Қоғам

Ұлтымыздың ұлы байлығы кімдер? Ұлы тұлғаларымызды ұлықтай алып жүрміз бе?

Жалпы, елімізде тау тұлғалы таланттарды қадірлеу, оның тірісінде бағасын білу мәдениеті кемшіндеу. Осы төрт-бес жылдың белесінде халқымыз қаншама дарынды перзенттерінен айырылды. Шындап келгенде, олар ұлтымыздың ұлы байлығы еді.

abish

ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТАНЫМ
Биылғы шілде айының соңғы күнінде Ресейдің көрнекті қалам­гері, орыс әде­бие­тінің классигі Фазыл Искандер 87 жасында дүниеден озды. Абхазияның Сухуми деп аталатын шағын қала­сындағы қарапайым отбасында өмірге келген талантты тұлғаның жазу­шы­лық жолы өткен ғасыр­дың елуінші жылдардың ортасынан басталады. 1957 жылы «Тау соқпақтары» деп аталатын тұң­ғыш жыр жинағы жарық көреді. Әсіресе, ол «Чегемнен шыққан Санро», «Таутеке шоқжұлдызы», «Теңіз шаяны», «Балалық шақтың ағашы», «Адамның тұрағы», «Көжек­тер мен айдаһарлар» және тағы басқа көркемдігі келісті шығармаларымен жұрт­шылық­қа жақсы танылды. Әдеби ортада мойындалды. Содан өле-өлгенше қолынан қаламын тастамай, туған халқы мен туған жерінің тарихы мен тамырын, қайғысы мен қуанышын тереңнен толғап жазды. Абхаз елі де аты әлемге танылған перзентін тө­бесіне көтеріп, пір тұтты. КСРО мен Ресейдің мемлекеттік сыйлықтарын ие­ленді. Қаламгерді соңғы сапарға да туған жұрты мен оның шы­ғар­маларын сүйіп оқитын оқыр­­мандары арулап жөнелтті. Ресейдің барлық ақ­парат құрал­дары ол туралы тағы­­лымды хабарлар жасады. Арнайы деректі фильм көрсетті.

ҰЛЫҚТАУҒА ЛАЙЫҚ ҰЛЫПАР
Қыс­қасы, жазу­шыға деген, әде­биетке деген барлық құрме­тін аянып қалмады. Тіпті, билік тарапынан Абхазия астанасынан жазушының есімін мәңгі есте сақтау үшін бір үлкен даң­­ғылға есімін беру туралы айтылды. Міне, өз елі­нің абыройы мен атағын аспан­дат­қан талантқа деген құр­мет осындай-ақ, болар! Біз неге сө­зі­мізді осы жазушыдан бастап отырмыз. Оның себебі де бар…

Біздің қазақ әдебиетінде осы қалам­гермен деңгейлес, иықтас, қалам қа­рымы одан артық болмаса, кем емес жазушы­лар жетерлік. Олар да қазақтың қазыналы тарихын қопара жазып, руханиятымыз бен мәде­ниетіміздің дамуына ерен үлес қосты. Әдебиетімізді шырқау биікке көтерді. Солардың бірі, бірі емес-ау бірегейі – Әбіш Кекілбаев. Абыз ағамыз өткен жылы, дәлірек айтқанда, жел­тоқ­сан айында дүниеден озғанда қазақтың байтақ даласы қобыз­дай күңіреніп кетті. Ғасыр­­лар­да сирек туатын кемеңгерінен айырылғанын сезіп, аһ ұрғаны да рас еді. Ол кісі де Фазыл Искандер секілді әдебиетке «Алтын шуақ» атты поэзиялық жи­нағымен келді. Ауыл өмірінен жазған «Дала балладалары» сынды шығар­малар жинағы Кекілбайұлының кең тынысты эпик, кемел суреткер екендігін көрсетті. Тарихымызды тереңнен толғаған «Үркер», «Елең-алаң» романдары әдебиетімізді биік белеске көтерген шығармалар санатынан орын алды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Асыл азаматтың еліміз егемендік алған шақтағы қай­рат­керлік еңбегі де бір атанға жүк боларлық. Осындай ғажайып тұлғадан айырыл­ғанымызды білгенде, көкіре­гіміз қарс айырылды. Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу да жоғарғы деңгейде өтті. Білетіндер: «Кезінде осындай құрмет Мұхтар Әуезовке ғана көрсетілген еді» деп айтып жатты. Алаштың асыл тұлғасы елорданың іргесіндегі ұлттық пантеонға жерленді. Бәрі де жөн… Алайда, жүрегімізді бір өзекті ой өртеп тұрып алды. Дәл сол мезетте, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дарабоздың есімімен елорданың бір даң­ғылын атағанда жазушының әруағы да, жұртшылық та риза болар еді. Әрине, оның барлығы да кейін рет-ретімен бола жатыр. Дегенмен, «темірді қызған кезде соққан » дұрыс. Өркениетті елдерде таланттарға тірісінде де, өлгеннен кейін де зор құрмет көрсетіледі.

ӨРЕН ЖҰРТТЫҢ ӨНЕГЕСІ
Мәселен, 2009 жылдың қыр­күйек айында халқымыздың тағы бір аяулы азаматы Ақселеу Сейдімбек өмірден өтті. Барлық саналы ғұмырын туған елінің тарихын түгендеп, тегін тануға қызмет еткен, көркем сөз бен көсем сөзде айрықша еңбек сіңірген ардақты тұлға дүниеден озғаннан кейін Астана қаласы әкім­дігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша 2009 жыл­ғы 23 қарашадағы №72 бұй­рығына сәйкес, елордадағы №54 мектеп-лицейіне Ақселеу Сейдімбектің есімін беру туралы шешім шығарылған еді. Алайда, қалалық мәслихаттың ше­шімі шыққанымен, арнайы қаулы әлі жарық көрген жоқ. Ол кісінің өмірден өтке­ніне жеті жылдан астам уақыт өтсе де атал­ған оқу ордасына жазушының есімі әлі заңды түрде берілген жоқ. Кей­де осындай жағ­дайлар жүрегімізді ауыртады.

Ойымызға бір оқиға түседі. Біз онша ұната қоймайтын, бірақ «Иван Денисовичтің бір күні» атты повесімен Сталиндік лагерлердегі өмірді суреттеп, қуғынға түсіп, шет жерде бас сауғалап, өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдардың басында туған еліне оралған орыс жазушысы Александр Солженицын 89 жасында дүние салғанда, Ресей үкіметі қаламгердің жамбасы жерге тимей жатып, оған Мәскеудің бір үлкен көшесіне есімін беріп, оның атындағы әдеби сыйлық тағайындаған еді. Өрелі жұрттың өнегесі осылай болса керек.

Осыдан екі жыл бұрын көр­некті ақын, қазақ поэзиясына өзгеше өрнек әкелген Фариза Оңғарсынова апамыз да дүние­ден озды. Асыл ақын бас қала­мызда өмірінің соңғы жылдарын өткізді. Ақыры топырақ та осы жерден бұйырды. Ұлттық пантеонға жерленді. Өткен жылы ақын тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Туған жері Атырауда еңселі ескерткіші бой көтерді. Алайда, игі іс мұнымен тоқтамаса дейміз. Оған да елорданың ортасынан бір көше бұйырып, мектепке есімі берілсе де артық болмайды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button