Қоғам

Кім болғың келеді?

Көрермен залында бір мыңға жуық оқушы отыр. 9, 10, 11-сынып шәкірттері. Психолог ортаға «Болашақтағы мамандығын кім таңдап үлгерді?» деген сауал тастады. Көпшіліктің жартысынан азы қол көтерді. Қалғаны әлі шешпеген. Бұл қалалық Білім басқармасы мен «Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесу барысында қойылған сұрақ болатын.

2hmna7dr7js4wa4qqbje7ksbb7bp3u

КӘСІБИ МАМАНДАР ТӘЖІРИБЕ БӨЛІСТІ

Ертеңгі кәсібін анықтау – жалғыз оқушыны емес, жаппай қоғамды алаңдатарлық мәселе. Себебі, бүгінгі оқушы – келешектегі маман иесі. Ал бала таңдауы еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыра ма? Тағы да маңызды. Елімізде сондықтан жас өркенге кәсіби бағыт-бағдар беру ісіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, оқушыларды жұмысшы, техникалық мамандықтарға тарту көзделіп отыр. Астанада осы төңіректегі шаралар легі жүйелі түрде өткізіледі. Мәселен, сөз басында аталған кездесуге өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыстарымен таныстыру үшін «Қамқор Локомотив», «BI Group», «Тұлпар-Тальго» ЖШС мен «Астана-РЭК» АҚ қызметкерлері шақырылды.

– Энергетика саласына қалай келгенімнен бастайын. 15 жыл бұрын алдымда мамандық таңдау мәселесі тұрды. Қай университетке оқуға түсемін? Қай кәсіпті игеремін? Сол кезде техника саласын таңдауға кеңес берген сынып жетекшіме әлі күнге дейін алғысымды айтамын. Техникалық сала тек қана ерлердің ісі емес, әйелдерге де жақсы қызметтер баршылық.

Оқуға қабылдандым. Бәрі бірден бола қоймады. Батырсынған мен жатақханадағы электр ажыратқышты ауыстырамын деп бүкіл блоктың жарығы сөніп, достарымның алдында күлкіге қалғаным да бар.

Диплом қолыма тигенде өзімді нағыз инженер-электрик санадым. Жұмыс іздеп барған жерлерімнің бәрі мені тек электромонтер ретінде алуға келісті. «Кәсіби маманмын, инженердің дип­ломы бар, бес жыл электромонтер болу үшін оқыған жоқпын» деп ашуланып кері бұрылатынмын. Төменгі сатыдан бастауға көнгім келмеді де, құрылысқа электрик болып жалдандым. Ештеңе білмейтінімді сол кезде бір-ақ түсіндім. Теория теориямен, ал тәжірибенің жөні бөлек екен. Бірнеше рет кабель өртедім, трансформаторды жара жаздадым. Басшылықтан сөгіс алдым. Кейін сол еңбек өтіліммен электрожелілік компанияның өндірісіне келдім. Тәлімгерім үш күнде бағдаршам құрастыр деп тапсырма берді. Онымнан ештеңе шықпағанда, «Сенде тәжірибе, инженер-электриктің дипломы бар емес пе» деп әбден қызартты. Сосын университетте оқытқан анықтамаларды қайта ақтарып, бәрін практикамен қайта үйлестірдім. Энергетика саласы үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруды талап етеді.

Адам өмірінің көп бөлігі жұмыста өтеді. Сондықтан мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Басты нәрсе – өз ісіңді сүйіп, жасаған жұмысыңнан ләззат алу. Мәселен, «пәленше шағын ауданы жарықсыз қалды» десе, мамандарымыз дереу жетіп, ақауды жөндейді. Адамдардың жарық бергендегі қуа­нышын көргенде, еңбегіміз бекер емес деп біз де бір марқайып қаламыз.

Айлық электриктің кәсіби білік­тілігіне, еңбек өтіліне, жұмыс жүкте­месіне байланысты. Мысал үшін электромонтер орта есеппен 150 мыңға дейін табады. Ал жоғары лауазымды қызметкерлер одан да көбірек алады. Бір жақсысы, электриктер жұмыссыз қалмайды. Тұрақты жұмысың болмаса да, қосымша табысың ортаймайды, – дейді «Астана-РЭК» АҚ орталық диспетчерлік қызметінің басшысы Наурызбек Байтұяқов.

ІШКІ ДАУЫСЫҢДЫ ТЫҢДА

Жастардың сұрақтарын таразылай келе көбінің өз жолы мен қалауын таппай жүргенін байқау қиын емес. Әсіресе, психолог пен оқушы қыздың арасындағы осы диалог көпшіліктің назарын бірден аударды:

– Кім болатынымды әлі білмеймін. Қандай мамандық сұранысқа ие екенін айтыңызшы?

