Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана қаражаты қалай жұмсалады?

Қаражат есепті ұнатады. Есеп-қисап сауатсыз жүргізілсе, жоспарланған жұмыстар жүзеге аспайтыны заңдылық. Осы ретте Қаржы басқармасының иығына артылар жүк ауыр екені айтпаса да түсінікті. 

ruslan-dosaev-upravlenie-finansov-g-astany

Қазіргі уақытта Астана қала­сындағы қаржылық жағдай қалай қалыптасып отыр? Бюджет қаржысы қалай игеріледі? Салықтан түскен төлемдер қайда жұмсалады? Мүлікті заңдас­тырудан кіріс бар ма? Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевпен сұхбаттасқанда, осындай сауал­дарға баса назар аудардық.

– Руслан Маратұлы, алдымен Астана қаласындағы қаржылық-бюджеттік саланың жай-күйі жайлы айтып бер­сеңіз.

Руслан Досаев, Астана қаласы Қаржы басқармасының  басшысы:

– Бұл саланы сөз еткенде, әңгімені әріден бастаған жөн. Кейінге көз салсақ, кірістер мен шығыстар бойынша бюджеттің атқарылуы соңғы үш жыл ішінде оң динамикаға ие болғанын көреміз. Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша тұрақты түрде асыра орындау байқалады. Бұдан үш жыл бұрын бюджеттің кірісі жүз пайыздан асыра орындалып, 4 802,9 млн теңге қаржы құралса, өткен жылы да бюджет 102,2 пайызға орындалып, 8 572,5 млн теңге болды.

Мұның ішінде негізгі үлес салықтық түсімдерге келеді. Салықтық әкімшілік етудің жақсаруы, салық органдары тарапынан бақылау-эконо­микалық жұмыстың күшеюі, өткен жылғы берешектерді өтеуі жөніндегі іс-шараларды жүргізу, уәкілетті органдармен өзара іс-әрекетті күшейту нәтижесінде жергілікті бюджетке түсімдердің өсуі қамтамасыз етілді. Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша да бюджеттік қаражаттарды игеруде жақсару байқалады. 2015 жылы алғаш рет соңғы 15 жылдағы жоғары көрсеткіш тіркелді, яғни бюд­жеттік қаражаттарды игеру 99,8 пайызды құрады. Ал 2000 жылы бұл көрсеткіш 99,7 пайыз шамасында болған еді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ШЫҒЫНЫ БАСЫМ

– Бюджеттік шығыстар, негізінен, қай салаларға кө­бірек бағытталады?
– Әлбетте, әлеуметтік шы­ғыстар басымдыққа ие. Бюд­жеттік саясатта білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік көмекке, мәдениетке, спортқа, туризмге бағытталған шығыс­тарға көбірек көңіл бөлінеді. Соңғы бес жылда бұл бағыт оң динамикалық көрсеткішпен сипатталып жүр. Мәселен, 2009 жылы аталған шығыстар 76,5 млрд теңгеге жүргізілсе, 2015 жылы ол біршама жоғарылап, 118,7 млрд теңгені құрады немесе 2009 жылға қарағанда 1,5 есеге артқан болатын. Дағдарысқа қарсы шаралар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Осы бағыттағы шараларды жүзеге асыру барысында экономиканы тұрақтандыруға 2015 жылы республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге алынған еді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 4,8 млрд теңге бөлінсе, ол қаржы жүз пайыз игерілді. Көрсетілген қаражаттардың есебінен келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді: гранттық қар­жыландыру есебінен құрылған жұмыс орындарының саны 14 бірлікті құрады, сондай-ақ пайыздық салымның субсидияларымен қамтылған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 425 бірлікке жетті. Ал жартылай кепілдендірумен қамтылған кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 37 бірлік болды. Бұдан соң индустриалдық инфрақұрылымды дамыту барысында 2 жоба бойынша жұмыстар орындалды. Әлеуметтік шығыс­тармен бірге, бюджет шығын­дарының жоғарғы деңгейі инфрақұрылымдық жобаларға, тұрғын үй құрылысына, көліктік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Осы орайда айта кететін бір жай, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жүргізіп жатқан «Бюджеттік қаражаттарды басқару» бағыты бойынша Астана қаласының әкімдігі қызметтің тиімділігін бағалау жөніндегі көрсеткіштерді жақсарта түскенін айта кеткім келеді. Жоғарыда көрсетілген бағалау 5 жылдан бері жүргізіледі. 2011 жылы бағалау бірінші рет жүргізілген болатын, сонда 2010 жылғы көрсеткіштері негізінде Астана қаласы өңірлер арасында соңғы 16-орында болып еді. Содан 2015 жылы және одан бұрынғы жылдары бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, төмен көрсеткіштерге әсер ететін себептерді анықтап, жақсарту бағытындағы қабылданған шешімдерге орай белгіленген жұмыстар жүргізілді. Мұның бәрі оң нәтиже беріп, өңірлер арасында 2-орынға көтерілдік. Содан кейін бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп,тиімді қызметке қол жеткізу үшін одан әрі жалғастырылды.

