис­тика мәліметтері бойынша елде соттасушылар саны артып отыр.

Әсіресе, салық органдары кәсіпкерлерді сот залына көбірек сүйрейді. Бизнес өкілдері мұны «біздің имиджімізге мемлекеттік кіріс­тер департаменті тарапынан жасалған ашық шабуыл» деп наразылық білдіріп келеді.

Олардың айтуынша, бұл бүгін ғана қалыптасып отыр­ған жағдай емес. Жылдар бойы қордаланып қалған түйінді түйткіл. Осы түйінді шешудің орнына жұмыс істеп тұрған бизнесті ақшалай санкция салып, одан сайын тұншықтыруда. Көптеген шағын және орта бизнес күнін көре алмай банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр.

Мойындау керек, көбіне мұндай келеңсіздікке салығын уақытында төлеп, заңның жолымен жүрген кәсіпкерлер мен олардың тауар жеткізушілері тап болып жатады.

«Мұның өзі жалпақ жұртқа бұрыннан белгілі қарапайым нәрсе, салық органы болар-болмас мардымсыз кемшілік табады да барлық тапсырыс берушілер мен контрагенттерді аяқтарынан тік тұрғызады. Сөйтіп, олар жасаған мәміленің күшін жоюға бар мүмкіндіктерін салады. Ал шындығында, екі тараптың арасындағы нақты мәмілелер заңды түрде жасалған. Тауарлар мен қызметтер келісімге сәйкес толық орындалған. Тараптардың бір-біріне қоятын талаптары да жоқ. Бірақ сотта бизнес өкілдері қайткен күнде де жеңіліс табады. Шешім салық органдарының пайдасына шығарылады. Кәсіпкер барлық дәлелдерін ұсынса да сараптама жүргізілмегесін, сот талқылауында шынайы жарыспалылық болмағасын баяғы жартас сол жартас болады да қалады» дейді кәсіпкер Ерсайын Сарыбаев.

Ал қылмыстық істерді қарау үдерісінде де мұндай олқылықтар аз кездеспейді. Онда мәселе сәл күрделірек. Адам тағдыры шешілер сын сәттерде судьяның әділеттілігі, парасаты мен пайымы үлкен маңызға ие. Расы керек, істің мән-жайына түпкілікті назар аудармай, кейбір асыра сілтеушіліктерден туындайтын әттеген-айлар көп жағдайда опық жегізіп жатады.

«Қазіргі таңда құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысында ескінің сарынынан арыла алмай біржақты айыптау жағына көп басымдық берілуде. Нәтижесінде, адамдардың құқықтары бұзылып, негізсіз қылмыстық қудалауға түсіп, сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтығы қамтамасыз етілмей отыр» деген пікірлер айтылуда.

Осыған орай Байқоңыр ауданы № 2 сотының судьясы Бағлан Ыдрысов былай дейді:

«Сот жүйесінің ең негізгі мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және Қазақстан Республикасы Конституциясының, өзге де заңдарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Бұл барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе кез келген органның заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарына сот арқылы қорғауға кепілдік беретін орган екенін ұмытпауымыз қажет.

Құқық қорғау органдары мен соттардың арасында бұрыннан қалыптасқан біржақты айыптау жағына көп басымдық беріледі деген алып-қашпа әңгіме. Шындыққа жанаспайды. Шын мәнісінде, сот тәжірибесінде жағдай олай емес.

Судья сот төрелігін іске асыру кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

Сондықтан барлығы заң алдында тең, мұндай жағдайда, сот тек айыптауды қолдап, қорғау тарапын қолдамайды деген негізсіз тұжырым.

Бұл ретте, сот төрелігін жүзеге асыруда судья бейтарап болуымен бірге тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы принципін қатаң сақтайды.

Соттың негізгі міндеті – азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, оның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, ал кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз ету.

Демек, қылмыстық істе бар дәлелдемелер айыптау тарапына қандай да бір басымдық бермейді. Әрбір дәлелдеме айыптау және қорғану тарапының қатысуымен және олардың жарыспалығының негізінде зерттеледі».

Негізі, сот iсiн жүргiзуде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы – ең маңызды нәрсе. Өйткені сол үдеріске бастан-аяқ қатысатын прокурор мен қорғаушы – бір-біріне бәсекелес тараптар. Осыдан келіп құқықтық бәсекелестік, жарыспалылық туындайды.

Ал бұған Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы Абай Көкжалов былай деп пікір білдіреді:

«Өз кезегінде, әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес. Бұл заңдылық Ата заңымызбен және қылмыс­тық процестік кодексімен бекітілген.

Айта кететін жәйт, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына түсiндiрiлетінін ескерген жөн. Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс.

Себебі айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.

Сондықтан болар, бұрынғы жылдармен қарағанда, ақтау үкімдерінің саны көптеп артып келе жатыр. Соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша көбейген. Осының нәтижесінде айыптау үкімдернің саны біртіндеп қысқарып келеді. Өз кезегінде, қылмыстық қудалау органдары бүгінде сапасыз, айыптауы күмәнді істі сотқа жібермеуге тырысады.

ҚПК-нің 23-бабына сәйкес, қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылады.

Бұл қағидаға сәйкес, сот объективтiлiк пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптаушы және қорғаушы тараптарға олардың iстің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге деген құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай жасайды.

Сот тәжиребесінде бұл қағида сотпен бұлжытпай орындалады. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу мемлекеттік айыптаушыға жүктелген.

Ал қорғану тарапы барлық қорғану тәсілдерін қолданып, өзінің қорғану шегін белгілейді. Қорғану тарапыныңда, яғни қорғаушының сотталушының кінәсіздігі жөніндегі ақиқатқа қол жеткізу үшін біршама өкілеттілігі бар. Қорғаушының қызметіне араласуға болмайды».

 «Қылмыстық процеске қатысатын тараптар тең құқылы, яғни оларға  Конституцияға және Қылмыс­тық-процестік кодексіне сәйкес өз ұстанымын қорғауға бiрдей мүмкiндiктер берілуі аса қажет. Сот процестік шешiмді тек тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде зерттелуіне қатысу қамтамасыз етiлген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

Ал түптеп келгенде, сот үдерісінің жарыспалылығы тараптардың әділеттілігіне, парасаттылығына, бұдан бөлек, судьялардың ғана емес, басқа да қатысушылардың әдептері мен мәдениетіне, мінез-құлықтарына да байланысты. Ең бастысы, қоғамның сеніме ие болған қорғаушылардың ниет-пиғылдарына да тікелей қатысты» деген құқық, сот саласында жүрген маман-сарапшылардың ой-пікірімен  толық келісуге болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button