Жаңалықтар

Таяу шығыстағы түйткілдер қандай?

Кеше Астанада белгілі саясаттанушы, шығыстанушы ғалым Расул Жұмалының «Араб пасьянсы. Жүзжылдықтар хроникасы» монографиясының таныстырылымы өтті. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қолдауымен жарық көрген еңбекте ХХ ғасырдың басынан бері қазіргі заманға дейінгі араб әлеміндегі қоғамдық-саяси өзгерістер туралы, бұл өзгерістердің Таяу Шығыс елдеріне және Қазақ­станға әсері жөнінде баяндалады.

kbb_8760

– Отандық саясаттану ғылымында Орталық Азия немесе Қытай бағыты бо­йынша осы күндерге дейін біраз зерттеулер жүргізілді. Алайда Таяу Шығыстағы жағдай саясаттанушы ғалымдарымыздың назарынан тыс қалып жатты. Әсіресе, қазіргі заман оқиғаларын сипаттайтын зерттеулерден тапшылық сезіледі. Бізге бұл тақырыпқа қатысты мағлұмат керек болғанда, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен шетелдік сарапшылардың зерттеулеріне жүгінетінбіз. Содан ой-пікіріміз олардың көзқарасы тұрғысынан түзілетін. Ал әлемде болып жатқан түрлі оқиғаларға Қазақстан ғылымы көзімен, ел ғалымдары позициясы тұрғысынан қарауымыз керек. «Араб пасьянсы. Жүзжылдықтар хроникасы» монографиясы бізге сондай мүмкіндікті беріп отыр, – дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин.

Монография авторының сөзінше, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін, алыс-жақын шетел мемлекеттерімен қарым-қатынас жасап, сол елдермен ынтымақтастық жөнінде түрлі келісімдерге отыруда. Ал мұндай байланысқа сараптамалық тұрғыдан баға берілуі тиіс.

«Әлемде орын алып жатқан өзгерістердің біздің аймаққа, оның ішінде Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін? Қауіп-қатер тудыратын оқиғалардың қалай алдын аламыз? Өзімнің еңбегімде соны ашуға тырыстым. Оны осыдан 10-12 жыл бұрын қолға алған болатынмын. Бірақ белгілі бір себептермен орта жолдан тоқтатуға тура келді. Өткен жылдары араб әлеміндегі жағдай күрт ушығып кеткеннен кейін, Ливияда, Йеменде, Мысырда дүрбелең туып, Сирияда азаматтық соғыс басталғаннан соң, монографияны қайта жазуды жалғастырдым. Шындығына келгенде, шетелдік көздерден берілген ақпарат ақиқатқа жақындай бермейді. Қайткенде де сол ақпаратты тарататын әр елдің өзінің мүддесі болады. Сондықтан өзіміздің көзқарасымыз болсын деп осы еңбекті жазып бітірдім. Өзім он бес жылдай араб әлемі бағытында жұмыс істедім, 7-8 жылдай араб мемлекеттерінде қызметте болдым, сол тәжірибені қағаз бетіне түсірдім» дейді Расул Жұмалы.
Таныстырылымда кітап авторы еңбекке қызығушылық танытқандардың сұрақтарына жауап беріп, монографияның мазмұнын ашты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button