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ТОЛЫҚ ИГЕРІЛЕДІ

– Биылғы тоғыз айдағы көрсеткіштер қалай қалыптасты, әсіресе, бюд­жеттің атқарылуын қалай сипаттар едіңіз? Бюджет қаржысының уақытылы игерілмеуі фактісі тіркелген жоқ па?
– Ағымдағы жылдың бірінші қазанына дейінгі есептік мерзімде қаланың бюджетін атқару жөніндегі көрсеткіштер төмендегіше қалыптасты. Қаланың бюджетіне өзіндік кірістердің түсімдерін алып қарағанда, оң динамика сақта­латындығын баса айту керек. Сонымен, өзіндік кірістер бойынша түсімдердің жоспары 105,5 пайызға асыра орындалды, мұны ақшаға айналдырып айтсақ, 8 327,8 млн теңге жоспардағыдан жоғары түскен. Мұнда да негізгі үлес салықтық түсімдерге тие­сілі. Шығыстар бойынша бюджет ағымдағы жылы 377 567,3 млн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджет 161 074,9 млн теңге болса, жер­гілікті бюджет қаражаты – 216 492,4 млн теңге. Биылғы жылдың бірінші қазанына дейінгі жағдайды алып қара­сақ, шығыстар бойынша бюджет 93,6 пайызға игерілді (жоспардағы – 280 560,7 млн теңге, игерілгені – 260 590,2 млн теңге), оның ішінде рес­публикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер 91 пайызға (жоспар­дағы – 120 910,8 млн теңге, игерілгені – 110 018,9 млн теңге) игерілген болатын. Ал жергілікті бюджет қаражаттары 95,6 пайыз (жоспардағы – 159 649,9 млн теңге, игерілгені – 152 571,3 млн теңге) көлемінде игерілгенін айта кеткен жөн. Жалпы, жыл­дың соңына дейін бюджеттік қаражаттарды толық игеруге қол жеткізу жоспарланып отыр. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің алдына бюджеттік қаражаттарды уақытылы және толық игеру, бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижелеріне қол жеткізу жөнінде міндеттеме қойылған болатын. «Нұрлы жол» ин­фра­құрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттардың игерілуіне мониторинг жүргізу мәселесі де ерекше бақылауға алынған. Сондықтан жыл аяғына дейін бөлінген бюджеттің толық көлемде игерілері сөзсіз.