– Қазір белгілі бір мамандық аса қажет болуы мүмкін, бірақ сіз жоғары оқуды бітіргенше оның орнын басқа кәсіп басуы ғажап емес. Яғни, мамандықты оның еңбек нарығындағы орнына қарап қана таңдай салған қателік. Сондықтан, таңдауды өзіңіздің қабілеттеріңіз бен ішкі қалауыңызға байланысты жасаған жөн. Қандай да бір салаға келетін мінезіңізге тән ерекшеліктерді ескеріңіз. Мысалы, стресстік жағ­дайларға төзімді, салқынқанды, дұрыс шешімді тез қабылдасаңыз, хирург бола аласыз дегендей. Сіздің қандай қабілеттеріңіз бар?

– Өте көп.
– Ең күштісі қайсы?

– Білмеймін. Бір жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері болғым келді. Ең өкініштісі, көзім нашар көретіндіктен ол жаққа оқуға түсе алмайды екенмін.
– Осы әлемде не өзгерткіңіз келеді? Жер жүзін қалай жақсартар едіңіз? Бұл өте күрделі, философиялық сұрақты өзіңізге қойып, жақсылап ойланып көріңіз, – деді психолог.

Психологты біз де әңгімеге тартып, мамандықты дұрыс таңдаудың жолын іздедік. Оның айтуынша, адам ең алдымен өзін-өзі зерттеп, қызығушылықтарын анықтап алуы тиіс. «Көпшілігі ұнамсыз жұмыста өмір бойы жүреді. Өйткені, жылдар бойы оқыды, сала ауыстырайын десе, өсек пен айыптаулардан қорқады. Әкең экономист пе? Үлкендердің жолын қайталау міндет емес. Қоғамдық пікірлерге емес, жеке құндылықтарыңызға назар аударыңыз. Сіз не жасағыңыз келеді? Мақсатыңыз қандай? Осы көмекші сұрақтар арқылы өмірден өз орныңызды іздеңіз. Ал жұмыс орны мен айлық қана қызықтырғаны үшін өмірлік маңызды қадам жасамаған абзал. Бұл жерде біреудің айтқаны емес, өзіңнің ішкі дауысың басты рөл атқарады» дейді Бизнес және шешендік өнер академиясының жетекшісі, психолог Данил Файзуллаев.

ТАҢДАУЫҢМЕН ТАНЫСТЫРАДЫ

Жалпы, мұндай кездесулер жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жоғары оқу орын түлектері болашақ кәсібін жоспарлаудағы біліктілігін арттыру, қажетті мамандықтар және жұмыс орындар мәселелері жөнінде кеңестер және ақпараттандыру мақ­сатында ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Астана қаласының Білім басқармасы жоғары сынып оқушылар арасында кәсіби бағдар жұмысының сапасы мен тиімділігін көтеру үшін ұтқыр қосымша – «Кім боламын?» атты жобасын жүзеге асырып жүр. Бұл бойынша оқушылар мамандықтар туралы ақпаратпен танысады, оқу орындарының тізімін зерделейді, психологиялық тестілеуден өтеді. «Сонымен бірге, жастарды жұмысшы мамандықтарға шақыру мақсатында мектеп оқушыларына «Нұрлы жол» бағдарламасының өндірістік мекемелерін аралау мүмкіндігі берілді. Қаланың мектеп түлектері «Цесна-Астық» Концерніне, «Қазақстандық құбыр зауыты» ЖШС, «Астанателеком» ГЦТ, «РоялКомфортАстана», «Тұлпар-Тальго» және тағы да басқа елордадағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарына саяхат жасап, жұмыс берушілермен кездесіп тұрады» дейді Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің методисі Жанар Төребекова. Оның айтуынша, Астанада жыл сайын 8 мың оқушы мектеп бітіріп, болашақ мамандыққа таңдау жасайды. Ендеше, жас талапкерлердің қателеспеуін тілейміз.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Бұл шара Қазмедиаорталығында болған сияқты ғой, солай ма? Бір кісі: «Әке-шешемнің айтқан оқуын оқыдым, бірақ маған электрик болған ұнайтын, ақыры, сол өз арманыма жеттім», -дегендейді де айтты ғой деймін. Солай ма? Мұны сұрап отырғаным кейде ата-аналар балалар үшін шешіп, олардың еркіндігін шектейтн сияқты айтады, дегенмен ешбір ата-ана өз баласына жамандық ойламайды ғой, кейде осындай сөздер айту арқылы «Таяқтың екі ұшы бар» екенін ұмытып кетеміз, ата-ананың айтқанын істемеу керек деген ой қалдырмау керек қой, жалпы есте болсын деп жазып отырмын,

Пікір үстеу

Back to top button