Басты ақпарат

Тасқын су қаупіне тас түйін дайын

Апат айтып келмейді, бірақ қайтып келуі мүмкін. Бұл тұрғыда көшелерді су басу қаупіне байланысты Астанада биыл қандай сақтық шаралары атқарылып жатыр? Жауапты мекемелер табиғаттың бұл машақатына дайын ба? Өзекті мәселенің алдын алу жөніндегі жұмыстар жайлы көшпелі брифинг өтті.


Бірнеше нысанды аралаған жұмыс тобы тілшілерді атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. ТЖД қызметкерлері төтенше жағдай төтесінен келсе де төтеп береміз дейді.
– Бүгінгі уақытта Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, көктемгі су тасқынының алдын алу жөніндегі жұмыс жоспары құрылды. Онда 255 тармақ бар. Астанада көбінесе қар суынан мәселе туындайтынын білесіздер. 2017-2018 жылдары болған жағдайларды талдай отырып, қар суы алып кетуі мүмкін деген 34 аумақты белгілеп отыр­мыз. Ол аумақтарға тұрғын үйлер, өндіріс аймақтары жатады, – дейді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың ай­туын­ша, қазіргі таңда Астана су қой­масында 245 млн текше су бар. Қойманың максималды суды ұстап тұру мүмкіндігі – 410 млн текше метр.


– Қоймадан келетін су елордадағы контррегуляторға келіп түседі. Ол жерде қазір су жоқ. Яғни судың орны бос. Қазір Астана су қоймасынан жіберіліп жатқан судың көлемі – 4 млн текше метр ғана. Бірінші бекет арқылы ол су Есіл өзеніне жіберіледі. Жалпы, Астана қаласының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да құрылымдар елордада су тасқынының алдын алу үшін үлкен жұмыс атқарды. Елордада өткен «Көктем-2019» рес­публикалық оқу-жаттығуда Астана қаласы шаруашылықтарының техникаларын, адамдарының дайындығын пысықтап алдық. Мыңнан аса адам мен 600 техниканың дайын тұрғанын көрдік, – дейді ол.
ТЖД мәліметінше, осы уақытқа дейін елордадан қала сыртындағы полигонға 2 млн тоннадан аса қар шығарылған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан шамамен 300-400 мың текшеге артық көрінеді. Қазір қар шығару жұмысына 500-ден аса техника мен 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылыпты.
– Астана қаласы бойынша арықтар мен нөсер құбырын тазарту жұмыстары да қызу жүргізілуде. 22 мың шақырымдық арық тазартылып, қатқан мұздардың бәрі алынып жатыр. Әрбір жеке тұрғын үйдегі азаматтар ауладағы қарды сыртқа шығарса, коммуналдық ұйымдар қала шетіндегі полигонға тасиды. Елордада ондай 4 полигон бар, – дейді М.Аманбаев.
Сарыбұлақ өзенінің арнасын 1,1 ша­қырымға кеңейту жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын сөз еткен Отын-энер­гетикалық кешені және ком­муналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеев тұрғын алаптар мен су қоймасының қатаң бақылауда екенін атап өтті.
– Майбалық көлінен Нұра-Есіл арнасына дейінгі 5,4 шақырымдық жерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Өзеннің арнасымен жүріп өтіп, тар учаскелерді де анықтадық. Сонымен қатар Газмаш­аппаратура ауданында барлық жұмыстар аяқталды. Қазір ол жер су жіберуге да­йын, – дейді ол.
Жалпы, қаланың әр ауданында тас­қынның алдын алу шаралары қар­қынды түрде жүргізілуде. Алматы ау­даны­на қарасты 76 әлеуметтік нысаннан (26 балабақша, 25-і – орта мектептер мен 21 денсаулық сақтау нысаны, 4 әлеуметтік нысан) қар шығарылған. Ал Байқоңыр ауданындағы жауын-шашын суын қабылдайтын кәріз жүйесі бар 40 көшенің 16-сындағы арық желілері тазартылған. Сонымен қатар Сарыарқа ауданындағы адамдар көп жиналатын саябақтар мен демалыс орындарының, автовокзал, теміржол вокзалы аумақтарының және білім ордаларының аумағы тазартылып, ПИК төрағалары үйлердің шатырындағы қарды тазалау, өздерінің меншікті аумақтарындағы қарды шығару жөнінде түсіндірме жұмыстарымен айналысуда. Есіл ауданында да қар шығару, арық желілерін тазарту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button