– Астананың жергілікті атқарушы органдары соңғы кезде облигациялар шығарып, қор нарығына қатыса бастады. Бұл қандай мақсатпен жасалған қадам?
– Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бекіткен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамы­тудың мемлекеттік бағдар­ламасы аясында дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру да көзделген. Сондықтан облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру барысында тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында қаражаттар тарту үшін мемле­кеттік бағалы қағаздарды шы­ғарып, қор нарығына қатыса бастады. Облигацияларды шығаруды 0,15 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерімен 20 жыл ішінде әрбір 2 жыл сайын жүргізу жоспарланып отыр. Астана қаласында жалпы көлемі 8 622,2 млн теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен қарыз алуды жүргізу жоспарланған болатын, оның ішінде 2016 жылы – 1 700 млн теңге, 2017 жылы 6 922,2 млн теңге құнды қағаздар шығарылады. Қарыздық қаражаттардың есебінен ауданы 53 133 шаршы метр пәтерлерден тұратын 3 нысан құрылысын жүргізу жоспарланған еді, оны тапсыру мерзімі 2017-2018 жылдарға белгіленді. Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен елордада бағалы қағаздар шығаруды қамтамасыз ету жөніндегі уәкілеттілік Астана қаласының Қаржы басқармасына жүктелді. Елорда әкімдігі өңірлердің арасында бірінші болып ағымдағы жылғы 30 маусымда 1 700 млн теңге көлемінде жергілікті атқарушы органның облигацияларын шығаруды қамтамасыз етті. Келесі жылы
6 922,2 млн теңгеге бағалы қағаздар шығару жүргізілетін болады.ЗАҢДАСТЫРУ НАУҚАНЫ НӘТИЖЕЛІ

– Енді екі айдан астам уақыттан соң елімізде мүлікті заңдастыру акциясы да аяқ­талады. Елорда тұрғындары бұған белсенді қатысып жатқан шығар?
– Иә, мүлікті заңдастыру акциясы биылғы жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін елордада Астана қаласының әрбір аудандық әкімдігінің жанында заңдастыру жөніндегі комиссия құрылды, сол жерде мүлікті заңдастыру үшін құжаттар қабылдау жүзеге асырылуда. Бір ескеретін жай, жылжымайтын мүлікті заңдастыруға құжаттар тапсыру мерзімі 2016 жылғы 30 қарашада тоқтатылады. Басқа мүлікті заңдастыру үшін құжаттар тапсыру мерзімі заңдастыру мерзімі өткенге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей аяқталады. 2016 жылғы 1 қазан­дағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті заңдас­тыру бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарының жанындағы комиссияға жалпы құны 105,9 млрд теңге болатын объектілерді заңдастыруға
8 125 өтініш келіп түсті. Сонымен, комиссия 10 113 тұрғын үй объектісіне 64,5 млрд теңге көлеміндегі өтініштерді қарады. Соның ішінде 40,9 млрд теңге болатын 10 764 тұрғын үй емес объекті бар, оның 1 082-сі – коммерциялық объекті, ол 22,6 млрд теңгеге бағаланған. Сондай-ақ 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі 457,9 млн теңгеге шығып отыр. Тіркелген өті­ніш­тер ішінен комиссия 3 379 өтінішті мақұлдады, соның нәти­жесінде жалпы сомасы 36,9 млрд теңгеге 7 564 объекті заңдастырылды. Астана қала­сында тұрғын үй объектілері – 3 87324,3 млрд теңгеге, тұрғын үй емес объектілер 3 68612,2 млрд теңгеге (оның ішінде ком­мерциялық объектілер – 2776 млрд теңгеге) заңдастырылды, мұндағы заңды тұлғаларға қатысу үлесі 5457,9 млн теңге болды. Астана қаласында заңдастыру басталғаннан бастап барлығы мемлекеттік кірістердің желілері бойынша ақшалай қаражаттарды заңдастыру бойынша 476,2 млрд теңге сомаға 439 арнайы декларациялар ұсынылды, сондай-ақ 8 110 мың теңгеге бағалы қағаздар заңдастырылды. Жалпы алғанда, астаналықтар мүлікті жария ету акциясына жақсы қатысуда. Жыл аяғына дейін бұл сандар еселенері сөзсіз.

Сұхбаттасқан:
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button