ӘлеуметМәдениет

ТАТАР КАРДАШ КЕЛЕДI

ERA_0594

Елордаға арнайы келгелі отырған делегацияны Татарстан президенті Рустам Минниханов бастап келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, ресми тұлғалардан басқа, қоғам қайраткерлері, іскерлік және білім беру салаларының өкілдері келмекші. Олар қаланың өндіріс орындарын аралап, алдын ала белгіленіп отырған бизнес-форумға қатысатын болады.

Татарстанның Астанадағы күндері аясында өткізілетін мерекелік шаралар ел көңілінен шығатынына сенімдіміз. Бұл күні ұлттық мейрамымыз – «Сабантой» аталып өтеді. Бұған дейін Астана және өзге өңірлерде тұратын татарлар бұл мерекені өз деңгейінде атап өткен болатын. Ал, ендігі Сабантой солардың қорытындысы іспеттес.

Мереке 19 қыркүйек Бейбітшілік және келісім сарайында басталады. Осы күні белгілі ғалым Гриф Хайруллиннің «Қазақстанның татарлары» атты энциклопедиясының тұсаукесері болады. Жұртшылық татар халқының салт-дәстүрінен, ауыз әдебиетінен сыр шертетін көрмелерді тамашалап қана қоймай, жас та болса талантты  суретші Данияр Касьяновтың қылқалам туындыларымен таныса алады.  Ал кешкісін  Татарстан өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтеді.

20 қыркүйекте Татарстанның Астанадағы күндеріне байланыс­ты мерекелік шаралар «Ханшатыр» ойын-сауық-сауда орталығы жанындағы алаңда жалғасын табады.  Осыған орай «Дуслык» татар білім беру-мәдениет орталығы «Мен татарша сөйлеймін» атты акция ұйымдастырмақшы. Бұл акцияға кез келген адам қатыса алады. Жұртшылық татардың қанатты сөздерін, салт-дәстүрі, ұлттық мерекелері туралы білетіндерін айтып, татар-орыс сөздігін сыйға ала алады.  Бұған қоса,  Татарстанның өндірістік және ауылшаруашылық көрмесі өтіп, халық татар ұлттық тағамдарынан дәм тата алады. Татарлардың ұлттық мерекесі «Сабантой» елордада алғаш өткізіліп отырған жоқ. «Таң» татар-башқұрт мәдени қоғамы оған биыл тыңғылықты дайындықпен келіп отыр.  Алаңда татар халық музыкасы орындалып, әндер шырқалады. Оған  «Қазан» би  ансамблі, «ЗуЛяЛя», «Казан егетляре» топтары, Хамдуна Тимергалиева, Регина Валиева, тағы да басқа өнер ұжымдары қатыспақ.

Мереке аясында республиканың түкпір-түкпіріндегі татар мәдениет орталықтарынан келген жастардың басын қосып, республикалық сьезд ұйымдастырылмақшы. Онда жас­тар бір-бірімен танысып, ой-пікірлерімен бөлісе алады.

Мереке кезінде күрестен ауыр  салмақтағы республика чемпионаты мен Қазақстан, Татарстан командалары арасындағы матчтық кездесу өтеді. Күресте жауырыны жерге тимеген жеңімпаз палуан темір тұлпар мінетін болады.

Сондай-ақ, сол күні сағат 16.00-де ұлттық кітапханада ақын Фарида Батырбековамен әдеби кездесу өтеді.   Бұл да жыр сүйер қауымға рухани сый болады деп ойлаймыз.

 

Яннат НИЗАМУТДИНОВА, 

«Дуслык» татар білім беру-мәдениет орталығының төрайымы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button